Ағаш үгіндісінен – аккумулятор. Отандық өндірісті дамытуға не қажет?

Ғалымдар ағаш қалдықтарын синтездеу арқылы сыйымдылығы жоғары электродтар алмақ.

Қазақстанда өндіріске еніп жатқан жобалар бар, дегенмен олар некен-саяқ екені жасырын емес. Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетіндегі "Электроспиннинг әдісімен талшықты композициялық материалдарды алу және олардың негізінде суперконденсаторлар үшін электродтар жасау" жобасының жетекшісі Меруерт Нәжіпқызы осында жаңа жоба туралы әңгімеледі.  

Ағаш үгіндісі – арзан шикізат

Бұл жоба табиғи ресурстарды, оның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалану, геология, қайта өңдеу, жаңа материалдар мен технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен құрылымдардың басым бағыты бола алады. Жобаның идеясы – қажетті қасиеті бар электроспиннинг әдісі арқылы композициялық материалдар алу, оларды суперконденсаторларға электродтар ретінде қолдану.

"Біз алдымызға сан алуан нанобөлшектері бар қажетті ұзындықтағы, диаметрдегі және кеуекті лигнинді талшықты композициялық материалдардың синтезін дамыту және олардың негізінде суперконденсаторларға арнап меншікті сыйымдылығы жоғары электродтар жасау мақсатын қойып отырмыз. Сөйтіп, ағаш қалдықтарынан лигнинді синтездеу шарттарын зерттейміз, электроспиннинг әдісімен талшықты композициялық материалдар синтезін пысықтаймыз. Оның ішінде құрылғы жасау, полимер, еріткіш, электродтар арасындағы арақашықтықты айқындап, алынатын талшықты композициялық материалдар түрлері мен өлшеміне байланысты электрлік кернеу шамасын таңдау және зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", – деді Меруерт Нәжіпқызы.

Әлем ғалымдары қазір кез келген полимерді қолданып, түрлі талшықтар алуда. Олар мұндай жұмысқа көбіне дайын лигнинді қолданады. Бұл қымбатқа түседі.


Оқи отырыңыз: "Зертханасыз ғылым дамымайды". Жантақтан Альцгеймердің алдын алатын дәрі жасап жатқан ғалымның ойлары


"Біз әу баста әр алуан қалдықты кәдеге жаратуды ойладық. Қазір не көп – ағаш үгіндісі көп. Құрылыстан, жиһаз өндірісінен шыққан қалдықтың бәрі өңделіп, я болмаса қайта өңделіп жатыр деп айта алмаймыз. Сондықтан лигнинді сатып алмай, ағаш үгінділерінен алуды ойластырдық. Оған қарағай мен қарағаш үгіндісін таңдадық. Мысалы, біз өзіміздікімен құрамын, қасиетін салыстыру мақсатымен осы жобамызға пайдалану үшін дайын лигнинге де тапсырыс бердік. Оның құнын да алдын ала төлеген едік, 3-4 ай өтті, әлі қолымызға түскен жоқ. Сыртқа тапсырыс бергенбіз, Қытайдан ба, Еуропадан ба, келуі керек еді, әлі хабар жоқ. Көрдіңіз бе, дайын өнімнің өзінің келуі қиын, сондықтан болашақта оны өзіміз өндіріп жатсақ, қандай керемет", – дейді жас ғалым.

Лигнин деген не?

Ол – целлюлозадан кейін екінші орын алатын, күрделі үшөлшемді желілік полимер. Химиялық тұрғыдан лигнин сәйкес құрылымдағы хош иісті полимерлердің қоспасы. Ол биомасса көздерінен алынады. Лигниннің құрамы, сапасы, формуласы, химиялық және физикалық сипаттамалары биомасса көзіне тәуелді. Лигниннің артықшылығы – экологиялық таза өнім болғандықтан, әрі арзан, әрі қолжетімділігі арқасында мінсіз деуге келеді.

Конденсатор мен аккумулятор жасау мүмкіндігі

Меруерт Нәжіпқызының айтуына қарағанда, лигнинді талшықты композициялық материалдарды электроспиннинг әдісімен синтездеу процесі түрлі модификацияланған және өлшемді материалдар алуға мүмкіндік береді. Наноталшықтар алу үшін әдетте негіз ретінде полимер-прекурсорлар қолданылады.

"Біздің жұмысымызда қымбат тұратын полимерді алмастыратын лигнин жіктелмеген ағаш жоңқаларынан синтезделеді. Талшықты композициялық материалдар бастапқы прекурсорларға түрлі нанобөлшектерді енгізу арқылы синтезделеді. Олар алынған материалдың одан әрі қолдану саласын анықтайды (мысалы, өткізгіш материал алу үшін полимерлі жіптерге көміртекті нанотүтікшелер қосу керек және т.б.). Алынған композитті материал қажетті жағдайда өңдеуге жіберіледі. Мәселен, көміртекті немесе бейорганикалық наноталшықтар жағдайында күйдіруге жөнелтіледі", – дейді Меруерт Нәжіпқызы.  


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: ЖОО ғылыммен айналыспаса, ол – мектеп не колледж болғаны


Бұған қоса, бұл жобада электроспиннинг арқылы олардың негізіндегі композиттер алу және қажетті ұзындықты, диаметрлі, кеуекті наноталшықтар синтезінің режимін пысықтау қарастырылады. Талшықты композициялық материалдар синтезі аясында кешенді зерттеу жүргізген кезде олардың физикалық-химиялық, яғни механикалық, каталитикалық, электрлік т.б. қасиеттерін айқындап, сонымен бірге құрылымын болжау жоспарланған.

Алынған материалдардан талшықты композициялық материалдар және қуатты сақтайтын құрылғылар құралады. Мәселен, олардан конденсаторлар мен аккумуляторлар жасауға болады. Анығында, лигнинді наноталшықтар мен олардың негізінде композиттер алу және талшықты композициялық материалдарды синтездеу саласында кешенді зерттеулер жүргізу энергияны сақтайтын құрылғылар, конденсаторлар мен аккумуляторлар жасауға мүмкіндік береді.

Жоба жаңалығы

Енді осы жұмыстың жаңалығына тоқталсақ. Өйткені, кез келген зерттеу жұмысы жаңалығымен ерекшеленетіні белгілі. Жас ғалымдар алғаш рет электроспиннинг тәсілі арқылы жіктелмеген ағаш жоңқасынан лигнин талшықтарын алуды көздеп отыр. Шикізат ретінде ағаш қалдықтары мен  жоңқасы пайдаланылады. Зерттеу жұмысы осынысымен құнды. Талшықтарды алуға әдетте полиакрилонитрил (ПАН) қолданылады. Оның бағасы өте қымбат және оны жою қосымша материалдық шығынды талап етеді.

Бұрын жүргізілген зерттеулерден принципиалды айырмашылығы –  лигнин синтезін ағаш қалдықтарынан алып, олардың негізінде талап етілетін физикалық-химиялық қасиеттері бар құрылымдарды қалыптастыру мақсатында электроспиннинг әдісімен наноталшықтар алуға мұрындық болуда.

Сондай-ақ, жоғары меншікті сипаттамалары бар суперконденсаторларға электродтар жасау ісі бойынша тәжірибелер жүргізілуде. Жобада органосольв әдісі арқылы жіктелмеген ағаш жоңқаларынан лигнин синтезделеді. Синтезделген лигнин наноталшықтар алуға пайдаланылады. Лигнинді экстракциялаудың белгілі тәсілдері және арзан электрлік формаланған талшықтарды алу тәсіліне қарағанда, лигнинді синтездеудің осы әдісі арқылы наноөлшемді диаметрі бар үздіксіз талшықтар алуға жол ашылады. Демек, бұл әдіс экономикалық жағынан тиімді әрі қарапайым, оның үстіне көп уақытты қажет етпейді.


Оқи отырыңыз: "Тұмау шәрбаты". Қазақ ғалымы дәрілік шөптерден түрлі вирусқа қарсы тұнба әзірледі


Тобықтай түйін

Егер жоба жүзеге асатын болса:

  • түрлі функционалдық мақсаттағы жаңа өнім алу үшін электроспиннинг әдісімен талшықты композициялық материалдарды синтездеу әдісі бойынша әлемдік жоғары технологиялық нарыққа шығуға жол ашылады;
  • ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға алғышарттар жасалады;
  • зерттеу жұмысының нәтижесін механикалық, электрлік, жылуфизикалық қасиеттері жақсартылған жаңа наноматериалдар жасауға маманданған компаниялар, сондай-ақ қуат көзінің элементтерін, наноэлектронды құрылғы, биосенсорлар жасаумен айналысатын компаниялар пайдалана алады.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Бөлісу:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары