Тікелей эфир

Халықтың құқықтық сауатын көтеретін онлайн мектеп ашылды. Жаңалықтарға шолу

Көкшетауды су басты. Еліміздің екі облысында дабылды ескерту жарияланды.

Қазақстандықтар Елбасы Н.Назарбаевтың жұмысына оң баға берді

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жүргізген сауалнама нәтижесі осындай. Сауалнамаға Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және еліміздің 14 облысынынан 1813 адам қатысқан.

Президент орынтағынан өз еркімен кетті, бұл – құрметтеуге лайықты әрекет дейді сұралған қазақстандықтар. Сауалнамаға қатысқандардың 50%-ы тұңғыш Президентке елдегі бейбітшілік пен татулық үшін алғыс айтты. 48%-ы жаңа Президенттің тағайындалуына бейтарап көзқарас танытса, 40%-ы Қ.Тоқаевты мемлекет басшысы лауазымына лайықты деп есептейді.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің туған жері Шамалған ауылына барды

"Атамекен" тарихи-мәдени орталығындағы жүздесуге 3 мыңнан астам адам жиналды. Жерлестері Елбасын ыстық ықыласпен қарсы алып, ел егемендігін нығайту жолында атқарған қызметіне алғыс айтты. Қазіргі таңда елді мекендерді дамыту бойынша көптеген бағдарламалардың қолға алынғанын жеткізген Елбасы ауыл тұрғындарын ел игілі үшін еңбек етуге шақырды.

Бір учаскелік дәрігерге қаралуға екі мыңға жуық адам келеді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың айтуынша, елімізде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету саласында 1044 дәрігер жетіспейді. Екі учаскеде бір дәрігер қызмет көрсететін аймақтар да жетерлік. Мемлекеттік норматив бойынша бір учаскелік дәрігерге 1700 адам қаралуы тиіс.

Министрлік бұл мәселені емханаға тіркелген азаматтардың санын 20-дан 10-ға азайту жолымен шешкелі отыр. Бұл үшін 1157 дәрігер керек. Құзырлы орган елдегі дәрігер тапшылығын жоғары оқу орындарының түлектерін еңбекке араластыру арқылы жоюды жоспарлап отыр.

Көкшетауды су басты

Қылшақты өзеніндегі судың көтерілуі себебінен қаладағы бірқатар үй топан су астында қалды. ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, 31 наурызда Бурабай және Зеренді аудандарына жауған қалың қардың еруі жағдайды тіптен ушықтырып жіберген. Аймақта инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Комитет төрағасының орынбасары М.Құлдықовтың айтуынша, қауіпті жағдай артта қалды, қазір судың деңгейі төмен түсіп келеді. Дегенмен, аймақтың су басу қаупі бар зонасында 600 үй мен нысандар орналасқан. Күні кеше 1 сәуір күні Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин Ақмола облысында, соның ішінде облыс орталығында су басу қаупі бар елді-мекен жоқ деп мәлімдеген болатын.

Қорғаушы Айман Омарованың құқықтық онлайн мектебі ашылды

Жобаның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру. Мектепті Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен Human Rights lawyers қоғамдық қоры іске қосты. 2019 жылдың соңына дейін қазақстандықтар www.womenrights.kz. сайтынан Айман Омарова мен басқа да заңгерлердің кеңесін онлайн режимінде ала алады. Сәуір айының ортасынан бастап жоба толықтай жұмыс істей бастайды.

Жаңа піскен көкөністердің бағасы жыл басынан бері 38 пайызға өскен

Жыл басынан бері (қаңтар – наурыз) Қазақстандағы инфляция деңгейі 1,3%-ды құрады. Азық-түлік өнімдері бұл кезең ішінде 3,8%-ға қымбаттаған. Жыл басынан бері ұн 6,5%-ға, нан 4,5%-ға, күріш 4,4%-ға, тоңазытылған балық 4%-ға, макарон өнімдері 3,5%-ға өскен.

ҚТЖ-ға "Жүк тасымалы" қызмет тарифін көтеруге рұқсат берілмеді

Ұлттық экономика министрлігінің Монополияға қарсы комитеті жүк тасымалдау қызметі тарифін көтеруге рұқсат бермеді. Мемлекеттік органнан хабарлағандай, компания бағаны көтеруге толық көлемде ешбір негізді дәлелді келтіре алмаған.

Осы жылдың ақпан айында компания Комитетке биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап локомотивтік тартқыш құрамдауыш бөлігінде темір жол көлігімен жүк тасымалдау қызметтерінің 7,7%- ға қымбаттағаны туралы хабарлаған. Жүк тасымалына қызмет көрсету құнының өсуін анықтайтын фактор ретінде дизель отынының және локомотивтерге сервистік қызмет көрсету шығындарының өсуі, сондай-ақ жалақының көтерілуі де аталған.

Ақтөбедегі қытай мұнай компаниясы қызметкерлерінің жалақысы өсірілді

"Синопэк Казахстан" жұмысшылары 1 сәуір күні жұмысқа шықпай, жалақыларын көбейтуді талап еткен. Компания басшылығы бұдан кейін жұмысшылармен ортақ мәмілеге келіп, қызметкерлерінің жалақысын санатына сәйкес 15-20%-ға көтеретін болды.

FlyArystan Алматы – Нұр-Сұлтан бағытына бағасы 6999 теңгеден басталатын билеттерін сата бастады

Бұл бағытқа әуе компаниясының ұшақтары күн сайын ұшатын болады. Бірінші рейс 1 мамырға жоспарланған. Билеттерді flyarystan.com. сайтынан броньдауға болады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Елімізде ең төмен күнкөріс деңгейі жоғарылады. 2019 жылғы наурызда ең төмен күнкөріс – 27 405 теңге деп белгіленді. 2018 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,6 пайызға көп.

Baq.kz: Балық аулауға уақытша тыйым салынды. Шығыс Қазақстанда көктемгі уылдырық шашу маусымына байланысты балық аулауға тыйым салынды. Бұл жөнінде 1 сәуірден бастап арнайы бұйрықтың шыққанын ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы хабарлады. Облыстық және аудандық инспекциялардың мамандары кәсіпшілікпен және әуесқойлықпен балық аулауға салынған тыйымды қатаң бақылап, әсіресе Қара Ертіс өзенінің атырауына, солтүстік батыстағы тыйым салынған аймағы мен Тораңғы шығанағына ерекше назар аудармақ.

24.kz: Еліміздің екі облысында дабылды ескерту жарияланды. 2, 3 сәуірде тәулік бойы Ақтөбе облысының кей жерлерінде желдің бағыты оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысады, екпіні 15-20 м/с. 3 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерде тұман тұседі. Шығыстан жел соғады, түнде кей жерлерде 15-20 м/с жетеді, басым бөлігінде күндіз 15-20, кей жерлерде екпіні 23-28 м/с күшейеді. 4 сәуірде кей жерлерде қатты жауын-шашын (қар, жаңбыр) жауады. Кей жерлерде тұман, көктайғақ болады. Желдің күші 15-20, кей жерлерде екпіні 23-28 м/с болады деп күтіледі.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары