Доллар тағы 4 теңгеге қымбаттады
Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясында АҚШ валютасы 370 теңгеге бағаланды. Еліміздің валюта айырбастау бекеттерінде долларды 370-370,5 теңгеге сатып алып, 371,5-372 теңгеден сатып жатыр.
Үкімет басшысы жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасын қымбаттатпауды тапсырды
Жыл басынан бері Қазақстанда қанттың, күріштің, қырыққабаттың, тауық еттерінің бағасы айтарлықтай өскен. ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтың айтуынша, елімізде күріштің қымбаттауына жанар-жағар май бағасының мен коммуналдық шығындардың артуы себеп. "Тауық етінің 50%-ы АҚШ-тан әкелінеді. Бұл ретте оған доллар бағамының өсуі әсер етіп отыр", – дейді министр.
Премьер министр Б.Сағынтаев азық-түлік бағасына қатысты әкімдерге нарыққа азық-түлік өнімдерін молынан шығару, сауда инфрақұрылымын дамыту және делдалдарды жою шараларын бақылауда ұстауды тапсырды.
"Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасы қызу талқыланып жатыр
Құжат жобасы Ашық үкімет порталында, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің сайтында жарияланды. Қазір құжатты педагогтар талқылап жатыр. Олар мұғалімдердің зейнетке шығу жасын әйелдерге – 55 жас, ер адамдарға – 60 жас етіп бекітуді ұсынды.
Сайтта қалдырылған пікірлердің арасында ұстаздарға мереке күні демалыс беру, оларға билік тарапынан қысым көрсетпеу, өз қаражаты есебінен кабинеттерге жөндеуге жол бермеу, 5 күндік жұмыс режимін заңмен белгілеу, жалақысын көтеру сынды ұсыныстар бар. Заң жобасы 2019 жылдын наурыз айында Парламентке жолданады.
Еліміздің байланыс операторлары қолжетімді әлеуметтік тарифтер енгізбекші
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі байланыс қызметтерін төмендету бойынша "Қазақтелеком", "Транстелеком", "Қазтранском", КCell, ҚарТел, Mobile байланыс операторларымен келіссөз жүргізді. Байланыс операторлары келесі айдың соңына дейін байланыс бағасы арзандатылған әлеуметтік тарифтер пакетін әзірлейді.
Демалыс күндері еліміздің автокөлік жолдарынан 250 адам қар құрсауынан құтқарылды
Ауа райының күрт төмендеуіне байланысты республикалық және облыстық деңгейдегі автокөлік жолдары 16 рет жабылды. Төтенше жағдайлар комитеті ауа температурасы төмендеп, қар жауса автокөлік жолдарында көктайғақ болу қаупі туындайды деп ескертеді. Осыған байланысты азаматтарға көлікпен алыс жолға шықпауға кеңес береді.
Алматыда зорлық-зомбылық көрген әйелдер үшін сенім телефондары жұмыс істей бастады
Жергілікті полиция қызметі қалада 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында "Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн" республикалық акциясын ұйымдастырып жатыр. Оның аясында инспекторлар әйелдерге жан-жақты құқықтық кеңес береді. Полиция департаментінің сенім телефондары (254-45-99) іске қосылды. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімшелерінің барлығында да осындай байланыс нөмірлері бар.
Өңірлерде көмір бағасын төмендетуге қатысты келісімдерге қол қойылды
Оған сәйкес қара отын орта есеппен 15-20%-ға арзандайды. ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек мәлімдегендей, Ақмола облысында көмір бағасы 16 пайызға немесе 2200 теңгеге дейін төмендейді. Алматы облысында көмір құны 18%-ға, әр тоннасы үшін орташа есеппен 3 мың теңгеге дейін түсетін болады. Панфилов ауданында 16 мың теңгеден 12 900 теңгеге дейін, Қарасай ауданында 14 500 теңгеден 11 400 теңгеге дейін, Үштөбе қаласында 13 400 теңгеден 11 900 теңгеге дейін арзандайды.
Солтүстік Қазақстан облысында көмір бағасы орташа есеппен 16 пайызға немесе 2100 теңгеге дейін арзандайды. Шымкент қаласында бүгінгі күні 14 700 теңге болса, ендігі уақытта 17 пайызға, яғни 12 150 теңгеге дейін түсуі керек.
Сот "Астана банкін" тарату туралы шешім шығарды
Алматы ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты банкті тарату туралы қаулы қабылдады. ҚР Ұлттық банкі қыркүйекте "Астана банкін" лицензиядан айыру туралы шешім шығарған болатын. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Бір айдың ішінде аппеляциялық шағым берілуі мүмкін.Желтоқсан айындағы мерекелерге орай қосымша пойыз жолға шығады
"Жолаушылар тасымалы" АҚ халық сұранысына сәйкес желтоқсанда үш бағытқа ("Алматы 2 – Шымкент", "Астана 1 – Павлодар", "Астана 1 – Алматы 1") қосымша пойыз іске қоспақшы. Мереке күндері сондай-ақ сұранысы жоғары бағыттардағы пойыздарға 700-ден асатын вагонды қосымша тіркеуді жоспарлаған.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 93 пайызға жетті. Оның ішінде орталық атқарушы органдарда – 91, жергілікті атқарушы органдарда – 95, ал ұлттық компанияларда – 46 пайызды құрады. Мемлекеттік органдар негізінен "Қазтест" жүйесі бойынша сынақ тапсыру, оқыту курстарына қатысу, құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу және уәкілетті орган тарапынан ұйымдастырылатын шараларға қатысумен шектелетін көрінеді.
Baq.kz: 27-29 қарашаға арналған ауа райы болжамы. Қазақстанға күзгі жылылық қайтадан оралады. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарында күндізгі температура +5…15°С градусқа дейін көтеріліп, республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында 0…+ 5°С градусқа дейін жылынады. Тек батыс облыстарда температураның + 2…13° градустан 0…8° градус аязға дейін төмендейді.