Тікелей эфир

Доллар тағы да тарихи рекордын жаңартты. Жаңалықтарға шолу

Алматыда жер сілкінді. Күздің алғашқы тәуліктерінде күн суытып, жаңбыр жауады.

Зейнетақы жинақтарын баспана сатып алуға жұмсауға болады

Президент постындағы Қазақстан халқына жариялаған алғашқы жолдауында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

– Қазір жұмыстағы адам өзінің зейнетақы қорындағы жинағын зейнетке шыққаннан кейін ғана пайдалана алады. Адамдардың бұл қаржыны зейнетке шыққанға дейін пайдаларына жаратқысы келетін ниеттері түсінікті. Сондықтан, Үкіметке жыл соңына дейін жұмыстағы азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мысалы, баспана сатып алу үшін немесе білім алу үшін, – деді Қ.Тоқаев.

Президент бұл ретте алдағы 10 жылда зейнетақы жинақтаушы азаматтардың саны азайып, зейнеткерлердің саны арту мүмкіндігін тілге тиек етті.

– Бұл жағдайда зейнетақы активтерінен түсетін инвестициялық табыс көлемі де төмендейді. Сондықтан, Үкіметке Ұлттық банкпен бірге зейнетақы жүйесін тиімді ету бойынша маңызды жұмыс істеу керек, – деді Президент.

Тоқаев 5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізуді 2023 жылға дейін шегерді

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жариялаған жолдауында Үкіметке осындай тапсырма берді. Қосымша жарнадан жұмыс берушілер жұмыс орындарын құруға және жалақыны көтеруге ынтасын жоғалтуы мүмкін деген қауіптің бар екені айтылды. "Бұл мәселеге Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар ортақ келісімге келген соң қайта ораламыз" деді ол.

Дариға Назарбаева сенат төрағасы лауазымына қайта сайланды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенат төрағасы лауазымына Дариға Назарбаеваны қайта сайлауды ұсынды. Бұл туралы бүгін Сенат отырысында Президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев хабарлады.

Жасырын дауыс беру кезінде 48 депутаттың барлығы Назарбаеваның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Эльвира Әзімова адам құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды

Бұл қызметте ол Асқар Шәкіровтың орнын басты. Асқар Шәкіров Сенат төрағасының орынбары болып кетті.

Президенттің кадрлық резервіне үміткерлерден өтінімдер қабылдана бастады

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. Құжаттар қабылдау үшін автоматтандырылған онлайн-платформа іске қосылған.

Үміткерлерге pkrezerv.kz сайтына тіркелу қажет. Сайттың басты бетінде құжаттар қабылдау тәртібі, мерзіміне қатысты барлық ақпарат жазылған. Өтінімдер 30-шы қыркүйекке дейін қабылданады.

Доллар бағамы 388 теңгеден асып кетті

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 388,07 теңгеге сатылды. Өткен аптадағы бағаммен салыстырғанда доллар тағы 0,63 теңгеге қымбаттап, тарихи рекордын тағы жаңартты.

Алматыда жер сілкінді

Сейсмологтар жерасты дүмпуін 2 қыркүйек күні сағат 15:06-да тіркеген. Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедицияның сайтында жазылған ақпаратқа сүйенсек, жер сілкінісінің эпицентрі Қазақстан аумағында Алматыдан солтүстікке қарай бес шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық классы – 8.5. Тереңдігі – 15 км.

Сейсмологтардың сөзінше, алматылықтар қуаты 2-3 балл жер сілкінісін сезінген.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Күздің алғашқы тәулігіндекүн суытып, жаңбыр жауады. Қазақстанның солтүстік жартысына жаңбыр мен суықты ала келген циклон 3-5 қыркүйекте республиканың батыс, солтүстік және орталық облыстарына өз ықпалын тигізеді. Ал циклонға байланысты суық атмосфералық фронттар оңтүстік, содан соң оңтүстік-шығыс және шығыс облыстарға қарай жылжиды. Циклон және фронттардың әсерінен республика бойынша жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік облыстарда температура төмендеп, ал солтүстік облыстарда ауа температурасы климаттық нормадан 3-6°С төмен болады. Қазақстанның батыс, солтүстік және орталық өңірлерінің жекелеген аудандарында түнгі уақыттарда 1...3°С үсік жүруі мүмкін.

Baq.kz: Медициналық сақтандыру қоры байланыс орталығын іске қосты. 1406 нөмірі арқылы медициналық сақтандыруға қатысты кез келген сұраққа жауап алуға болады. Қоңыраулар Қазақстан бойынша кез келген телефоннан тегін. Байланыс орталығы жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді.

Серіктестер жаңалықтары