"Айлық табысы – бір миллион теңге". Мобилография қандай мамандық?

Қазіргі таңда үлкен мамандықтардың жіктелу дәуірі жүріп жатыр.

Технология дамыған сайын түрлі жаңа мамандық пайда болып жатыр. Мысалы, Instagram өмірімізге енгелі бері кәсіби фотоға түсіретін фотограф, жазба жазып беретін копирайтер, оны дұрыс жарнамалайтын таргетолог сынды мамандарға сұраныс артты. Ал Tik-Tok танымал бола бастағанда мобилографтардың жұлдызды шағы басталды. Олар кімдер және немен айналысады? Неге мобилография болашақ мамандығы аталып жүр? Информбюро тілшісі мамандардан сұрап көрді.


Оқи отырыңыз: WhatsApp, TikTok, Roblox. Қазақстандық балалар қандай мобильді қосымшаларды жиі қолданады?


 

"Мобилография сөзін біршама жолмен түсіндіруге болады. Ең қарапайым жолы: "Мобиль" – "мобильді телефон", ал "граф" – "жазу, сипаттау, суреттеу". Яғни, телефон қолдану арқылы видео түсіру дегенді білдереді. Ал, терминмен ашып айтатын болсақ, "мобилиус" – "қозғалмалы, жылжымалы (динамикалық)". Қысқаша айтқанда, қозғалыста суреттеу дегенді білдіреді", – деп түсіндірді интернет-маркетолог Алмас Нахыпбек.

Оның айтуынша, мобилография – видео түсіру саласының бір бөлшегі. Қазіргі таңда үлкен мамандықтардың жіктелуі дәуірі жүріп жатыр. Мысалы, журналистикадан копирайтер бөлініп шыққанындай, видеографиядан мобилография шыққан.

"Мобилографияның медиадағы ұтымды тұсы орасан. Бұрын медианы тек арнайы соған арналған мекемелер ғана жасайтын еді. Қазіргі таңда медиа бастау үшін әлеуметтік желінің өзі жеткілікті. Ал, белгілі бір ақпаратты тез, динамикалық түрде, шынайы етіп жеткізу жолында мобилография үлкен рөл ойнайды", – дейді ол.

Маманның айтуынша, мобилография да басқа салалар секілді қолдану мақсатына бірнеше тармаққа қарай бөлінеді. Жаңалық тарататын медиа үшін мобилография – түрлі динамикалық кадр түсіріп, оңай монтаждап, халыққа тез жеткізетін құрал. Бизнес үшін – өнімін шығыны көп продакшн жалдамай, аз бюджетпен сатуға арналған құрал. Сонымен бірге, бизнестің жүріп-жүрмейтінін тез, әрі аз шығынмен анықтауға көмектесетін қызмет түрі. Ал, мамандық ретінде қарайтын болсақ, универ секілді мекемелерге жылдар арнамай, аз уақыт ішінде негізгі білімді игеріп, өте көп тәжірибе жасаумен видео саласында маман болуға көмектесетін мүмкіндік.


Оқи отырыңыз: 239 жаңа мамандық. Болашақ кәсіпті қалай таңдауға болады?


"Неге танымал болып кетті? Егер жалпы айтатын болсақ, оған әсер еткен факторлар көп. Технология дамуы, әлеуметтік желінің дамуы, жарнама түрінің дамуы және тағы басқа себептер бар", – дейді Алмас Нахыпбек.

Маманның ойынша, мобилографияның болашақ мамандығы аталуына оның игеруге оңай болуы (4 жыл оқымайсың),  нәтижесін жылдам көруге болатыны негіз болған. Дегенмен, қазіргі таңда  мобилографияның өзі біршама тармаққа бөлініп кеткен. Олар:

  • таргет жарнамасын жасауға видео түсіретін мамандар (видео креатив жасаушылар);
  • тикток видео түсіретін мамандар (тикток оператор);
  • имидждік видео түсіретін мамандар;
  • cторисмейкерлер (видео мен графиканы біріктіріп, гибридті түрде Instagram стористерін жүргізетіндер) және де тағы басқа.

"Жоғарыда айтылған мамандардың барлығы телефон арқылы видео түсіреді. Алайда, мақсатына қарай түрлі инструмент, түрлі форматтар қолданады. Әрбірі өз бетінше болашақ мамандық атауына ие", – дейді Алмас Нахыпбек.

Мәселен мобилограф Айгерім Ерғалиева отбасылық видеолар, фотосессиядан backstage, love story, түрлі мерекелік шараларды түсірумен айналысады. Айтуынша, бастапқыда телефонға фото-видео түсірумен әуестенген. 2019 жылы әйгілі видеограф-мобилограф Қыран Талапбектің курсын оқыған.

"Мобилографтарға сұраныс өте жоғары. Мен қазір медиа агенттікте жұмыс істеймін. Әр екінші блогер өзіне жылдам әрі сапалы видео түсіріп бере алатын мобилографы болғанын қалайды. Табысым орта есеппен айына 500 мың теңге. Бір миллион теңгеден жоғары да табуға болады", – дейді Айгерім Ерғалиева.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар

Серіктестер жаңалықтары