Тікелей эфир

Елордада ерекше сұлулық салоны ашылды

Бір ай бұрын Нұр-Сұлтанда ерекше сұлулық салоны ашылды. Бұл жерде есту және көру қабілеті төмен қыздар жұмыс істейді.

Әлеуметтік жобаның авторы, елорданың 30 жастағы тұрғыны Гүлнәр Жәркенова Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының арқасында өз идеясын жүзеге асыра алды.

Гүлнәр Жәркенова әрқашан тығырыққа тірелген адамдарға көмектесуге асығып тұрады. Әлеуметтік қызметкер ретінде білім алған ол бизнеспен айналысуға бел буғанға дейін бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттікте жұмыс істеген және қолдауға, қамқорлыққа мұқтаж әйелдер мен балаларға жиі жолыққан.

"Жұмыс барысында маған "Сәбилер үйі" немесе "Аналар үйі" сияқты әлеуметтік мекемелерге бару керек болатын. Ал ондағы тағдырларды көргенде бей-жай қалу қиын, бұл адамдардың шарасыз күйі сізді көп нәрсеге басқаша қарауға мәжбүр етеді. Мен барлығына көмектесіп, қоғамға пайдалы болғым келеді", – дейді кейіпкеріміз.

Бірде ол сұлулық салонында істеуін армандап жүрген мүмкіндігі шектеулі қызбен кездеседі. Бойжеткен тырнақ жасау шеберлігін оқығанымен қоймай, қолынан нақты іс келгенімен, жұмыс таба алмай дағдарған.

"Мен әрдайым осы қызға және басқаларға көмектессем, мүмкіндік беріп, жұмыспен қамтамасыз етсем шіркін, оқытып, олардың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуін қамтамасыз етсем деп қиял құшағына енетінмін. Бірақ мұның бәрі жүрек түкпірінде сақталып тұрғанымен, әрі қарай іске аспады. Міне, осылай алаңдаулы күй кешіп жүргенде, өткен жылы "Еңбек" бағдарламасы мен "Бастау-Бизнес" жобасының мүмкіндіктері туралы білдім. Содан әрекетке кірісіп, әлеуметтік сұлулық салонын ашуым керек екенін түсіндім", – дейді әлеуметтік кәсіпкер.

Гүлнар кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант иеленген соң, сұлулық салонына қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Осы уақыт ішінде оны бизнес-курс кезінде өзіне бекітілген бизнес жаттықтырушысы қолдап келеді. Мемлекеттік бағдарламаға қатысушының пікірінше мұндай қолдау мен сүйемелдеу ісін жаңа бастаған кәсіпкер үшін өте маңызды.


Гүлнар Жаркенованың жеке мұрағатынан

Гүлнәр Жаркенованың жеке мұрағатынан


"Біздің салон барлық қызмет түрлерін ұсынады. Барлық шеберлер есту және көру қабілеті бұзылған қыздар. Олар шаштараз бен маникюр қызметтерін, шугаринг, кірпікті ұзарту және массаж қызметтерін атқарады. Барлығы жеті жұмыс орны құрылды. Менің ойымша, бұл қазірдің өзінде жақсы нәтиже. Өйткені кем дегенде жеті мүмкіндігі шектеулі нәзік жанда жұмыс бар, бойларында болашаққа деген үміт пен сенім сезімі оянып, алға жетелеуде", – дейді Гүлнәр Жәркенова.

Барлық шеберлер жаңа әлеуметтік сұлулық салоны туралы ұзынқұлақтан естіген. Көпшілігі – нашар еститін жандар кіретін қордың мүшесі, онда саналуан курстарда көкжиегін кеңейткен. Сондықтан барлығында қажетті дағды қалыптасқан.

"Кейде жөн сілтеп жіберу керек болғанымен, қыздардың түгелі өте талантты, тез қағып алады. Мен оларға бірдеңеге көрсетсем, олар маған ыммен сөйлесуді үйретеді. Бір ескерерлігі, ерекше сезімтал болғандықтан, әр нәрсеге қатты уайымдап, толқиды. Оларды үнемі қолдауға тырысып, сенім беруге тырысамын. Клиенттер болса, оларды бірден қабылдамай, үрке қарайды. Мүгедектігі бар адам өз жұмысын жөнді істей алмайды дей ме, кім білсін. Мен, керісінше, шеберлерімнің басқа мамандардан еш айырмашылығы жоқ екенін, тіпті міндеттерін жақсырақ, асқан ыждаһаттылықпен, шын жүректен орындайтынын дәлелдеп бағамын", – деп ағынан жарылады салон иесі.


Гүлнар Жаркенованың жеке мұрағатынан

Гүлнар Жаркенованың жеке мұрағатынан


Гүлнәр Жәркенова әлеуметтік сұлулық салонының болашағы бар екеніне сенімді. Ол өзінің сүйікті ісін тапқанын және бұдан да көп мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмыс беруді жоспарлап отырғанын айтады.

Гүлнәр – "Бастау Бизнес" жобасы бойынша 2020 жылдың 9 айында оқудан өткен 1 502 астаналықтың бірі. Оқытуды аяқтағаннан кейін 397 адам грантқа ие болды.

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елордада жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары 15 738 адамды қамтыды, оның ішінде 6 807 адам тұрақты жұмыс таба алды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары