Тікелей эфир

Қара шыбыннан жасалған тыңайтқыш ауыл шаруашылығын қалай дамытады?

Ғалымдар бұл тыңайтқыштың бір тоннасы құнары жөнінен 15 тонна көңге тең екенін айтып отыр.

Ғылыми атауы – Нermetia illucens, ал адамдар арасында "қара сарбаз" деп аталатын шыбынның дернәсілдері органикалық қалдықтарды табиғи таза тыңайтқышқа айналдырып қана қоймай, ақуызға бай құрама жем жасауда таптырмас дүние. Қазақстанда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми-технологиялық паркінде қазіргі таңда шыбыннан агросекторға тиімді өнімдер дайындау жолға қойылған. Технопарк инженері Ермек Тауасаровтың айтуынша, бұл бірден үш өзекті мәселені шешуге мүмкіндік берді:

  • органикалық қалдықтарды кәдеге жарату;
  • экологиялық таза органикалық тыңайтқыштар алу, көкөніс пен жемістер, тіпті дәнді дақылдардың сапасын арттыру;
  • ақуыздарға бай өнім алу.

Мұндай әмбебап тыңайтқыш жылыжай фермалары мен гүл сататын дүкендерде жоғары сұранысқа ие. Құрттарды әртүрлі үй жануарларына, одан бөлек, балық, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар, сонымен қатар құстар мен кеміргіштердің кей түріне жем ретінде пайдалануға болады.


Оқи отырыңыз: ҚазҰУ ғалымдары суда еріп, толық ыдырайтын биологиялық пластик әзірледі


"Қара сарбаз" шыбынының дернәсілімен қоректенген үй құстары жұмыртқаны 15-20 пайызға артығырақ табады және ауырмайды. Тіпті енді ғана жұмыртқаны жарып шыққан балапан да бірінші күннен бастап осы құрттармен тамақтана алады.

Ірі қара малдың азығына қара сарбаз шыбынының дернәсілін ұнтақтап араластырса, дертке шалдығуы азайып, сүт өнімділігі артады. Мұндай малдың еті де құнарлы болмақ. Өйткені, құрттардың денесінде барлық аминқышқылдар, соның ішінде лизин және метионин сияқты биологиялық құнды заттар бар. Сондай-ақ, аталмыш құрттардың биомассасы ферменттерге, дәрумендерге және пайдалы микроэлементтерге бай.

Технопарк инженерінің айтуынша, "қара сарбаз" шыбынының дернәсілдері арқылы тыңайтқыш алу Еуропа мен Ресейде соңғы он жылда ғана белең алып келеді. Бұған дейін Америка, Индонезия, Қытай және Жапонияда осы технология кеңінен пайдаланылған. Бұл құрттар пластмасса, темір және полиэтиленнен бөлек, кез келген органикалық қалдықты қорек етеді.

"Шыбындар арнаулы инсектарийде өмір сүреді. Ең басты қажеттілігі – жарық, жылу, ылғалдылық. Мұнда ылғалдылық деңгейі 70 пайыз болуы керек. Бөлме температурасы 25-28 градус деңгейінде сақталады. Одан бөлек, арнаулы құралмен үнемі су шашып отырамыз. Шыбынның жұмыртқасы құртқа айналу үшін жеті күн уақыт кетеді. Олар тамақ салынған арнайы ыдыста өседі. Қорегі 1/3 қатынаста кебек пен қалдықтардан дайындалады", – дейді жылыжай маманы Сабыр Темірбаев.

Қазір көптеген адамдар азық-түліктің экологиялық таза болуы керек екенін түсінеді. Осындай биошірінді араласқан топырақ құнарлы болып қана қоймай, өнімділігі де 2-3 есеге артады, одан да көп болуы мүмкін. Батыс елдерінде "қара сарбаз" шыбынынан алынған зоогумуста өсірілген көкөністер көңге немесе минералды тыңайтқыштарға қарағанда әлдеқайда қымбат.


Оқи отырыңыз: Бидай сабанынан – биоэнергия. Ол мұнай мен газға тәуелділіктен құтқара ма?


Табиғи таза тағам түрлерін тұтынса, экологияның теріс әсеріне қарсы тұруға көмектесетін биологиялық белсенді заттар адам бойына жеткілікті дариды. "Қара сарбаз" шыбындарының дернәсілдерінен алынған зоогумус малдың немесе шошқаның тезегінен дайындалған тыңайтқыштарға қарағанда қауіпсіз. Өйткені, екіншісінде гелминттер мен патогенді (ауру туғызатын) микроорганизмдердің жұмыртқалары кездеседі. Ал оқу ордасында дайындалатын органикалық таза тыңайтқыш мұндай зиянкестерден ада.

"Құс фермаларынан ай сайын мыңдаған тонна қалдық шығады. Күніне кем дегенде 100-150 келі қалдықты өңдеу үшін 20-50 кг шыбын дернәсілі қажет. Бұл құрттар тек тағам қалдықтары ғана емес, мал мен құстың тезегін де өңдей береді. Бірақ, ол кезде өсу циклі аздау болады, тез жетілмейді. Өйткені, тезектің құрамында аммиак, азотты қоспалар көп. Өсіп жетілген құрттар қуыршаққа айналып кебеді. Қазіргі таңда қоректік зат ретінде әртүрлі қалдықтармен тәжірибе жасап жатырмыз. Мысалы, нанды кебекпен араластырып бергенде құрттар тез өсіп жетілетінін байқадық. Зоогумустың басты артықшылығы – оның құрамында макро, микро элементтер көп әрі концентрациясы өте жоғары. Мысалы, 10 литр суға 20-40 гр зоогумус салсаңыз жеткілікті. Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті шыбындармен салыстырғанда "қара сарбазда" токсинді заттар болмайды. Өйткені, олар тек сумен қоректенеді", – дейді Ермек Тауасаров.

Ғалымдардың құстарға, шошқаларға, балықтарға, егеуқұйрықтарға және басқа заттарға жүргізген зерттеулері құрттардың ұны тағамдық құндылығы жағынан ет пен сүйектен және балық ұнынан кем түспейтінін көрсетті. Бұл ретте тамақ өнімдерінің шығындары 40 пайызға дейін қысқарып, өзіндік құны 33 пайызға дейін төмендейді.


Оқи отырыңыз: "Тұмау шәрбаты". Қазақ ғалымы дәрілік шөптерден түрлі вирусқа қарсы тұнба әзірледі


Мамандардың айтуынша, шыбын дернәсілінен алынған зоогумуста өсімдіктер тікелей сіңіретін көптеген қоректік заттар, дәрумендер, антибиотиктер, аминқышқылдар мен пайдалы микрофлора жинақталған. Ол топырақтың физика-химиялық қасиеттерін жақсартады. Әрі қоректік заттардың шайылып кетуіне жол бермейді, зиянды тұздар мен фитотоксикалық элементтердің, радионуклидтер мен ауыр металдардың әсерін азайтады. Топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру қабілеті бойынша бір тонна зоогумус 15 тонна көңді алмастырады. Мәселен, бір гектар алаңға 3-6 тоннасы жеткілікті. Зоогумустың артықшылығы – бұл өрістерде арамшөптердің көбейіп кетуіне жол бермейді. Ал кәдімгі көңді тыңайтқыш ретінде пайдаланса, сол жердегі арамшөптердің үлесі 30 пайызға артады.

Сонымен қатар зоогумустағы гумин қышқылдарының мөлшері қарашірікке қарағанда 1,5 есе жоғары, биогумуспен салыстырғанда фульво қышқылдарының мөлшері 4 есе көп.

Мұндай тиімді технологияны ауыл шаруашылығында пайдалану бірнеше түйткілді мәселенің түйінін шешеді:

  • полигондарға тоғытылып жатқан тұрмыстық қалдықтарды азайтады;
  • химикаттармен ластанған аграрлық аймақтар мен ағын суларды табиғи қалпына келтіреді.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары