Тікелей эфир

Тарихшы Жақсылық Сәбитов: Нағыз қазақтар көк көзді еуропеоидтер болған деген түсінік қате

Тарихшы ғалымдар қазақтардың ежелгі ата-бабасының сырт келбетінің қандай болғанын айтты.

Елде бірінші болып қазақтардың ата-бабасы еуропеоид нәсіліне жатады деген концепцияны антрополог ғалым Оразақ Смағұл ұсынды. Ол өзінің 60 жыл уақытын арнап жазған "Қазақ халқының шығу тегі" атты еңбегінде Қазақстан территориясын 4 мың жыл мекендеген тайпалардың генетикалық жақындығы, туыстық қарым-қатынасы, көші-қоны, орналасуына қатысты морфофизиологиялық және генетикалық көрсеткіштерге негізделген тарихи фактілер келтірді. Осы орайда, отандық ғалымдар жер бетінде бірде-бір таза раса жоқ екенін айтады.

Ғалым палеоантропология (көне замандағы адамдардың бас сүйек қаңқасын зерттейтін сала), этникалық краниология (бас сүйек), серология (қан жүйелері), соматология (бас-дене құрылысы), одонтология (тіс құрылысы) мәселелерін зерттей келе 40 ғасырға жуық уақыт қазіргі, орта ғасырлардағы және ежелгі Қазақстанды мекендеген тайпалардың генетикалық құрылымын анықтады. Сондай-ақ, Оразақ Смағұл қазіргі қазақтар мен қола дәуірі тұрғындарының ортақ жалғастығы барын дәлелдеді.

"Әр өңірдегі көне еуропеоидтардың өзіндік аймақтық ерекшеліктері болған"

Оразақ пен Айнагүл Смағұл бірігіп жазған монографияда қазіргі қазақтардың ежелде территориясын мекендеген тайпалармен сабақтастығы бары туралы жазылған. Яғни қазақтарда еуропеоидтық ерекшеліктер сақталған.

"Қарапайым оқырман мәліметті биологиялық, физиологиялық зерттеулер жүргізіп жүрген мамандар деңгейінде түсінбеуі мүмкін. Ежелде Қазақстан территориясын мекендеген еуропеоидтардың көзінің көк, шашының сары болуы, бұл – екінші дәрежелі белгілер ғана. Сондай-ақ, ежелгі және қазіргі еуропеоидтардың айырмашылығы жер мен көктей. Осыдан 4 мың жыл бұрын Алтай мен Каспийге дейінгі аралықты мекен еткен қазіргі қазақтардың ежелгі ата-бабалары бет-бейнесі, дене құрылысы, қаңқа сүйегі жағынан көне еуропеоид болған. Сондай-ақ, әр өңірдегі көне еуропеоидтардың өзіндік аймақтық ерекшеліктері болғанын түсінуіміз керек. Соның ішінде Қазақстан жерін мекендеген еуропеоидтардың беттері жалпақ, аласа, мұрындары қоңқы, маңдайлары тайқылау келген. Олар қазіргі қазақ расасының түзілуіне негіз болған адамдар. Қалай болғанда да, ең түпкі арғы атасы", – деді тарихшы Оразақ Смағұл.

Әрі қарай антрополог ғалым Жер бетінде бірде-бір таза раса жоқ екенін айтты. Ал тарихшы Жамбыл Артықбаев қазақтардың ежелгі ата-бабасының еуропеоид нәсілді болғанын дәлелдесек те, олардың көзі көк, терісінің түсі сары болғанын дөп басып айту қиын екеніне тоқталды.

"Еуропеоидтардың көзі көк, ал терісінің түсі сары болғанын ешқашан дәлелдей алмаймыз"

"Мысалы, ирандықтарды алайық. Олар еуропеоид нәсіліне жатса да, шашы қара, терісі қоңыр, ал көзі қоңыр немесе қара болып келеді. Оразақ Смағұл ағамыздың зерттеу жұмысын толықтай қолдаймын. Өзім де зерттеу барысында қазақ этногенезінің еуропеоид болғанын дәлелдейтін көптеген факті таптым. Ерте кезеңде қазақтардың ата-бабаларында еуропеоид белгілері басым болса да, кейін олардың монголоид белгілерімен алмасқанын көруге болады. Еуропеоид белгілерінің басым болғанын ДНҚ зерттеулері де дәлелдеп отыр. Қазақстан территориясында өмір сүрген адамдарда еуропеоидтік белгілер болғанын еуропа тілдік семьясының түркі тілдерінен кейін ажырағандығынан білуге болады. Көне қазақ тілі Еуропа тілдеріне өте жақын. Мысалы, ағылшын тіліндегі eyes сөзі. Қазақта осыған ұқсас "айыз" деген сөз бар және ол "айызым қанды" деген секілді тіркесте көз мағынасында қолданылады. Ежелгі адамдардың сүйегі мен дене бітіміне қарап еуропеоид болғанын айтсақ та, ешуақытта көзі көк, ал терісінің түсі сары болғанын дәлелдей алмаймыз. Әзірге бұларды анықтауға арналған ғылыми зерттеу әдістемесі жоқ", – деді Жамбыл Артықбаев.

"Қазақтардың есімі әдейі өшірілген басқа да бабалары болған"

Тарихшы Жақсылық Сәбитов көптеген тарихи концепция астарында саясат жатқанын айтады. Оның пікірінше, Андрондықтар – қазақтардың бабаларының бірі. Есімдері әдейі өшірілген басқа да бабалары болған. Яғни қазіргі заман қазақтарының Қазақстанды ежелде мекен еткен тайпаларымен антропологиялық байланысын көрсете отырып, ұлттың осы территорияны иемденуге құқығы бар екенін дәлелдеу үшін қажет болды.

"Қандас туысқандыққа" қатысты концепция халыққа келесідегідей жетті: "Біздің бабаларымыздың (нағыз қазақтар) көзі көк және өздері еуропеоид болған. Бірақ Шығыс Азиядан келген көшпелілер (моңғолдар) легі қазақтардың сырт келбетін бұзды". Бұл аңызды мысалмен түсіндірейін. Мысал ретінде екі әжесі мен екі атасы бар адамды алайық. Осы адам басқаларға қарағанда нағашы әжесімен жақындығы барын жиі ауызға алады. Себебі, оған марқұм әжесі Алматының қақ ортасынан 14 бөлмелі пәтер сыйлап кеткен. Бұл адамда әжесімен осы үйде бірге тұрғаннан бөлек, өзге де ұқсастықтары болуы мүмкін. Немересі әжесін өзіне жақын тарту арқылы ақырындап басқа мұрагерлерді ығыстырады. Дәлірек айтсақ, мұның астарында материалдық құндылық жатыр. Бұл аңыз антропологиялық доктрина негізінде шығып отыр. Аталған доктрина қазақ халқының ежелде Қазақстанды мекендеген тұрғындардың краниологиялық мұрагері екенін көрсетті. Сондай-ақ, бұл саясат Қазақ ССР саяси элитасы үшін тиімді болды. Осы секілді Есік қорғанынан табылған "еуропеоид" нәсілді сақ тайпасының тәуелсіз Қазақстанның символына айналуы таңғаларлық жағдай емес. Қорыта айтқанда, "Нағыз қазақтар көк көзді еуропеоидтер болған" деген тезис қате. Қалай десек те, "атаңыздың тойы – атаңыздыкі". Көк көзді еуропеоидтар, яғни андроновтықтар қазақтардың бір бабасы ғана, оны жалғыз бабасы деп айта алмаймыз", – деп түсіндірді Жақсылық Сәбитов.

Осы орайда, тарих ғылымдарының докторы Асылбек Ізбайыров ежелгі адамдардың көзі мен терісінің түсін сол кезеңде жазылған тарихи қолжазбалар арқылы анықтауға болатынын айтады. Сондай-ақ, ғалым ежелгі адамдардың еуропеоид нәсілді болғаны туралы пікірмен келісетінін жеткізді.

Серіктестер жаңалықтары