Тікелей эфир

Қазақстандықтар жаппай доллар сатып алып жатыр. Теңгені АҚШ валютасына айырбастаушылар қай өңірде көп? Жаңалықтарға шолу

Айыппұлдарды енді ұялы телефондағы бірлік есебінен төлеуге болады. Қазақ халқының балаға шаш қою дәстүрінің сыры неде?

Саперлер Арыс көшелерін әлі тазартып жатыр

Бүгінге дейін қаладан 5700-ден астам оқ-дәрі қалдықтары табылып, шығарылған. Төтенше жағдайдың салдарына жоюға 2400 адам мен 200 техника жұмылдырылған. Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген мамандар дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Арыс жұрты митингке шықты

Апат аймағынан көшірілген бір топ халық Шымкенттің "Ақмешіт" аталатын орталық мешіті аумағында наразылық шеруіне шықты. Жиналғандар өздерінің апат аймағына қайта оралғылары келмейтіндерін, өздерін Арыстан көшіруді, басқа жақтан жер беруді талап етіп отыр.

Қала әкімі Ғ.Әбдірақымов халықты сабырға шақырды. Шымкенттен үй беруді талап еткендерге басу айтты. 130 мың халық кезекте тұрған өңірде арыстықтарға үй бере алмайтынын жеткізгендей болды. "Арыс та – жақсы қала. Ертең-ақ қала қалпына келеді, жаңа үйлер салынады" деген әкімінің сөзіне халықтың басыла қоймағаны байқалады.

Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі С.Қалқаманов жарылыс кезінде жапа шеккен арыстықтардың тұрғын үйлерінің бір айдың ішінде қалпына келтірілетінін айтты. Бұған дейін Ө.Шүкеев қала халқының үйлеріне аптаның аяғында орала бастайтынын хабарлаған болатын.

Түс әлетінде мешіттің алдында жиналған халыққа облыс әкімі Ө.Шүкеевтің өзі келді. Өңір басшысы халықты сабырға шақырып, қалада радиацияның жоқтығын айтып, сендірді. Сағат 13.25-те оқиға орнына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев жетті. Жарты сағаттан кейін наразы топ Темірлан тас жолымен қаланың орталығына қарай бет алды. Ысқырған, айқайлаған дауыс басылған жоқ.

Аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға 5 мың грант бөлінеді

Бұл туралы Білім және ғылым министрі А.Аймағанбаетов хабарлады. Айтуынша, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тегін оқуға берілетін жолдаманы алудың бірнеше шарттары бар. Әуелі мұндай түлек көпбалалы, аз қамтылған немесе атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасыдан шығуы керек. Екіншіден, үміткер ҰБТ-дан шекті мөлшерден асатын балл жинауы тиіс. Қосымша гранттың иелері тамыз айында анықталады екен.

Оралман мәртебесін алуды оңтайландыру

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А.Сарбасовтың айтуынша, бүгінде заң бойынша этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұрғанын құжатпен растауы қажет. Ал 1991 жылдан кейін туған этникалық қазақтар ондай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты, "оралман" ұғымын жаңа редакцияда жазу ұсынылып отыр. Оған сәйкес, этникалық қазақ бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмауы басты шарт болады.

Екіншіден, Қазақстанда уақытша және тұрақты тұруға рұқсат берудің қазіргі тәртібіне сәйкес, этникалық қазақтар алдымен ықтиярхат алуға, содан кейін жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін ішкі істер органдарына жүгінеді. Осыған орай оралмандарға қолайлы жағдай жасау үшін, сондай-ақ, өткізілетін құжаттардың қайталануына байланысты тұрақты тұру рұқсаты мен Қазақстан азаматтығын бір мезгілде беру мүмкіндігі ұсынылған.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының жалақысы 14 пайызға өсіпті

Президенттің тапсырмасына сәйкес маусым айының аяғына дейін ақ халаттылардың айлығы 30 пайызға дейін өсуі керек. Бұл жаңалық саладағы барлық маманға қатысты, оның ішінде әкімшілік, сондай-ақ техникалық қызметкерлер де бар.

Мұқтаждардың кредитін кешіру үшін 105 млрд теңге керек

Қаржы министрі Ә.Смайылов оның 88 млрд-ы республикалық бюджеттен тартылатынын мәлім етті. 17 млрд теңге проблемалық несиелер қорынан арнайы облигацияларды шығару арқылы тартылатыны белгілі болды. Министр кепілдіксіз несиелердегі айыппұлдар мен өсімақылардың 70%-ын қаржы мекемелері тарапынан жойылатынын атап өтті.

Айыппұлдарды ұялы телефондағы бірлік есебінен төлеуге болады

eGov порталында осындай қызмет іске қосылды. Әзірге ол Kcell және Beeline абоненттеріне қолжетімді. Порталға кіргеннен кейін "Төлемді ұялы телефондағы баланс есебінен жүргізу" қызметін таңдау керек. Телефон нөмірі енгізілген соң, абонентке бір рет пайдаланылатын смс-құпия сөз келеді, оның көмегімен айыппұлды онлайн төлеу расталады. Түбіртек портал қолданушысының жеке кабинетіне түседі.

Қазақстандықтар жаппай доллар сатып алып жатыр

Биылғы жылдың мамыр айында валюта айырбастау бекеттерінде сатылған АҚШ валютасының құны 189,7 млрд теңгені құраған. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 2,7 есеге, өткен жылғы мамыр айындағы сатылымнан 5,8 пайызға көп.

Доллар сатып алудан алдына жан салмай отырғандардың қарасы әсіресе, Алматыда көп (216,8 млрд тенге). Екінші орында Шымкенттіктер (78,2 млрд теңге). Үшінші орында Атыраулықтар (44,1 млрд теңге).

Банктердің таза табысы 3,3 есеге артыпты

Мамыр айында қазақстандық банктердің таза түсімі 124,4 млрд теңгені құраған. Бұл сәуір айындағы (38,2 млрд теңге) көрсеткішпен салыстырғанда 3,3 есеге көп. Активтердің өсімін үш банктің (Халық банкі, Jýsan Bank және ForteBank) қамтамасыз еткені байқалады.

Мамырда сондай-ақ банктердің депозиттік қоржыны 0,8%-ға азайып, 16,5 трлн теңгені құраған. Жыл басынан бері жеке тұлғалардың салымдары 142,2 млрд теңгеге, заңды тұлғалардыкі 399,6 млрд теңгеге кеміген.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz:Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент жастарына үш жылда 9 мың пәтер беріледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр хабарлады. Айтуынша, осы жылы үш қалада жұмыс істеп жүрген жастарға 1 мың пәтер беру жоспары қайта қаралып, 1 мың пәтер емес, 3 мың пәтерден беру туралы шешім қабылданған. Осы жылы, 2020 және 2021 жылдары - үш жыл бойы үш қалада жастарға үш мың пәтерден беріледі.

Sputniknews.kz: Айдар, тұлым, кекіл: қазақ халқының балаға шаш қою дәстүрінің сыры неде? Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаеваның қазақ халқы тіл-көзден сақтау үшін кішкентай балаға айдар, тұлым, желке шаш қойғанын айтады. Баласы көп шетінесе, бірнеше рет түсік жасаса, бесікте жатқан сәби аурушаң болса, "көз тимесін" деп айдар, тұлым, желке шаш қойған. Әйел кілең ұл туып, соңына дүниеге келген қыз балаға "тіл-көзден сақтасын" деп сәбиге тұлым қойған. Қыздың тұлымы екі самайынан қойылған. Қыздың айдар, тұлымын түбінен кесіп тастамаған. "Тіл-көзден сақтасын" деп баланың кекілін өсірген.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары