Тікелей эфир

Қазақстанда ипотекалық несиемен берілген қарыз бір жылда рекордтық деңгейге көтерілді. Жаңалықтарға шолу

Фото іnformburo.kz
Фото іnformburo.kz
Денсаулық сақтау министрлігі Оңтүстік Корея елшілігіне нота жолдады. Дариға Назарбаева президент сайлауына түспейді.

Жаппай диктант жазу шарасы 13 сәуірде өтеді

15 жылдық тарихында бұл шара әлемдік оқиғаға айналды. Оған орыс тілі халықаралық қатынас құралы болып табылмайтын елдер де қатыса алады. Биыл оған әлемнің 79 еліндегі 340 астам қаланың азаматтары атсалысады деп жоспарланып отыр. Қазақстанда 15 қалада бірдей өтеді.

Қатысу үшін totaldict.ru сайтына тіркеліп, қала мен алаңды таңдау керек. Диктанттың тексін тіл мамандары ғана емес, қазақстандық танымал жұлдыздар да оқиды.

Елордада жолдарды сусабынмен жуа бастады

Бұл туралы қала әкімі Бақыт Сұлтанов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Айтуынша, сусабын асфальтты тайғаққа қарсы материал қалдықтарынан, мұнай қалдықтарынан және қысқы маусымда пайда болған май дақтарынан тазартады. Жол сапасын және жүргізушілердің қауіпсіздігін жақсартуға септігін тигізеді. Жай ғана сумен мұндай кірді кетіру мүмкін емес. "Ешқандай зиянды заттарды бөлмейді, қоршаған ортаға зиянсыз" деп сендірді Б.Сұлтанов.

"ИрАэро" әуе компаниясы Қазақстан мен Ресей арасында үш бағытта рейстерін іске қосады

Азаматтық авиация комитеті ресейлік "ИрАэро" әуе компаниясына ҚР-да аккредиттеу туралы куәлігін берді. Көктемгі-жазғы навигация кезеңінде "ИрАэро" келесі бағыттар бойынша тұрақты әуе тасымалын орындауды жоспарлап отыр:

– Жуковский – Қарағанды – Жуковский аптасына 7 рет;

– Жуковский – Көкшетау – Жуковский аптасына 2 рет;

– Жуковский – Петропавл – Жуковский аптасына 2 рет;

Рейстер RRJ (Sukhoi SuperJet – 100) әуе кемелерімен ұшырылады.

Бозымбаев Қазақстанда АЭС құрылысын салуға қатысты пікір білдірді

ҚР Энергетика министрі бұл мәселеге қатысты халық арасындағы қызу пікірталасқа Семей ядролық полигонына байланысты қорқыныш себеп дегенді айтты.

"Полигоннан зардап шеккен халық оны әлі ұмыта қойған жоқ. Бұл әзірге ресейлік тараптың қалауы ғана. Түпкілікті шешім халықтың пікірі ескеріле отырып, қабылданады" деді министр.

Қажет болған жағдайда сайлау үкімет резервінен қаржыландырылады

Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов осылай деп мәлімдеді. Кезектен тыс сайлауға бюджеттен қаражат қарастырылмағанын тілге тиек еткен министр мұндай мақсаттарға Үкіметтің қорынан қаржы қарастырылғанын айтты.

Қашағанда мұнай өндіру 45 күнге тоқтатылды

Компанияның баспасөз қызметінен хабарлағандай, NCOC компаниясының "Болашақ" жерүсті кешені мен Қашаған кен орнының D теңіз кешенінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуіне байланысты мұнай өндіру осы айда уақытша тоқтатылады. Қазір кен орнында жөндеу жұмыстарына дайындық басталып кетті.

Қазақстанда бір жыл ішінде берілген ипотека көлемі 22,5%-ға артты

Биылғы жылдың ақпан айының аяғындағы көрсеткіштер бойынша оның көлемі 1,3 трлн теңге болған. Бұл сома еліміздің несиелеу тарихындағы рекордтық деңгейге жеткенін көрсетіп отыр.

Бұған 7-20-25 бағдарламасының іске қосылуы себеп болды. 4 сәуірге дейін бағдарлама бойынша 77,5 млрд теңгенің 6,5 өтінімі мақұлданған.

Данияр Ақышев Тұңғыш Президенттің көмекшісі болып тағайындалды

Бүгін Елбасы Н.Назарбаев осындай шешім шығарды. 2019 жылдың 28 ақпаны күні ол ҚР Президентінің кеңесшісі қызметіне кіріскен еді.

Денсаулық сақтау министрлігі Оңтүстік Корея елшілігіне нота жолдады

Оған осы елден Қазақстанға әкелінген азық-түліктерден ГМО мөлшерінің шамадан тыс артық табылуы себеп болған. ҚР Бас санитар дәрігері Ж.Бекшиннің айтуынша, Генетикалық модификацияланған объектілерге қатысты Елорда дүкендерінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде Оңтүстік Кореядан келетін азық-түліктің төрт түрінде – соя мен жүгері бағытындағы өнімдерде ГМО мөлшері 2 пайыздан 100 пайызға дейінгі (негізгі шек – 0,9%) аралықта болғаны анықталған. Олар – "Кляр" қоспасы мен тез дайындалатын кеспенің үш түрі.

Қауіпті өнімдер сауда сөрелерінен алынып тасталған. Ал, оларды тасымалдау мен сатуға қатысты уақытша санитарлық шаралар қабылданған.

Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы Президент сайлауына үміткерін 26 сәуірде жариялайды

Бұл туралы партияның хатшысы Айқын Қоңыров мәлім етті. Айтуынша, 26 сәуірде осы мақсатта партияның кезектен тыс съезін өткізу туралы шешім қабылданған. Бұл ретте А.Қоңыров съезд делегаттары қажет деп санаса, өзінің кандидатурасын ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Дариға Назарбаева президент сайлауына түспейді. 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға Сенат төрағасы Дариға Назарбаева кандидат ретінде қатыспайды. Бұл жайында Сенат спикерінің көмекшісі Сәуле Мұстафаева айтты.

Baq.kz: Көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы басталды. Қызылорда облысында аз қамтылған көпбалалы 150 отбасы облыстық бюджет қаражаты мен қайырымдылық қорының көмегі есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Жергілікті бюджет есебінен 50 отбасы және қалған 100 отбасы қор есебінен үйлі болады. Баспананың 1 ш.м. құны 70 мың теңгені құрайды және тұрғын үй құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары