Тікелей эфир

Қазақстан тауар экспорттаушыларына арналған портал іске қосылады

Сурет shutterstock.com
Сурет shutterstock.com
Еxport.gov.kz порталында қазақстандық тауар экспорттаушылар мен олардың өнімдерінің реестрі болады.

Бұл туралы QazTrade бірыңғай терезесінің Сауда саясатын дамыту орталығы төрағасының орынбасары Әсел Егембердиеваның ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына берген сұхбатынан мәлім болды.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйегінде қазақстандық тауар экспорттаушыларға арналған QazTrade бірыңғай терезесі іске қосылған болатын. Онда экспорттаушыларды қолдау шаралары топтастырылған.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық тауар өтпей ме, әлде тұтынушысына жетпей ме?

Әсел Егембердиеваның айтуынша, биыл желтоқсан айында іске қосылатын export.gov.kz порталы келесі қызметтерді көрсетеді:

  • Кәсіпорын мен тауардың экспорттық әлеуетін тәуелсіз бағалау;
  • Әлеуетті импорттаушылар нарығын талдау және тауарды ілгерілетудің маркетингтік кампаниясын жүргізу;
  • Тауар мен қызмет экспорттаушыларына қажетті құжаттардың тізімін жасау;
  • Сыртқы нарықты салалар және мемлекеттер тобы бойынша терең және жан-жақты талдау;
  • Сыртқы нарыққа шығудың сауда кедергілерін зерттеу және оларды жою бойынша ұсыныстар дайындау.

Оқи отырыңыз: Қарапайым заттар экономикасы: кәсіпкерлерді Ресей экспансиясы алаңдатады

Порталда экспорттаушыларға қажетті барлық ақпарат қамтылады. Соның ішінде Қазақстанның экспорттық мүддесіне сай тауарлар, барынша қызықты сату нарығы туралы ақпарат, статистика, жарнама және экспорттық қызмет туралы өзге де ақпарат болады. Бұл шетелдік тапсырыс берушілердің порталдан қазақстандық контрагенттерді табуына мүмкіндік береді.

"Бұл экспорттаушылармен кері байланыс құратын ресурс. Портал қазақстандық өнімді тұтынатын шетелдік компаниялар үшін өзіне қажетті тауарларды оңай таба алатынымен құнды", – дейді Әсел Егембердиева.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанның сыртқы саудасы 70,4 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 1,5% артық. Соның ішінде экспорт көлемі 42,7 млрд доллар болды.

Қазақстанда өңделген тауардың негізгі тұтынушылары Қытай (үлесі 24,8%), Ресей (18,8%), Өзбекстан (6,3%), Нидерланды (5,8%), Түркия (4,4%). Бұл елдер Қазақстанда өңделген өнімнің 60,1 пайызын тұтынады.

Қазақстандық өңделген тауар экспорты негізінен Қытай, Канада, Өзбекстан, Франция, Индонезия елдері есебінен өсіп келеді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары