Тікелей эфир

Бішкектегі бас көтеру. Қырғыз елінде тыныштық тағы қалай бұзылды?

Фото 24.kg сайтынан алынды
Фото 24.kg сайтынан алынды
Сайлаудан өте алмаған партия лидерлері сайлау нәтижесінің күшін жоюды сұраған.

Дүйсенбі, 5 қазанда түске қарай Ала-Тоо алаңында сайлау нәтижесімен келіспегендер митинг ұйымдастырды. Сайлаудан өте алмаған партия лидерлері сайлау нәтижесінің күшін жоюды сұрады. Олардың сөзінше, дауыс беру барысында өрескел бұзушылықтар болған.

Еске салсақ, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік еткен еді. 7 пайыздық межеден өткен төрт партия Қырғызстанның 120 орындық парламенті – Жогорку кенешке депутат жіберу мүмкіндігіне ие болған. Олар:

  • "Биримдик";
  • "Мекеним Кыргызстан";
  • "Кыргызстан";
  • "Бүтүн Кыргызстан".

Митингіге осы тізімге ілікпей қалған "Ата Мекен", "Бир Бол", "Республика", "Замандаш", "Чон Казат", "Реформа", "Социал-демократтар", "Мекен Ынтымагы" және "Ыйман Нуру" партияларының жақтастары шыққан.

Кешке қарай "Ақ үйді" басып алуға тырысқан бас көтерушілер мен құқық қорғау органдары арасында қақтығыс басталды.

Бұл уақытта наразылыққа шыққандардың бір бөлігі экс-президент Алмазбек Атамбаевты босату үшін мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне аттанады. Алмазбек Атамбаев қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты заңсыз босатуға қатысы бар деп айыпталып, 11 жыл және 2 айға бас бостандығынан айырылған болатын. Бас көтерушілер оны қамаудан босатып, Ала-Тоо алаңына жеткізеді. Атамбаевпен бірге бұрынғы премьер-министр Сапар Исаковты да босатылды.

Жээнбековтың мәлімдемесі

Елдегі тәртіпсіздіктің күшеюіне байланысты Қырғызстан президенті әкімшілігі түнгі 02.00-ге дейін "Ақ үйде" болып, митингіге шыққандармен келіссөз жүргізгенін мәлімдеді. Ал бүгін, 6 қазанда ел президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі саяси жағдай туралы мәлімдеме жасады.

"Өткен түні кейбір саяси күштер мемлекеттік билікті заңсыз қолға алмақ болды. Олар сайлау қорытындысын себеп ретінде пайдаланып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Олар қала тұрғындарының тыныштығын бұзды. Олар құқық қорғаушыларға бағынбай, медицина қызметкерлерін соққыға жығып, ғимараттарға нұқсан келтірді. Мен бірде бір азаматтың өміріне қауіп төндірмеу үшін күш құрылымдарына оқ жаудырып, қан төккізбеуді бұйырдым" делінген Жээнбековтың мәлімдемесінде.

Президент Орталық сайлау комиссиясына заңбұзушылықтарды әбден тергеп, қажеттілік туындаса, сайлау қорытындысын жоюды ұсынғанын жеткізді. Ол, сондай-ақ, саяси партиялардың көшбасшыларын өз жақтастарын тыныштандырып, оларды жиналған жерлерінен таратуға шақырды.

Үкімет отставкаға кетті

"Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші ҚР үкіметіне сенімсіздік білдіргені үшін ҚР Конституциясының 85-бабының 6-бөлігін, "ҚР Үкіметі туралы" ҚР Конституциялық заңының 13-бабының 1-бөлігінің 5-пунктін басшылыққа ала отырып ҚР үкіметін отставкаға жіберді", – делінген Қырғыз Республикасы президентінің сайтында.

Жарлық бойынша, премьер-министр, вице-премьер-министрлер, үкімет мүшелері қызметіндегі тұлғалар ел үкіметінің жаңа құрамы құрылғанша ҚР үкіметінің мүшесі міндетін орындауын жалғастырады. Президенттің жарлығы қол қойған сәттен бастап күшіне енеді.

Премьер-министрдің міндетін уақытша экс-депутат Садыр Жапаров атқаратын болды.

Мұның алдында Қырғызстан парламентінің Сапар Исаковтың үкіметіне сенімсіздік білдіргені хабарланған. Дауыс беру қорытындысы бойынша министрлер кабинетін отставкаға жіберуді 101 депутат қолдап, бесеуі қарсы болған.

Қазір Бішкектегі тәртіпсіздік басылған. Қырғызстан парламенті алдындағы алаңда халық қарасы көп. Бірақ құқық қорғау орындарының өкілдері көрінбейді. Өрт сөндірушілер Парламент ғимаратындағы отты сөндіріп, көше сыпырушылар алаңды тазартып жатыр. Өзін Бас прокурор немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төраға қызметін атқарушы болып жариялаған тұлғалар бар. Бірақ, бұл лауазымдағы тұлғалар қызметінен кеткенін жариялаған жоқ. Соңғы мәліметтерге қарағанда, шерушілер Ұлттық сенім үкіметін құруға ниетті.

Дауыс беру нәтижелерінің заңды күші жоқ деп танылды

Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу бойынша комиссиясы 2020 жылдың 6 қазанында Жогорку кенештегі сайлаудағы дауыс беру нәтижелерінің заңды күші жоқ деп таныды.

Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы екі апта ішінде Жогорку Кенештің депутаттарын қайта сайлауды тағайындауы керек. Бұл туралы "Кабар" агенттігіне Қырғызстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әбдіжапар Бекматов хабарлады.

Парламенттің кезектен тыс сессиясы өтті

"Бұл билікті заңсыз басып алу", – деді президент Сооронбай Жээнбеков елде болып жатқан оқиғаларға түсінік бере отырып. Ол саясаткерлерді келіссөздер үстеліне отыруға шақырды.

Парламенттің кезектен тыс сессиясы "Достук" қонақ үйінде өтті. Ғимараттың жанындағы көшеде әртүрлі есептер бойынша 1,5 мыңға жуық адам жиналған. Олар терезелерге тас лақтырып, кәрі саясаткерлерді отставкаға кетуін талап еткен.

Жогорку кенеш спикері Дастанбек Джумабеков отставкаға кетті. Ақпаратты депутат Айсулу Мамашова растады. Оның айтуынша, Джумабеков бүгін Кино үйіндегі шұғыл жиналысқа келмеген, онда 26 халық қалаулысы оны күтіп отырған.

Ол 35 депутат жиналған "Достук" қонақ үйінде болған кездесуге де келмеген. Спикердің отставкасын қабылдау үшін дауыстардың кемінде үштен екісі қажет.

"Достук" қонақ үйінде жиналған 35 депутат Садыр Жапаровты премьер-министр міндетін атқарушы етіп тағайындауға жазбаша келісім берген. Жогорку кенештің профиль комитеті депутат Мықтыбек Абдылдаевтың парламент спикері қызметіне кандидатурасын мақұлдады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары