Тікелей эфир

Білім министрі отставкаға кете ме? Жаңалықтарға шолу

Qazaq air 10 жолаушыға тегін билет таратпақ. Ел ішінде демалу қанша тұрады?

Вице-министр қамауға алынды

Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваны 2-ші тамызға дейін (2 айға) қамау туралы шешім шығарды. Соттың баспасөз қызметі "сотқа дейінгі тергеу амалдарына қатысты мәліметтер жариялануға жатпайды" деп, әзірге шенеуніктің не үшін қамалғаны туралы жақ ашпай отыр.

Кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның Білім және ғылым министрінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғағаны туралы ақпарат жарияланып, жұртты дүр сілкіндіріп еді. Ал, бұдан бірнеше күн бұрын, 24-ші мамырда осы министрлікке қарасты Ұлттық тестілеу орталығының екі бірдей басшысы парамен ұсталған. Орталықты 2016-2017 жылдары басқарған бұрынғы бас директор шетелдің 9 миллион теңге тұратын қымбат көлігі тұрінде пара алды деген күдікке ілінді. Одан кейін тағайындалған Р.Әлімқұлов та сот шешімімен екі айға қамауға алынды. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, ол 2017-2018 жылдары делдал арқылы жүйелі түрде пара алып отырған.

Білім министрі отставкаға кете ме?

Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова орынбасарының қамауға алынғаны үшін отставкаға кетуді қарастырып отыр екен. Informburo.kz тілшісінің "Егер орынбасарыңыздың (Э.Суханбердиеваның) кінәлі екені дәлелденсе, отставкаға кетесіз бе?" деген сауалына Министр "Президенттің мәлімдемесіне сәйкес отставкаға кетуім де ғажап емес" деген жауап қатты.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметкерлері парамен ұсталса, бірінші басшы отставкаға кетуі керек деп айтқан еді. Президенттің бұл сөзінен кейін көп кешікпей Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов қол астындағы "алаяқтық" үшін 3 жылға сотталған А.Жақыповқа қатысты сот үкімі күшіне енсе "отставкаға кетуге дайынмын" деп мәлімдеме жасады. Қарамағындағы қызметкер үшін креслосымен қош айтысуға дайын Министрдің сөзінің жаны бар ма? Әзірге, хабар жоқ.

Qazaq air 10 жолаушыға тегін билет таратпақ

Әуе компаниясы 7 маусымдағы Ош – Алматы бағытындағы бірінші рейсіне науқан жариялады. Тіркеуге ұлттық киіммен (Ұлттық бас киім, шапан, комзол) келген жолаушыларға бұл күні тегін ұшып келуге мүмкіндік беріледі. Науқан бір күнде (тек 7 маусымда) және тек Оштан – Алматыға қарай ұшатын бағытқа жүреді. "Тегін ұшу мүмкіндігі алғашқы 10 адамға ғана беріледі, сондықтан әуежайға ерте келуге асығыңыздар" деп хабарлады компаниядан.

Қазақстанның Сингапурдағы, Германия мен Иордания еліндегі елшілері тағайындалды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлықтарымен:

Аркен Кеңесбекұлы Арыстанов Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне;

Дәурен Айтбайұлы Кәріпов Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне;

Айдарбек Әнуарбекұлы Тұматов Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Сайлау күні ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдануға тыйым салынады

Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2019 жылғы 9 маусымда сағат 04:00-ден 24:00-ге дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары аумақтарында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға уақытша шектеу қойылады. Шектеулер жер бетінен 500 метрге дейінгі биіктікке қолданылады. Шектеуге құлақ аспай, ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданған адамға 10 АЕК мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады екен. Шектеулердің Алматы мен Астана әуежайларындағы жоспарлы рейстерге әсер етпейтіні хабарланды.

Елімізде имидждік шаралар шығыны азайтылады

Қаржы министрінің орынбасары Б.Шолпанқұлов Үкіметтің Президент тапсырмасына сәйкес имидждік шараларға бөлінген қаражаттарға тексеру жүргізетінін хабарлады. Айтуынша, қазір барлық мемлекеттік органдардың өткізетін шараларына қатысты ақпараттар жиналып алынып, қайта қарастырылып жатыр. Вице-министр қазірдің өзінде осы мақсатта 340 млрд теңгені тікелей бөлмей, мемлекеттік сатып алулар арқылы беру шешімі қабылданып қойғанын мәлім етті.

Соңғы 10 жылда елімізде тұрғын үй құрылысы екі есеге артқан

Ұлттық экономика министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы төрт айында тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі бірден 17,1%-ға (321,9 млрд теңге) өскен. Салаға құйылған қаржы да өз жемісін беріпті. Жоғарыда аталған мерзім ішінде 13,1 мың жаңа тұрғын үй ғимараты пайдалануға берілген.

Биылғы жылдың алғашқы төрт айында ипотека нарығының да өсімі айтарлықтай. Сәуір айының соңындағы жағдай бойынша ипотекалық несиелеу сомасы 1,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылдың ішінде 24,8 пайыздық өсімді көрсеткен.

Теңге тарихында тұңғыш рет доллар ең жоғары бағаммен сатылып жатыр

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа есеппен 384,53 теңгеге бағаланды. Бір тәулікте тағы да 0,33 теңгеге қымбаттады. Еліміздің валюта айырбастау бекеттері АҚШ долларын 384,5-385,5 теңгеден сатып алып, 386-387 теңгеге сатып жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Ел ішінде демалу қанша тұрады? Щучье-Бурабай курорттық аймағында үш жұлдызды қонақүйде таңғы ас қамтылған стандартты нөмірде жазғы кезде демалу құны бір ересек адамға 10 мың теңгеден 30 мың теңге аралығында болады. Көптеген отельдер жеңілдіктер ұсынады, ал 5 жасқа дейінгі балалар тегін демала алады. Сарыағаш курорттық аймағында бес рет тамақтанумен және емдеу бағдарламасымен стандартты нөмірде тұру бағасы 11-15 мың теңге аралығында. Алакөл жағалауында толық қызмет көрсетілетін демалыс базаларында бір нөмірдің құны 10-12 мың теңге аралығында. Мұдан екі есе арзан немесе үш есе қымбат демалыс орындарын да табуға болады.

24.kz: Алдағы тәуліктерде елімізде күн суытады. Қазақстанға Баренц теңізінің маңынан тропосфералық ағындармен ылғалды және салқын ауа келеді. Сондықтан еліміздің көптеген өңірлерінде ұйытқыған жел соғып, найзағайлы өткінші жаңбыр жауады. «Еліміздің солтүстігінде жоғарғы циклонның ықпалынан кей жерлерде қатты нөсер жауады. Ауа температурасы төмендейді, көпжылдық нормадан 2...5°С градусқа төмен болады. Ал батыс өңірлерде жоғарғы атмосфералық қысым таралады, сондықтан ол жақта күн райы ашық, температура климаттық нормаға жақын болады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары