Тікелей эфир

Қазақстан Doing Business рейтингі бойынша 28-орында

Сурет informbur.kz
Сурет informbur.kz
Қазақстанның көрсеткіштері әлемдік рейтингтерде жақсарып келеді.

Бұл туралы Үкіметте өткен отырыста премьер-министр Асқар Мамин айтты:

– Экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестицияларды тарту, бизнес ахуалды жақсарту бойынша нақты міндеттер қойдық. Бұл өзгертулерде құрылыс саласында "бір терезе" қағидатын енгізу, келісімшарттарды орындау мәселесін оңтайландыру, салық салу аясында реформаларды іске асыру шаралары бар. Кәсіпкерлер арасында түсіндіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды.

Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 190 елі арасында 28-орында

1. Бизнесті бастау – 36
2. Құрылысқа арналған рұқсаттармен жұмыс – 35
3. Электрмен жабдықтауды алу – 76
4. Мүлікті тіркеу –18
5. Несие алу – 60
6. Инвесторлардың құқығын қорғау – 1
7. Салықтарды төлеу – 56
8. Халықаралық сауда – 102
9. Келісімді қамтамасыз ету – 4
10. Кәсіпорынның жабылуы – 37


Асқар Мамин айтып отырған рейтинг 2018 жылы мамырда шыққан.

Дүниежүзілік банк құрған "Doing Business" рейтингі – кәсіпкерлікті ашудан бастап оны жоюға дейінгі өмірлік циклді талдауға мүмкіндік береді. Бұл елдің іскерлік ахуалын жақсарту мақсатында қабылданған реформаларға қатысты объективті баға есебінде.

Doing Business бағалауына қатысатын елдердің саны үнемі өсіп келеді.

Енді алдыңғы 20 елдің қатарына кіруге тырысамыз

"Doing Business бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде 2025 жылға осындай мақсат қойып отырмыз. Бұл – қазіргі Финляндия, Австралия және Латвия сияқты елдердің деңгейі", – деді министр.

Министрдің айтуынша, халықаралық сауда саласы, энергиямен жабдықтау жүйесіне қосылу, құрылысқа рұқсат алу, кредиттер алу және салық салу, кәсіпорын мен меншікті тіркеу рәсімдері рейтингте тежеуші факторлар.

Білім беру саласының да рейтингі көтерілді

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

"Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Министрлікке 8 индикатор бекітілген. Рейтингке 140 ел қатысады. Олардың ішінде "кәсіптік-техникалық білім беру сапасы" бойынша 2017 жылмен салыстырғанда 11 позицияға (102-ден 92-орынға), "оқытудағы сыни ойлау" бойынша 1 позицияға (46-дан 45-ші орынға) жақсарды. "Күтілетін білім беру ұзақтығы" (53 орын) және "жарияланымдардың дәйексөзділігі" (110 орын) бойынша алдыңғы көрсеткіштер сақталды", – деді министр.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша кей позициялар бойынша төмендеу де байқалады. Мысалы, Қазақстан "білім берудің орташа ұзақтығы" (1 позицияға 39-дан 40-орынға), "бастауыш сыныптардағы оқушылар мен мұғалімдердің арақатынасы" (23 позицияға, 50-ден 73-орынға), "түлектердің дағдылары" (7 позицияға, 86-дан 93-орынға) және "зерттеу институттарының сапасы" (1 позицияға, 83-тен 84-орынға) түскен.

Жоғарғы оқу орындарының рейтингі мәз емес

Мұндағы негізгі рейтингтер – QS World University Rankings және Times Higher Education.

"QS-де бізде оң динамика бар, өздеріңіз көріп отырғандай, 2011 жылы рейтингте қазақстандық 5 жоғары оқу орны, 2019 жылы 10 университет аталып өтті. Алдымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ TOP 300-дің ішіне кірді. Ал үздік 500 жоғарғы оқу орнының қатарында 2 университет: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ (418), М.Әуезов атындағы ОҚМУ (491) бар, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетсек, алғаш рет қазақстандық университеттер 2018 жылы Times Higher Education рейтингіне енгенді (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ).

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары