Тікелей эфир

Доллар күннен күнге қымбаттап барады. Теңге тағы да құлдыраудан тарихи рекордын жаңартты. Жаңалықтарға шолу

Авиациялық әкімшілікке мамандар керек. Ең пайдалы жеміс аталды.

Электронды еңбек шарттарын енгізу сенімді ме?

Қазақстандағы бизнес-қоғамдастық өкілдері электронды жүйені іске қосуға күмәнмен қарайды. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры Бағлан Жалпошов жобаның жұмыс берушінің қызметін жеңілдетуге бағытталғанын айтады.

– Жүйе жұмысқа тұру процесін оңайлатады, онда жұмысшының тәжірибе тарихы жинақталады, – дейді министрлік өкілі.

Елімізде "Электронды еңбек шарттары есебінің бірыңғай жүйесі" ақпараттық жүйесін іске қосу 2020 жылға жоспарланған. Жаңа жүйе қанша адамның еңбек қатынастармен қамтылған, олардың қандай қызмет түрімен айналысатынын және жұмыс уақыты мен режимін көруге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Алайда шартты жүргізбеу үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Бүған қоса, жүйеге деректерді енгізу – жұмыс берушінің ерікті ісі болып белгіленген.

Бизнес өкілдері жүйені толтыру ерікті түрде жүргізілетінін қолдап отыр. "KAZENERGY" қауымдастығы Адами капиталды дамыту департаментінің атқарушы директоры Ләззат Ақмұрзина 30 жылдан астам еңбек өтілі бар 5 мың адам жұмыс істейтін кәсіпорынға әр деректерді қолмен енгізіп тексеру қиынға соғатынын алға тартады.

– Бұл жаңа штаттық бірлікті, оған еңбекақы төлеуді талап ететін жұмыс, – дейді ол. Әзірге пилоттық жоба ретінде сыналған жаңа жүйенің нәтижесі қандай болғаны жарияланбаған. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындарында есепті жүргізу жүйесін жаппай енгізуде қателіктерді болдырмау үшін пилоттық жоба нәтижелері туралы деректерді көрсетуді сұрап отыр.

Министрлік Арыс тұрғындарын қалпына келтірілген үйлердің сапасына алаңдамауға шақырды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жарылыстан қираған үйлер мен тұрғындардың әрбірі назардан тыс қалмайтынына сендірді. Шенеуніктің айтуынша, апатты аймақтағы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі: әуелі ғимараттың шатыры ауыстырылады, одан кейін терезелері салынады, сосын әрлеушілер өз жұмысына кіріседі.

Аймақтағы үйлердің құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарының барлық кезеңі ұдайы бақылауда. Бұл жұмыстарға қажетті құрылысшылар рекордты көлемде жұмылдырылған. Қажетті материалдар жеткілікті мөлшерде үздіксіз жеткізіліп, барлық 17 штаб күшейтілген кестеде жұмыс істеп жатыр. Осыған дейін 6,7 мыңнан астам үйде негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталңан. 2,6 мың жеке және көпқабатты тұрғын үйде косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Авиациялық әкімшілікке мамандар керек

Азаматтық авиация комитеті телеграм каналында осындай хабарлама жариялады. Салаға ағылшын тілін меңгерген авиациялық инженерлер, ұшқыштар, диспетчерлер, IT-мамандар жұмысқа орналаса алады. Үміткерлердің қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылған түйіндемелері hr.caa@miid.gov.kz электронды мекен-жайында қабылданады.

Лотереядан 2 млн теңге ұтып алған қостанайлық әйелге іздеу салынды

"Сәтті жұлдыз" лотереясының PR-менеджері Әсемгүл Сыздықованың айтуынша, ол билетті Торғайдан сатып алған. Жүлделі 2 млн теңгені ұтқанын сол жерден білген. Құжаттарымен келіп, ақшаны Қостанайдан алып кету керектігі айтылса да, осы уақытқа дейін келмеген. "Телефоны сөндірулі. Біз шұғыл түрде келіп, жүлдесін алып кетуді өтінеміз. Ереже бойынша 180 күннен кейін ақша мемлекеттің қазынасына құйылады" деп түсіндірді Ә.Сыздықова.

2 млн теңге – Қостанай облысындағы алғашқы ірі ұтыс. Лотереяны ұйымдастырушылар бұған дейін жеңімпаздардың ақшасын алмау жағдайы болмағанын айтады.

Президент Ұлттық қордағы активтердің бір бөлігін алтынға ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысының жарлығы нормативтік құқықтық актілердің құқықтық ақпараттық жүйесінің сайтында жарияланды. "5.3. Ұлттық қордың активтерін басқару" атты тарауының сегізінші бөлімі былай деп өзгертілген:

"Стратегиялық бөлу жинақ портфеліндегі активтерді әртараптандыруды жалғастыруға бағытталған және консервативті бөлуден (акциядағы 20%, облигациялардағы 80%) теңдестірілген таратуға (облигациялардың 60%, акциялардың 30%, балама құралдардың 5%-на дейін және алтынның 5% дейін) өтуді көздейді. Ол ұзақмерзімді кірісті арттыруға бағытталады".

Ұлттық қор портфеліндегі алтын Ұлттық банктегі алтынвалюта резервінің алтын бөлігін сатудан түскен ақшаға толықтырылады.

ҰҚК қауіпсіздік сертификаты жұмысын тексеруді аяқтағанын мәлімдеді

Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы айда ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық фокус-орталығы 8 млн-нан астам белсенді вирусты және мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға жасалған 130 мың кибершабуыл анықтаған. Бұл ретте Ұлттық комитет сертификатты енгізу кезіндегі байланыс операторлары желілерінің жұмысына әсері туралы сұрақтардың зерттелгенін атап өтті. Таратылған ақпаратқа сүйенсек, қауіпсіздік сертификатын қолдану болашақта кибер және ақпараттық шабуылдар түріндегі ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген кезде Қазақстан азаматтарына алдын ала хабарлау арқылы жүзеге асырылады.

"Тестілеудің оң нәтижелеріне сүйене отырып, Ұлттық қауіпсіздік қызметі тестілеудің 7 тамызда аяқталғанын хабарлайды. Алдағы күндері ресми сайтта қауіпсіздік сертификатын алып тастау жөнінде нұсқаулық жарияланады" делінген хабарламада.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қауіпсіздік сертификатын тестілегені үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне алғыс айтты.

"Киберқалқан бағдарламасы бойынша қауіпсіздік сертификатын тестілеудің жедел аяқталуы сырттан қауіп төнгенде техникалық жабдықталу деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Мұндай жағдайлар бұрын болған. Ең бастысы- ҚР интернет қолданушыларына қолайсыздық болмайды. Қауіптенуге еш негіз жоқ" деп жазды Twitter-дегі парақшасында.

Ақша айырбастау бекеттері долларды 390 теңгеден сатып жатыр

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы 387,45 теңгеге бағаланды. Кешегісінен доллар тағы 0,48 теңгеге қымбаттады. Теңге құлдыраудан тағы да тарихи рекордын жаңартты.

Ақша айырбастау бекеттері долларды 387,5-388,7 теңгеге сатып алып, 389,2-390,2 теңгеге сатып жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: 5 мың әлеуметтік білім гранты: Қай өңірге, қанша бөлінді? Көпбалалы немесе атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін отбасылардан шыққан балалар үміткер болатын гранттар Нұр-Сұлтан қаласына – 165, Алматы қаласына – 190, Шымкент қаласына – 390, Алматы облысына – 540, Ақмола облысына – 390, Ақтөбе облысына – 180, Атырау облысына – 220, ШҚО-ға – 180, Жамбыл облысына – 460, БҚО-ға – 100, Қарағанды облысына – 195, Қостанай облысына – 85, Қызылорда облысына – 390, Маңғыстау облысына – 305, Павлодар облысына – 75, СҚО-ға – 60 және Түркістан облысына – 1345 бөлінген. Конкурсқа қатысу үшін 2019 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-да шекті балл жинау маңызды.

Baq.kz: Мамандар ең пайдалы жемісті атады. Дәрігерлер өрікті әсіресе жүрек-қан тамырлары, бүйрек ауруына шалдыққан адамдарға көптеп пайдалануға кеңес береді. Сонымен қатар, жүкті келіншектердің денсаулығына өте пайдалы екен. Мамандардың айтуынша, өріктің колориясы төмен болғанмен, ағзадағы холестеринді төмендетіп, оның күш-қуатын арттырады екен. Сондай-ақ, ол организмді шлактар мен токсиндерден тазартады екен. Диетологтар артық салмақтан арылғысы келетін адамдарға да өрік жеуге кеңес береді. Сонымен қатар, өрік адамның көңіл күйін көтеріп, қобалжуды басады екен.

Тengrinews.kz: Құрбан айт: Малдың бағасы өсе ме? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай Өтпеновтің айтуынша, қазіргі таңда ірі қара малдың бағасы – 315 000 теңге.

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық даму істері басқармасының діни бірлестіктермен, миссионерлермен және теологиялық оқу орындарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Әділет Төлеутаевтың айтуынша, мал бағасын өсірмеуге байланысты базар басшыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Былтырғы жылдың тәжірибесі бойынша қойдың ең қымбат бағасы 40-50 мың теңгенің шамасы болуы мүмкін. Ал негізі қойдың құны 20 мың теңгеден басталады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары