Factcheck тілшісі Таңшолпан Төлеген жүзім мен көк шай адам ағзасында вирустың таралуын болдырмауға жақсырақ көмектеседі деген ақпараттың анық-қанығын анықтады.
Жақында БАҚ пен әлеуметтік желілерде америкалық ғалымдар коронавирусты бұғаттайтын үш өнімді анықтады деген ақпарат тарай бастады. Зерттеушілердің пікірінше, жүзім мен көк шай коронавирусқа қарсы жақсы әрекет етеді – олар адам ағзасында вирустың таралуын болдырмауға жақсырақ көмектеседі.
Материал бұл өнімдерде SARS-CoV-2 ферменттер-протеаздарын бұғаттайтын да заттар бар екенін мәлімдейді. Сондай-ақ, ғалымдардың пікірінше, қара шоколад пен какао коронавирус ферменттерінің белсенділігін төмендетуі мүмкін.
Үкім: Манипуляция
Пандемия кезінде организмге коронавируспен күресуге көмектеседі деген түрлі тағам туралы көптеген ақпарат пайда болғанына қарамастан, бұл ғажайып құралдардың ешқайсының ауруға қарсы нақты пайдасы дәлелденген жоқ. Негізінен, көзге түсетін мұндай тақырыптың барлығы – кликбейт және манипуляция.
Әрине, көк шайдың, жүзімнің және қара шоколадтың құрамында көптеген пайдалы зат бар, бірақ олар организмге Covid-19 вирусына қарсы кепілді қорғаныс бермейді және оларды шамадан тыс тұтыну, керісінше, онша пайдалы болмауы мүмкін. Мұндай жағдай үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, тіпті, карантин кезіндегі дұрыс тамақтану туралы жадынама жасады.
Сонымен қатар, осы зерттеулердің коронавирусқа қарсы пайдалы қасиеттерін дәлелдейтін жаңа зерттеулерге қатысты да проблема бар.
Нәтижелердің ресми сипаттамасына сүйене отырып, барлық сынақ in vivo (тірі организмде) емес, in vitro (эксперименттерді "сынауықта" орындау технологиясы) жүргізілген деген қорытынды шығады. Көзге түсетін тақырыптарға жауап берген медицина ғылымдарының кандидаты және жоғары санаттағы дәрігер Павел Шумихиннің айтуынша, бұл зерттеудің пайдалы екеніне үлкен күмән тудырады, өйткені жануарларға, содан кейін жүздеген және мыңдаған еріктіге зерттеу жүргізілмей, осы өнімдердің вирусқа қарсы күресте пайдалы қасиеттеріне сендіру негізсіз және өз уағында емес.
Павел Шумихин: "Іn vitro жағдайында алынған ең көрнекті нәтиже де in vivo-да зерттегенде өте қарапайым болып шығуы мүмкін, өйткені ең керемет зертхана жағдайлары да тірі организмнің шындығынан алыс", – деп түсіндірді.
Қорытынды: қазіргі кезде әлемде коронавирусты жұмсартатын, бұғаттайтын немесе жоятын дәлелденетін бірде-бір тамақ өнімі жоқ, ал қара шоколад, көк шай мен жүзімге арналған зерттеу оларды қолдану тиімділігін растауға негіз бола алмайды.