Тікелей эфир

Қазақстанда арзан теміржол билеттерін қайтарғанда айыппұл ұсталмайтын болды. Жаңалықтарға шолу

Еліміз дұрыс тамақтанбайтын елдердің ондығында. Қазақстанда қыстың ортасында шөп көктеп жатыр.

Алматыда теракт жасамақшы болған шетелдіктер ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, Орталық Азиядан келген шетелдік азаматтар Алматының адамдар көп жүретін жерлерінде қарулы шабуыл жасамақшы болған. Абырой болғанда ойлағандарын іске асырмай тұрып ұсталған екен. Олардан жарылғыш заттарға қолданылатын құралдар табылған. Тергеу олардың ДАИШ содырларының тапсырмасын орындап, солардың жетекшілігімен әрекет еткенін анықтады. Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Былтыр 38 мың қазақстандықтың жұмысы заңдастырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңсыз еңбек қатынастарына жол берген салаларда "Еңбек келісім-шартын жасаңыз" аталатын акция ұйымдастырды. Нәтижесінде 10 000 тарта кәсіпкер жұмыскерлермен еңбек-келісім шартын жасаған.

Биыл елімізде өндірісте жарақаттануды, зиянды жұмыс жағдайларын төмендету бойынша 2019-2021 жылдарға арналған Кешенді жол картасы қабылданады.

3500 теңгеге дейін тұратын теміржол билеттерін қайтарғанда айыппұл ұсталмайды

"Жолаушылар тасымалы" АҚ жолаушылар тарапынан түскен шағымдар негізінде шешім шығарды. 15 қаңтардан бастап елімізде бағасы 3500 теңгеге дейін билеттерді қайтарғанда айыппұл алынбайды. Бұрын 1000 теңге айыппұл ұсталынып қалатын еді.

Қазақстан дұрыс тамақтанбау себебінен өлім-жітім көп елдердің ондығына енді

Дамыған отыз елдің қатарына кіреміз деп жүргенде еліміз осындай антирейтингтің үздік ондығынан бой көрсетіпті. Неміс ғалымдарының 26 жыл бойына жүргізген зерттеуінің нәтижесінде Еуропа мен КСРО елдерінің арасында дұрыс тамақтанбау кесірінен болатын аурулардың салдарынан көз жұму деректері сараланған.

Бірінші орында – Өзбекстан. Зияды тамақтарды ең көп тұтынатын ала шапанды ағайындардың арасында 100 000 адамға шаққанда 394 өлім тіркелген. Екінші орында – Түркіменстан (376 жағдай), үшінші – Қырғызстан (350). Әрі қарай тізімде төртінші орында – Украина (349), бесінші – Молдавия (328), алтыншы – Әзірбайжан (319), жетінші – Беларусь (313), сегізінші – Тәжікстан (310), тоғызыншы – Қазақстан (306), оныншы – Ресей (291).

Денсаулыққа пайдалы тағамдарды тұтынатын елдердің үздік үштігіне Испания, Израиль және Франция енді.

Нұралы Қиясов "Денис Тенді өлтіру ниетім болмады" деді

Алматыда белгілі спортшы Д.Теннің өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотта сөз сөйлеген күдікті Н.Қиясов "ұрлыққа қатысты кінәмді мойындаймын, бірақ оны өлтіруді жоспарламадым" деді. Тергеу нұсқасына сәйкес, Д.Тенге пышақ сұғып алған – осы Н.Қиясов болатын. Өз кезегінде ол спортшының анасынан, бүкіл қазақстандықтардан кешірім сұрады. Н.Қиясовтан басқа айыпталушылар орындығында күдікті А.Құдайбергенов пен Ж.Толыбаева да отыр.

Бішкектен ұшып шыққан Boeing 707 жүк ұшағы Тегеран маңында апатқа ұшырады

Ұшақ Тегеран маңындағы Карадж қаласының "Пайам" әуежайына бет алған. Алайда қателесіп, сол қаладағы "Фатх" әуежайына қонады. Алдын ала белгілі болған мәліметке сәйкес, қону кезінде ұшқыш қолайсыз ауа райының салдарынан әуе кемесін басқара алмай, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, адамдар тұратын ауданға кіріп кеткен. Ұшақ бортындағы 15 адам қаза тауып, тек біреуі аман қалған. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Апат болған орындағы ғимараттарда тұратын адамдардың тағдыры әлі белгісіз.

"Манас халықаралық әуежайының" баспасөз хатшысы Ә.Құрбанова ұшақтың Иран әуе компаниясына тиесілі екенін және Бішкектен чартерлік рейс орындағанын мәлімдеді.

Доллар екі теңгеге қымбаттады

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сессиясында АҚШ валютасының орташа бағамы 378,29 теңгені құрады. Еліміздің валюта айырбастау бекеттерінде долларды 378,5 – 379 теңгеге сатып алып, 380 – 380,5 теңгеге сатып жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Ақтөбеде такси жүргізушісі жолаушының ұмыт қалдырған 1 млн теңгесін қайтарып берді. 10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні Аслан Наби және оның танысы Дарын Ембергенов жеке тасымалдаумен айналысып жүріп, ер адамды үйіне дейін жеткізіп салады. Біраз уақыт өте артқы орындықтан қомақты қаржыны көреді. №3 Алматы ауданы полиция бөліміне барып, клиенттердің бірі ақшаны қалдырып кеткендігі туралы айтады. Көп ұзамай полицияға ер адам хабарласып, таксиде 1 миллион 100 мың теңгесін қалдырып кеткендігі туралы мәлім еткен. Облыстық полиция департаменті бүгін такси жүргізушісіне алғыс хат тапсырды.

Sputniknews.kz: Қазақстанда қыстың ортасында шөп көктеді. Шымкентте өткен демалыс күндері ауа температурасы +13 градусқа дейін көтерілді. Шымкент тұрғындары бұл күні қыстың ортасында келген "көктемді" видеоға түсіріп, желіге жарыса жариялап жатты. Видеодан құрғақ көшелер мен жолдарды, тіпті кей жерде көк шөп шығып тұрғанын көруге болады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары