Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнындағы ғалым-сарапшылармен кездесу өткізді. Онлайн форматта өткен жиынға қатысушылар Қазақстан тарихында алғаш рет орын алған қаңтар оқиғасын талқылады.
"Қаңтар оқиғасына ғылыми тұрғыда талдау жасап, себебін анықтау, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы бойынша ұсыныстарды дайындау қажет. Парламентте сөйлеген сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев толық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандыру, шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу сынды нақты міндеттер қойды", – деді университет ректоры.
Оқи отырыңыз: Ерлан Қарин: Қаңтар оқиғаларына біржақты "террорлық шабуыл" деген баға берілуі керек
Күллі Қазақстанды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасына ғалымдар сараптамалық баға берді.
Қаңтар оқиғасын "лаңкестік" деп атауға болады
Алуа Ибраева, Мемлекеттік және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы меңгерушісінің орынбасары:
– Мен негізгі үш мәселеге тоқталғым келеді. Ең бірінші, құқық қорғау органдарына ерекше көңіл бөлу керек. Себебі, бізді қорғайтын – осы азаматтар мен азаматшалар. Ал онда қызмет атқарып отырған полиция қызметкерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайлары төмен. Сондықтан ең алдымен полиция қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау қажет. Олардың жұмыс уақыты 12-15 сағатқа дейін созылып жатады. Сол себепті мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетілуі керек.
Қаңтар оқиғасын "лаңкестік" деп атауға болады. Президенттің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерін елге кіргізгені дұрыс шешім деп санаймын. Кез келген мемлекетте осындай жағдай орын алуы мүмкін. Кенеттен жасалған соққыға көптеген елдер өз күшімен тойтарыс бере алмай қалатынын ескерген жөн. Ал бізге бағытталған шабуыл лаңкестік актісі болды деп санаймын. Сол арқылы ел-жұрт арасында үрей тудырып, сайып келгенде, билікті құлатуға талпынды деуге болады.
Менің ойымша, барша елге құқықтық білім мен құқықтық тәрбие керек. ҚазҰУ оқытушылары Конституция мен құқықты мықты білуі қажет, сондықтан менің ұсынысым – барлық ЖОО мұғалімдеріне құқық туралы курсты МООК платформасында өткізу керек. Оны әр оқытушы мен студент пайдалануына болады. Құқық және Конституция туралы, адамның құқығы мен міндеттерін кеңінен айтып, үйрететін мықты бір курс ұйымдастырған жөн.
Оқи отырыңыз: Елдегі тәртіпсіздік кезінде зергерлік және көлік дүкендері аса ауыр зиян шеккен
Арандатушылар мен терроршылардың мақсаты – елді бірлігінен ажырату
Аманжол Қалыш, Археология, этнология және мұражайтану кафедрасының профессоры:
– Cоңғы уақытта елімізде болған ауыр оқиға кім-кімге болсын оңайға соққан жоқ. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Осы болған жайттарға "бір жеңнен қол, бір жағадан бас" шығарып ұйымдасып, ғылыми талдау жасауымыз қажет. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын баса назарға алып, қаңтар оқиғасының түпкі себебіне үңілуіміз керек.
Халықтың әлеуметтік деңгейін көтеріп, табысын жоғарылату – бүгінгі күннің басты мәселесі. Батыс өңірінде басталған бейбіт шеру жаппай күллі өңірлердің де үн қосуына ұласты. Соңы баршамызға белгілі болғандай, арандатушылар мен террористердің ықпалында қалды.
Қазынаның үстінде отырған Қазақстанның әрбір азаматы бақуатты өмір сүруге лайық деп есептеймін. Ол үшін бәріміз төрт құбыламыз түгел, жұдырықтай жұмылып, бірлікте жұмыс істеуіміз керек. Қитұрқы арандатушылар мен терроршылардың мақсаты – елді бірлігінен ажырату. Билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Тарихқа қарап сабақ алатын болсақ, бұның ақыры революциямен аяқталған. Басты мақсат ел мүддесі болуы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде елдік мәселелерді көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Бүгінгі қиын-қыстау заманда әлдебір саяси ойындардың құрбанына айналып кетпеу үшін Президентіміздің алдағы болашаққа қатысты жоба-жоспарлары мен реформаларын ел болып қолдау – баршамыздың міндетіміз.