Бұл бағдарламаның шарттары қазір жеңілдікпен беріліп жатқан автокредит талаптарына ұқсас:
- Жылдық номиналдық сыйақы мөлшерлемесі – 4%-дан аспайды;
- Кредит беру мерзімі – 7 жылға дейін;
- Қарыздың валютасы – теңге;
- Жеңіл автокөліктің біреуінің құны – 15 млн теңгеден аспауы шарт.
"Барлық транштар мен қаражатты револьверлі игеруді (берілген несиелер бойынша түскен қаражаттың қайта игерілуі) есепке алатын болсақ, 2015 жылдан бастап 5,9 мыңға жуық қазақстандық 71,7 млрд теңгеге жеңілдетілген автокөлік несиесін алды. Жаңа бағдарлама қазақстандықтарға жеңіл көлік сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл тұтынушыларға да, автомобиль өндірушілерге тиімді жоба болмақ", – деді Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры Дастан Ахметов.
Бұрынғы бағдарлама жақсы нәтиже беріп, жалғасын тауып жатыр. Ұлттық Банк қабылдаған ынталандыру бағдарламасы аясында тағы бес транш болады. Біріншісі осы жылы, алдағы төрт жылда біз жеңілдікпен берілетін автонесиені тағы да қолдайтын боламыз, деді ол.
Қазақстандық автокөлік бизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Макашеваның айтуынша, елімізде өндірілетін әрбір екінші автокөлік отандық.
"Мақсатымыз – елдің паркін жаңарту және нарықта жаңа көлік үлесін арттыру. Ал бүгінде еліміздегі автомобильдердің 70%-дан астамы 10 жылдан көп мінілген.
Біз Еуропадағыдай, ел нарығында көліктердің 50%-дан астамы жаңа, мінілгеніне үш жылдан аспағанын қалаймыз", – деп түйіндеді ол.
Жаңа Бағдарлама шеңберіндегі 14,5 млрд теңге мөлшеріндегі бірінші транш мынадай коммерциялық банктерге жіберілді:
- Қазақстан Халық банкіне – 4 млрд;
- Сбербанкке – 7,5 млрд;
- ВТБ Банкіне – 3 млрд теңге.
Қалған 5,5 млрд теңге банктерге биылғы жылдың соңына дейін жіберіліп, игерілуі тиіс. Бұл сомаға шамамен 2800 автокөлік алуға болады.