Тікелей эфир

"Бюджет мол – мәселе сол". Үздік карикатуралар топтамасы

"Медиа орда" қоғамдық қоры "Бюджет мол – мәселе сол" атты республикалық карикатурашылар байқауының қорытындысын жариялады.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Әйтсе де өте өзекті әлеуметтік проблемалар шешімін табар емес: бюджетті игеру, жоспарлау және тағы басқа жайттар реттелмей отыр. Осыған орай, еліміздегі кәсіби және әуесқой карикатурашылар осы тақырып аясындағы, республика көлеміндегі немесе өңірлердегі маңызды мәселелерді карикатура тілімен сөйлетіп көрген.

"Байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз – еліміздегі карикатура жанрының жандануына тиіттей де болсын өз үлесімізді қосу болды. Карикатура – бағзыдан бері әлеуметтің өзекті мәселелерін көтере білетін, оны қалың көпшілікке көрсете алатын бірден бір құрал. Бұл жанрдың халықаралық деңгейде өзіндік орны бар. Өкінішке қарай, осы жобаны жүзеге асыру барысында елімізде кәсіби карикатурашылардың көп емес екенін куә болдық. Десек те, бұл жанрдың түп-тамырымен жоғалып кетпеуіне септігін тигізіп жүрген кәсіби суретшілер бар. Сол қылқалам шеберлеріне қолдау көрсету мақсатында осындай байқау ұйымдастырдық", – дейді "Медиа орда" қоғамдық қорының жетекшісі Асқар Беков.

І орын – "Құрақ көрпе" жұмысы, авторы – Қайрат Жәйірбек

"Сорос-Қазақстан" қорының "Ашықтық және есептілік" бағдарламасы азаматтық қоғамның қалыптасуына, ондағы мемлекеттік бюджет мәселесінің ашық әрі есепті болуына зор маңыз береді. Осы тақырыпты қалың бұқараға кеңінен түсіндіруге, насихаттауға һәм онымен байланысты өзекті проблемаларды көтеруге мүдделі жобаларды үнемі қолдаймыз. Біздің серіктесіміз – "Медиа орда" қоғамдық қоры осы есеп-қисапқа толы әрі қаржы-қаражат төңірегіндегі проблемаларды шығармашылық тілмен сөйлетіп көру туралы тың идея ұсынған болатын, біз қолдадық», – деді "Сорос-Қазақстан" қорының үйлестірушісі Асқар Көшкінбаев.

ІІ орын – "ЛРТ-стоунхендж" жұмысы, авторы – Талғат Жеңісұлы

"Барлық жұмысты ысырып қойып, 3 апта көлемінде осы байқауға сурет салдым. Байқау тақырыбын ашуға тырыстым, түрлі техникаларды қолдандым. Байқаудың тақырыбы, талаптары ұнады, жүлдесі де тұрарлық. Бұл біздің жұмысымызға құрметпен қараудың белгісі деп түсіндім", – дейді Талғат Жеңісұлы.

ІІІ орын – "Бюджетті басқару" жұмысы, авторы – Мұрат Ділманов

"Қазақ тіліндегі карикатура жоғалудың аз-ақ алдында тұр. Бұл орайда бүгінгі байқауға қатысқан әрбір карикатурашының еңбегі ерен. Өйткені, бұл жанрды қайта жандандырудың маңызы зор. Карикатураның, ондағы көтерілген мәселенің салмағы ауырлап, сапасы артқан сайын қабылдаушының санасы өседі. Суретшілерге осындай мүмкіндік берген бастамашыларға алғыс айтамын", – дейді Мұрат Ділманов.

ІІІ орын – "ЛРТ: көзден бұл-бұл ұшты" жұмысы, авторы – Әділ Закенов

ІІІ орын – "Ақбұлақ 2011-2020" жұмысы, авторы – Павел Уколов

"Байқауға ұсынылған жұмыстардың тақырыбы, яғни нысаны, идеясы, тапқырлығы және техникасы, яғни ұсыну шеберлігіне ерекше маңыз бердік. Республика көлемінде бірқатар карикатурашыдан жақсы жұмыстар келді. Бас жүлделерді алған суретшілер байқауға жақсы дайындалған: тапқыр, шебер әрі өзекті туындылар келді. Әлі де болса жетілдіру керек жұмыстар да болды, оларға ынталандыру сертификаттары берілді", – дейді белгілі карикатурашы, байқаудың негізгі сарапшысы әрі әділ қазы мүшесі Ғалым Смағұлұлы.

Бұл байқауға жиналған үздік суреттер көрерменсіз қалмайды. Ұйымдастырушылар "Бюджет мол – мәселе сол" атты альбом-жинақ шығаруды, сондай-ақ, конкурсқа келген өнер туындыларын онлайн кеңістікте кеңінен тарату мақсатында лонгрид форматында деректі мақала ұсынуды жоспарлап отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары