Тікелей эфир

Дәстүрлі, дәстүрсіз + альтернатива. Америкалықтар LGBT қауымдастығын қалай қолдайды?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Нью-Йорк қаласында дәстүрден тыс бағыт өкілдерінің үлкен маршы өтті. Америкалықтардың жаңа субқоғамға қатысты ойы қандай? Зерттеп қарадық.

– Қазақстанда жүргенде LGBT қоғамына қатысты ойым толықтай жағымсыз болатын. Тіпті оларды психологиялық ауытқуы бар адамдар деп ойлайтынмын. АҚШ-қа көшкелі бері оларға толерантты қарай бастадым. Оларды қолдамасам да, қазір жағымсыз ойым жоқ. Бұған америкалық қоғамның толеранттылығы негіз болған болар, – дейді Асқар (есімі кейіпкердің өтінішімен өзгертілді) есімді отандасымыз informburo.kz тілшісіне.

Асқар АҚШ-қа осыдан 7 жыл бұрын грин карта ұтып алып, АҚШ-қа отбасымен көшкен. Ол спорттық дене бітімді және қыз секілді нәзік, аяғын, майыса басқан екі жігіттің қол ұстасып бара жатқанын көріп, мәдени шок алғанын айтады.

– Қазір оларға тіпті мән бермеймін. АҚШ-та, әсіресе, Нью-Йорк қаласында адамның таңдауы бірінші орында. Оған күні кеше болған LGBT маршы негіз болады. Парадтағы кейбір дүниелер ақылға қонбайды. Мысалы, жартылай жалаңаш киінгендердің арасында кәмелетке толмаған балалар да жүрді. Бұл олардың сексуалды дамуына әртүрлі деңгейде әсер етуі мүмкін. Бірақ, бұл – олардың таңдауы. Оған қарсы болсаңыз, тек аулақ жүресіз. Басқаша, қарсылық таныту бекер. Тіпті сотталып кетуіңіз де мүмкін. Олардың құқығы қорғалған. Біз сондай қоғамда өмір сүреміз, – дейді ол.

Асқар айтып отырған LGBT маршы Нью-Йорк қаласында бірнеше жылдан бері өткізіледі. Биыл Стоунуолл қарсылығына 50 жыл толғанына орай халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Маршта 115 мың адам жүріп өтсе, көрермен ретінде бүкіл әлемнен 4,5 миллион адам келді.

LGBT нені білдіреді?

LGBT – жыныстық азшылық өкілдерінің ұйымы. Нақтылап өтсек, өзін гей, лесби, бисексуал және трансгендер деп санайтын адамдар өз құқығы мен таңдауы үшін күресу мақсатында құрған ұйым. Қазір бұл ұғым кеңінен қарала бастады. Мысалы, бұған дейін олар осы негізгі 4 категория бөлінсе, қазір гендері мен сексуалды таңдауына орай 40 түрге бөлінетін болды. Кеңінен тараған негізгі 4 топтан өзгелерін, әзірге Queer (белгісіз) немесе Questioning (сұраулы, нақты емес) деп белгілеу бекітілген. Сондықтан, соңғы жылдары LGBT атауы LGBTQ деп қолданылып жүр.


LGBT маршында шамамен 115 мың адам жүріп өтті

LGBT маршында шамамен 115 мың адам жүріп өтті / Фото Informburo.kz


Соныман 40 түрлі сәйкестендіруге тоқталып өтсек. LGBT мүшелері жоғарыда айтылған 4 түрлі сексуалды бағыттан бөлек, 5 негізгі спектрумға бөлінеді. Олар билогиялық секс (biological sex), гендерлік сәйкестендіру (Gender identity), гендерлік таңдау (Gender expression), гендерлік қабылдау (Gender Presentation) және гендерлік бағыт (Gender Orientation). Мысалы, спектрумдардың ішінде олар пансексуал, полисексуал, моносексуал, аллосексуал, андросексуал, джиносексуал, асексуал, демисексуал, гетеронорматив, вариориентед, периориентед, полиамороуз, моноамороуз сынды дәстүрлі емес бағыттарға бөлінеді. Ал жынысына байланысты сисгендер, трансгендер, транссексуал болып бөлінеді. Одан бөлек, гендерлік қабылдауда two spirit деген ұғым да қалыптасты. Мысалы, адам бір уақытта өзін әрі ер, әрі әйел ретінде сезінсе, ол осы категорияға жатқызылады.

АҚШ үкіметі LGBT қауымдастығын не үшін қолдайды

АҚШ тарихында адам таңдауы өте үлкен рөл ойнайды. Америкалықтар нәсілдік сегрегация, әйел құқығы, аборт мәселесі, тең мүмкіндіктер және LGBT таңдауы тақырыптары төңірегінде көптеген шулы оқиғаларды басынан өткерген. Сондықтан бұл қоғамда әртүрлі мәселедегі аз топ өкілдерінің құқығы қорғалған.

Мэтт Холлоуэй есімді Нью-Йорк қаласының тұрғыны LGBT қауымдастығына бейтарап қарайтынын айтады. Ашық қарсылық көрсетуге құлқы жоқ. Себебі оның қарсылығы өзге біреудің таңдау құқығына нұқсан келтіруі мүмкін. Бүгінгі америкалықтардың LGBT қауымдастығына қатысты ойы осылай өзгеріп келеді. Оған жыныстық азшылыққа қатысты қоғамдағы пікірдің өзгеруі себеп.


NYC Pride мәліметіне орай, LGBT маршына көрермен ретінде 4,5 миллионға жуық адам қатысқан

NYC Pride мәліметіне орай, LGBT маршына көрермен ретінде 4,5 миллионға жуық адам қатысқан / Фото іnformburo.kz


– Биылғы LGBT маршының жарнамасы кең көлемде жүргізілді. Метроға кірсеңіз де, алып компаниялар немесе қаржы институттардың кеңсесіне барсаңыз да, тіпті, дәм тататын ресторандарға жолыңыз түссе де, LGBT қауымдастығының туын көресіз. Маусым айында олар өте белсенді болды, – дейді Мэтт.

Айта кетсек, 2016 жылы АҚШ-тың Флорида штатындағы Орландо қаласындағы Пульс деп аталған гейлердің түнгі клубында жаппай қырғын болды. Аталмыш клубта қауіпсіздік қызметін атқарған 29 жастағы Омар Матин есімді араб текті америкалық 49 адамды өлтіріп, 53 адамды жарақаттады. Ол өз әрекетін АҚШ-тың Ираққа шабуылымен байланыстырады. Осы сынды террористік шабуылдар LGBT қауымдастығына қарсы ұйымдастырылғандықтан, жыныстық азшылықтың құқықтарын қорғау әр штат қарулы күшінің және федералды қауіпсіздік қызметінің міндетіне айналды.


Нью-Йорк Полициясы маршы өтетін көшелер мен оның төңірегін толық бақылауға алып, қоғамдық тәртіпті сақталуын қадағалады.

Нью-Йорк полициясы маршы өтетін көшелер мен оның төңірегін толық бақылауға алып, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалады / Фото іnformburo.kz


Сол жылдан бері Нью-Йоркте өтетін LGBT маршына қала әкімдігі мен полиция департаменті барынша қолдауын жасайды. Мысалы, Нью-Йорк полиция департаменті офицерлері марш барысын күзетіп, шараның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. Полиция қызметкерлерінің көліктері LGBT туымен әрленді.

Сексуалды таңдауды дәріптеудің мақсаты неде?

Нью-Йорк қаласында маусымның 30-ы күні өткен LGBT маршы жайлы АҚШ-тың барлық дерлік басылымы жазды. Time журналы LGBT маршын жыныстық азшылық қозғалысы тарихындағы ең үлкен оқиға деп бағаласа, The New York Times басылымы қозғалыс тарихына үңіліп, толық анализ берді.

Маршты ұйымдастырушы NYC Pride ұйымының директоры Крис Фредерик AM New York басылымына берген сұхбатында әлемнің кейбір елдерінде жыныстық азшылық құқықтарының әлі де тапталып жатқанын айтып, олардың таңдауын қорғау үшін дәріптеуді жалғастыра беру керектігін жеткізді.


Америкалықтар балаларының гендерлік сауатты болғанын қалайды. Бірақ ерте жастан үйренуді бастауын қаламайды

Америкалықтар балаларының гендерлік сауатты болғанын қалайды. Бірақ ерте жастан үйренуді бастауын қаламайды / Фото іnformburo.kz


Расында, маршқа әлемнің түрлі елдерінен келгендер болды. Өздеріңізге белгілі кейбір елдерде гендерлік таңдаудың болмайтынын, адамдар бір сексуалды бағытпен туылатынына негізделген принциптер қолдау тапқан. Олардың қатарында Қазақстан да бар.

Маршқа қазақстандықтар да қатысты

Нью-Йорк қаласында өткен LGBT маршы әлемдегі жыныстық азшылық қозғалысының ең ауқымды шараларының қатарына енді. Оған отандастарымыз да қатысты. Бірақ қазақстандық медиа ресурстар жазғанындай олар маршта авангард болған жоқ. Бірақ белсенділік танытты.

Бұл мәселе АҚШ-тағы қазақстандықтардың ортақ чаттары мен әлеуметтік желілердегі топтарында қызу талқыға түсті. Қазақстандықтардың LGBT қауымдастығына жақтырмай қарайтыны белгілі-ақ. Бірақ жоғарыда өз пікірімен бөліскен Асқар есімді отандасымыз сынды жаңа құрлықтың қоғамына сіңісіп, адам таңдауына толерантты қарайтын қазақстандықтардың бар екені байқалды.


Қазақстандық орыс тілді LGBT қауымдастығымен бірге маршқа қатысты

Қазақстандықтар маршқа орыс тілді LGBT қауымдастығымен бірге қатысты / Фото Facebook желісінен алынды


– LGBT қауымдастығын қолдайтындардың барлығы дәстүрлі емес бағыттағы сексуалды таңдау жасағандар емес. Ондай гомофобиялық принциптеріңіз болса, солардың интернеттегі платформалары мен форумдарына шығып, қарсылықтарыңызды жазыңыздар. Ал оған шамаларыңыз келмесе, өзара топ құрып, сонда жамандай беріңіздер. Ал мына топта оларды келеке етудің керегі жоқ, – деді отандастарымыздың бірі WhatsApp мессенджеріндегі ЖасStar тобында.

LGBT маршында ненің 50 жылдығы тойланды?

LGBT тарихи екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталады десек адаспаспыз. Бүгін жыныстық азшылыққа толерантты қарайтын АҚШ қоғамы да кезінде гейлер мен лесбилердің қабылдай алмаған. Мысалы, 1920 жылы Гарвард университетінде гей профессорлер мен студенттерге арналған құпия сот құрылады. Сот гомосексуалдарды анықтап, жұмыстан және оқудан шығарумен айналысқан. Ал екіншідүниежүзілік соғыс барысында АҚШ қорғаныс министрлігі гейлерді әскери қызметтен босату туралы арнайы қаулы шығарады. Ол көктерді босату (Blue Discharge) деп аталды. 1947-50 жылдар аралығында 4000 адам гей болғаны үшін АҚШ әскерінен босатылады.

АҚШ пен Кеңес үкіметінің бір-біріне қастығы күшейген кезеңде гейлер тағы да қудаланады. Бұл мезетте жыныстық азшылық өкілдері коммунистердің арбауына түсіп, олардың тыңшысына айналып жатқаны жайлы нақтыланбаған ақпарат тарап, гейлерді жаппай тексеру, сұраққа алу жүреді.

1960- жылдары Гарри Хей есімді адам құқықтарын қорғаушы белсенді "Gay is Good" атты насихатын жүргізе бастайды. Оның әрекеттері бейбіт шерулерге жалғасады. Ал Америка психиатрия қауымдастығы үшінші жыныстың жоқ екенін айтып, гомосексуалдықты емдеуге болатын ауру деп жариялайды. Осындай қарама-қайшылыққа толы қоғамда LGBT қауымдастығы өз құқықтары үшін күресуді жалғастырады.


Маршта Стоунуолл оқиғасының 50 жылдығы аталып өтілді.

Маршта Стоунуолл оқиғасының 50 жылдығы аталып өтті / Фото amny.com сайтынан алынды


Нью-Йорк қаласындағы LGBT өкілдері Манхэттен округіндегі Гринвич Вилладж аймағында шоғырланған болатын. 1964 жылы Нью-Йорк қаласының мэрі қызметіне келген Роберт Вагнер гей қоғамын қысымға алып, оларға қызмет көрсететін ресторандарға полиция рейдін ұйымдастырады. Гей барларының алкоголь лицензиясы тартып алынады. Ал алкогольді лицензиясыз сататын мекемелерге полиция жиі рейд келетін.

Сондай рейдтердің бірі 1969 жылдың 28 маусымында Стоунуолл қонақүйіндегі барға жасалады. Алкогольді заңсыз сатқаны үшін бірқатар адам қамауға алынады. Одан бөлек, ер адамша киінген әйелдер мен әйел киімін киген ерлер де тұтқындалады. LGBT қауымдастығы полицияның қатаң әрекетіне төзе алмай, қарсы күш көрсете бастайды. Нәтижесінде, аз уақытта Стоунуолл қонақүйінің сыртына мыңға жуық гей жиналып, қарсылық танытады. LGBT өкілдерінің ойынша, дәл осы оқиға жыныстық азшылық құқықтарын қорғау қозғалысының басталуына септігін тигізген. 1970 жылдан бері алып қалада LGBT парады ұйымдастырыла бастады.

Нью-Йорк қаласындағы биыл өткен LGBT маршы Стоунуолл оқиғасының 50 жылдығына арналды. NYC Pride ұйымының директоры Крис Фредерик жергілікті америкалық басылымдардың біріне берген сұхбатында LGBT қауымдастығы ұйымдастыратын шаралар тек маусым айында емес, жыл соңына дейін жалғасатынын айтқан болатын.

Ерте жастан гендерлік сауаттылықты ашу дұрыс па?

LGBT қауымдастығы өкілдерінің құқығы мен таңдау еркіндігі АҚШ, Канада және Батыс Еуропаның дамыған елдерінде қорғалған. Олардың күн тәртібінде тұрған мәселелері LGBT отбасыларының бала асырап алуына заңмен рұқсат беру және мектептердегі жыныстық сауаттылық сабақтарына гендердің түрлерін ашық үйретуді енгізу болып отыр.

Айта кетсек, жылдың қаңтар айында АҚШ-тың Калифорния штаты Білім беру департаменті тарапынан бірінші сынып балаларына "Сен кімсің?" деген оқулықпен 15 гендердің түрлерімен таныстыруды ұсынды. Жаңа нұсқаулықты енгізудегі негізгі мақсат балалардың гендерлік стереотиптерін жойып, гендерлік таңдау болатынын түсіндіру болыпты. Оған консервативті көзқарастағы америкалықтар қарсы болғандықтан, нұсқаулық қабылданбады.


Маршқа қатысушы байкерлер

Маршқа қатысушы байкерлер / Фото іnformburo.kz


Америкалық Snope интернет басылымы консерваторлардың ақпараттық шабуылы нұсқаулықтың қабылдануына кедергі болғанын жазады. Ал либералды америкалықтар қолдайтын кейбір басылымдар бұл нұсқаулық ерте ме, кеш пе бәрібір қабылданатынын айтады. Мұнда тек уақыт мәселесі болып тұрғанын айтады.

Көптеген қазақстандықтар LGBT қауымдастығы өкілдерін олардың таңдау құқығы деп қабылдай алмай, гей немесе лесбилердің психологиялық ауытқуы бар деп есептесе, америкалықтар ол кезеңнен өтіп, білім беру саласы мен біржынысты отбасылардың бала асырап алу мәселелерін талдап жатыр. Бұл америкалықтардың LGBT қауымдастығын өз қоғамының бір бөлігі ретінде толық қабылдай алатынын білдіреді.

Америкалықтар үшін адамның таңдауы мен өз пікірін ашық білдіру мүмкіндігі қоғамдағы негізгі прициптердің біріне айналған. Сол себепті де америкалық қоғамдағы расизм, сексизм, гомосексуализм және жеке адам құқығына қатысты мәселелер тарих таразысынан өткен, өтіп жатыр. АҚШ заң шығарушы мен атқарушы билігі де адам баласын нәсіліне, идеологиялық таңдауына, тіліне, ұлтына, мәдәниеті мен дәстүріне қарай бөліп жармауға және қудаламау үшін қызмет етеді. Сондықтан болса керек, LGBT қауымдастығы өкілдеріне де еркін әрі тыныштықта өмір сүруге бұл елде мүмкіндік жасалған.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары