Тікелей эфир

Биыл отандық автокөліктер шетелге шығарылмаған. Жаппай сатып алуға сұраныс жоқ па, әлде сапасы төмен бе? Жаңалықтарға шолу

Жексенбі күні 31 арна "Президент 2.0" деректі фильмін көрсетеді. Демалыста Қазақстанның бірқатар өңірінде күн суытады.

Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы тағайындалды

Бұл қызметке бұған дейін Қазақстанның Әзірбайжан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Бейбіт Исабаев келді. Ал, бұрынғы өкілдіктің басшысы Қайрат Нұрпейісов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы вице-министр болды

Махамбет Әбисатов Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды. Оның орнына Қызылорда облысының полиция департаментінің басшысы Арыстанғали Заппаров тағайындалды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жарлығымен сондай-ақ Нұрлан Алдабергенов Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды. Бұл лауазым Арман Жұмабековке жүктелді.

Электронды сандық қолтаңбаны мобильдік қосымша арқылы алуға болады

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары А.Оспанов осылай деп хабарлады. Айтуынша, телефонға орнатылғанан кейін ЭЦҚ-ны Face-ID-ге жалғап қоюға болады. Осыдан кейін телефонды бетке жақындатқаннан кейін сандық қолтаңба барлық сұранымдарды автоматты түрде растайды. Қызмет 2-3 айдан кейін қолжетімді болады.

Телефонға қауіпсіздік сертификатын орнату міндетті емес

Соңғы уақыттары мобильду операторлар қазақстандықтарға телефонға қауіпсіздік сертификатын орнату туралы жаппай смс жолдап жатыр. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары А.Оспановтың айтуынша, қауіпсіздік сертификаты арқылы жеке мәліметтерді қорғауға мүмкіндік жасалады. Қауіпсіздік жүйесінің сертификаты болмаған жағдайда интернет арқылы пайдаланатын көптеген қызметтерге кіретін құпия сөздер мен кодтарды ұрлау оңай. "Қауіпсіздік жүйесінің сертификатын орнату осы үшін қажет" дейді вице-министр.

Қазақстандық автокөліктер шетелдіктерді қызықтырмай тұр

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында елімізде жалпы құны 144,8 млрд теңге тұратын 20 мың 623 автокөлік құрастырылған. Осы уақыт ішінде жеңіл автокөлік өндірісі 36,6%-ға (18 753) артқан. Автобус техникаларын шығару 4,2 есеге көбейген. Отандық автоөндірушілер арасында "Азия авто" АҚ көш бастап тұр. Өткізілген автокөліктердің 56%-ы (10 025) осы компанияға тиесілі.

"Қазавтоөндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының" стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры А.Мискарянның айтуынша, биыл отандық авткөліктердің ірі көлемде шетелге тасымалдану дерегі тіркелмеген. Мәселен, 2017 жылы Лада 4х4 автокөлігінің 1200 партиясы Қытайға жіберілген. Биыл мұндай жеткізілім тіркелмеген.

Ұлттық медициналық университетінде пластикалық хирургия кафедрасы ашылды

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті елімізде алғаш рет пластикалық хирургтерді оқыта бастайды. Кафедраның барлық мамандары жоғары санатты, жоғары білікті пластикалыұ хирургтер. Мұнда оқу үшін болашақ резидент-студенттерд оқуға қабылдана бастады. Сондай-ақ пластикалық хирургия мамандығы бойынша дәрігерлер де біліктілігін арттыра алады.

Жексенбі күні 31 арна "Президент 2.0" деректі фильмін көрсетеді

Деректі фильмге негіз ретінде мемлекет басшысының ресейлі журналист Алесей Пививаровқа берген сұхбаты алынған. Онда Президент өзінің өмірбаяны, дипломатиялық мансабы, наным-сенімдеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Деректі фильм 21 шілде күні сағат 22.00-ге бекітілген.

Патрульдік полицияның аумақтық бөлімшелеріне үміткерлер іздестіріледі

Ішкі істер министрлігің сайтында осындай хабарландыру жарияланды. Хабарламада үміткерлерге тұрақты жалақы, пәтер жалдауға өтемақы (өзімен бірге рбір отбасы мүшесіне), сондай-ақ басқа да жеңілдіктер мен басымдықтар ұсынылатыны жазылған. Бұл қызметке алынатын қызметкерлердің жоғары және орта арнайы білімімен қатар, жасы 35-ке дейін, бойы 170 см болуы керек деген талаптар қойылған. Жұмысқа орналасу бойынша тұрғылықты мекен-жайындағы полиция департаментінің кадр қызметіне жүгіну керек.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Демалыста Қазақстанның бірқатар өңірінде күн суытады. 20-22 шілдеде барикалық өріс қайта өзгереді деген болжам бар. Сондықтан Қазақстанның солтүстік облыстарына атмосфералық фронттармен бірге Орал аймағынан салқын және ылғалды ауа келе бастайды. Атмосфералық фронттар оңтүстік-шығыс бағытта баяу жылжи отырып, өз жолында қысқа мерзімді жауын-шашын, найзағай, дауыл, бұршақ ала келеді. Күннің жылуы әлсірейді. Бірақ республиканың оңтүстік облыстарында күн әлі де ыстық, ауа температурасы бұрынғысынша +38...45°С.

Baq.kz: Әлемде 425 млн адам диабетке шалдыққан. Диабетті ерте анықтауға арналған NOMAD - Ұлттық скринингтік бағдарламасының нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда ересектердің 38%-ы диабет алдында тұрса, 8,2%-і диабетке шалдыққан. Сонымен қатар, екінші типті диабет диагнозымен халықтың 1,8%-ы немесе 312 мың адам есепте тұр. Бұл аурудың жасырын түрі екенін және кеш анықталғанын көрсетеді.

Qamshy.kz: Қазақстанда қай аймақтың тұрғындары көп ажырасады? 2018 жылдың қорытындысы бойынша 54,8 мың ажырасу фактісі тіркелген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға жоғары. Ажырасу деректерінің 27,1 пайызы 5-9 жыл некеде болғандар арасында байқалып отыр. Некелері 2-4 жылды құраған жас жұбайлар арасындағы ажырасушылардың үлесі 23,5 пайыз. Бір жыл бірге тұрғандар арасындағы ажырасу дерегі 7,5%, бір жылға дейінгілер арасындағы көрсеткіш 5,3 пайызға тең. Он жыл отасып ажырасқандар да аз емес. Олардың үлес салмағы 36,6 пайызды құраған. Ең көп ажырасу деректері солтүстік аймақтар – Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарына тиесілі. Шаңырақтың шайқалу фактілері қазағы басым Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында аз ұшырасады.

Серіктестер жаңалықтары