Тікелей эфир

Еуропа мен Кореяның жоғары оқу орындары қазақстандықтардан білім гранттарына өтінім қабылдайды. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Жаңа жыл түні еліміздің бірқатар облыстарында аяз болады. Қазақстанда көкөніс күрт қымбаттады.

Доллар бірден 5 теңгеге қымбаттады

Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясының қорытындысында АҚШ доллары 379,61 теңгеге сатылса, күндізгі сессияда оның бағамы 381,49 теңгеге тұрақтады. Еліміздің валюта айырбастау бекеттерінде долларды 379 теңгеге сатып алып, 380-381 теңгеге сатып жатыр.

Жаңа жыл түнінде Орталық, Шығыс және Солтүстік Қазақстанда аяз болады

31 желтоқсанда күн қайта суытып, жаңа жыл түнінде ауа температурасы 25-30 градусқа, кей жерлерде 33-38 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Республика шығысында 2 қаңтар күні кей жерлерде 40°С аяз болады. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда да қар жауып, көктайғақ болады. Ауа температурасы – 3-8, кей жерлерде 15-20°С аяз болады.

Батыс өңірлерде Жаңа жыл түнінде қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі, ауа температурасы жылдық орташа климаттық межеге жуық болады.

Еуропа мен Кореяның жоғары оқу орындары қазақстандықтардан білім гранттарына өтінім қабылдайды

"Болашақ" халықаралық бағдарламалар орталығы қазақстандықтарға тегін оқытатын шетелдік оқу орындарының тізімін жариялады. Өтінімдер қаңтар айынан бастап қабылданады. Венгрия қазақстандық түлектерге 250 білім грантын бөліп отыр. Құжаттар тапсыру мерзімі 20 қаңтарда аяқталады.

Финляндия университеттері де отандастарымызға ағылшын тілінде бакалавриат бағдарламасын оқуға мүмкіндік ашып отыр. Өтінімдер 9 қаңтардан 23 қаңтарға дейін қабылданады.

Norwegian School of Economics аталатын Норвегия университеті экономика, қаржы, стратегия, менеджмент және басқа да мамандықтар бойынша шетел студенттеріне ағылшын тілінде магистратура бағдарламасын тегін оқуды ұсыныпты. Құжаттар тапсыру мерзімі 2019 жылдың 15 ақпанына дейін.

Бұдан бөлек, Корея Республикасының Пусан ұлттық университеті де қазақстандықтарды тегін білім алуға (30 квота бөлінген) шақырды. Бұған құжат тапсыру мерзімі келер жылдың көктемінде басталады.

Жедел жәрдем стансасының бригадаларына науқастардың күре тамырын тез табатын жабдық берілді

AccuVein құрылғысы бірнеше сантиметр қашықтықтан 8 мм тереңдіктегі адамның барлық тамырын анықтап алады. Астаналық жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері енді жаңа құрылғы арқылы тамыры анық көрінбейтін науқастарға дәрі-дәрмекті тез егуге мүмкіндік алды. Мамандардың айтуынша, бұл әсіресе жаңа туған сәбилер үшін өте тиімді құрал болмақ.

Түркия 1 қаңтардан бастап туристерге қауіпсіздік салығын салады

1,5 еуро тұратын алым сомасын елге кірген бойда әуежайда төлеу керек болады.

Бастапқыда Түркия билігі адам басына 3 еуродан салық салуды жоспарлапты. Алайда Tursab туристік агенттіктер қауымдастығы бұған қарсы шығып, Түркияның мәдениет және туризм министріне хат жолдап соманы азайтуды ұсынды.

"Миллиондаған туристер 2019 жылға арналған туристік пакеттерді қазан айынан бері жаңа салықтың есебінсіз сатып алып жатыр. Үш еуро былай қарағанда аз сома болу мүмкін, алайда оны төлеу туроператорлардың мойнына жүктелсе, олар миллиондаған еуро шығынға батады", – деп мәлімдеді қауымдастық басшысы Фируз Балыкая.

Бұдан кейін Түркия билігі бір адамға салынатын салық сомасын 1,5 еуроға азайтқан.

Арыстанбек Мұхамедиұлы халықты жаңа жыл түнінде жүгіруге шақырды

Мәдениет министрі бәрін қойып, астаналықтарды жаңа 2019 жылды марафонмен қарсы алуға үндеді. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Жүгіргісі келмейтін, бірақ Жаңа жылды ерекше қарсы алғысы келетіндерді де шақырамын. Жаңа жылды осылай қарсы алу керемет дәстүрге айналуы мүмкін. Үйде отыра бермейік, достар! "Хан Шатыр" жанында Астана әкімдігі концерттік алаң құрып, сахнада әртістер өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлайтын болады.
Жылы киініп, отбасыларыңызбен бірге келіңіздер. Жастар көптеп келіп, осы жерде өз тағдырын тауып, отбасын құрып, оларды табыстырған 2018 жылғы жаңа жылдық жүгіруді ұмытпайды деп сенемін", – деді министр жазбасында.
Сағат 23:00-де "Бәйтерек" монументі маңынан шығып, "Хан шатыр" сауда орталығына дейін жаппай жүгіріп барамыз деп отыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Газдалған сусынының бүйрекке аса қауіпті екені дәлелденді. Газдалған тәтті сусындарды ішу семіздікке алып келумен қатар, бүйректің қатерлі ауруларына да соқтыруы мүмкін. ДДСҰ берген мәліметтерге қарағанда, жер шарының әр үшінші тұрғыны артық салмақтан, шамамен 15%-ы семіздіктің ауыр формаларынан зардап шегеді. Көптеген дәрігерлер мен ғалымдардың айтуынша, бүгінгі таңда мұның басты себебі – қант және тәтті сусындар. Екі жыл бұрын АҚШ зерттеушілері газдалған тәтті сусындарды шамадан тыс ішудің салдарынан жыл сайын 184 мың адам көз жұматындығын анықтаған болатын. Соның басым бөлігі АҚШ және Латын Америкасы елдерінің үлесіне тиесілі.

Baq.kz: Қазақстанда көкөніс күрт қымбаттады. 2018 жылдың желтоқсанында алдыңғы айлармен салыстырғанда қияр – 45,8%, қызанақ – 32,8%, қырыққабат – 18,3% қымбаттады.

Пияз – 6,3%, сарымсақ – 5,5%, картоп – 2,7%, қызылша – 1,2%, сәбіз – 0,6% қымбаттаса, алма 0,7% арзандаған. Тары – 1,4%, ұн – 0,9%, нан, сұлы жармасы, күріш – 0,4% қымбаттаған.

Тауық еті – 2,5%, қой еті мен жылқы еті – 0,8%, шошқа еті – 0,7%, сиыр бауыры – 0,6%, жартылай қақталған шұжық – 0,5%, сиыр еті – 0,4% қымбаттаған.

Сүт – 3,1%, жұмыртқа – 2,4%, күнбағыс майы мен майонез – 0,8%, өсімдік майы – 0,7%, маргарин – 0,6% қымбаттай түскен. Сонымен қатар, арақ (1,3%) пен қара шай (0,6%) да қымбаттаған.

Серіктестер жаңалықтары