Тікелей эфир

Атырау, Ақтөбе, Павлодар әуежайлары әкімдіктердің меншігіне берілді. Жаңалықтарға шолу

Месси әлемдегі ең үздік футболшы атанды. Дипломды жоғалтып алған жағдайда қайдан алуға болады?

Тоқаев АҚШ-та халықаралық компаниялардың басшыларымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Америка бизнес қауымдастығының өкілдерін қауымдастықтың құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтап, іс-шараны ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін баса айтты. Америкалық инвесторлар біздің елімізге жалпы көлемі 45 миллиард доллардан астам қаржы салған. Қазақстанда 500-ден аса америкалық компания жұмыс істейді.

Президент америкалық серіктестерге Қазақстан Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында заң үстемдігін, келісім-шарттарға қол сұғылмауын және зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.

"Самұрық-Қазына" Атырау, Ақтөбе, Павлодар әуежайларын әкімдіктердің меншігіне берді

Бұл шешімді қабылдауға азаматтардың көлік қызметіне қол жеткізудегі қажеттілігі мен өңірлерді дамытудағы әуежайлардың әлеуметтік маңызы себепкер болғаны хабарланды. Үш қаладағы әуежай бұған дейін жекешелендіру жоспарына енгізілген болатын. 2018 жылдың қараша айында әуежайлардың бірыңғай акциялар пакеті сатылымға шығарылды. Активтің бастапқы бағасы 9,2 млрд теңгені құрады. Алайда, өтінімдердің болмауына байланысты байқау өтпеді.

– Сатылмаған активтер заң бойынша қайта құру және таратуға жатады. Бірақ өңірегі әуежайлардың жұмысын тоқтату мүмкін емес болғасын, "Самұрық-Қазына" қоры оларды қайтарымсыз негізде облыстық әкімдіктерге беру туралы шешім қабылдады, – деп түсіндірді Қордың бұқарамен байланыс департаментінің басшысы Сергей Куянов.

Маңғыстаудың әкімі Бекзат Нұрдәулетовке пәтер кілтін табыстады

Облыс әкімдігінде чемпионды қабылдаған өңір басшысы Серікбай Тұрымов Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан әлем біріншілігінде чемпион атанған Бекзатқа Президеттің арнайы құттықтауын жеткізіп, Ақтау қаласынан 2 бөлмелі пәтер сыйлады. Бекзаттың бала кезіндегі бапкері Батырбек Жайлыбаевқа 3 млн теңге, қазіргі жаттықтырушысы Марат Жәкиевке 5 млн теңге берілді.

Месси әлемдегі ең үздік футболшы атанды

FIFA нұсқасы бойынша әлемдегі үздік футболшылардың тізімі жарияланды.

Ерлер футболында ең үздік ойыншы ретінде – Лионель Месси, үздік бапкер – Юрген Клопп, үздік қақпашы – Алиссон Бекер аталды.

Әйелдер футболында үздік ойыншы – Меган Рапино, үздік бапкер – Джилл Эллис, үздік қақпашы – Сари Ван Венендал.

Қостанайда халықаралық стандарттағы уақытша қамауда ұстау изоляторы ашылды

Облыстық қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Игорь Колов елімізде мұндай ғимараттың баламасы жоқтығын айтады. Халықаралық стандарттарға сәйкес салынған ғимаратта тіпті мүгедектерге де жағдай жасалған. Лифті, спортпен айналысуға арналған жаттығу залы бар.

Полиция департаментінің басшысы Бекет Аймағамбетовтың сөзінше, бұрын тәртіп сақшылары ұсталған азаматтарды облыс орталығынан шақырым жерде орналасқан Рудныйдағы мекемеге тасымалдауға мәжбүр болған. Жаңа ғимаратта бір уақытта 15 адамды қабылдауға мүмкіндік бар дейді ол.

Түркіменстан Президенті 800-ден астам сотталушыға рақымшылық жасады

Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында ел Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов сотталғандарға рақымшылық жасау туралы жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, жақын күндері 868 азамат темір тордан босатылады.

Гурбангулы Бердімұхамедов құқық қорғау органдарының басшыларына рақымшылық жасалғандардың мерекені отбасымен, жақындарымен бірге қарсы алуына барлық жағдайды жасауды тапсырды. Қала, аудан әкімдеріне бостандыққа шыққандарды жұмыспен қамтамасыз ету жүктелді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Дипломды жоғалтып алған жағдайда қайдан алуға болады? Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттың телнұсқасын Egov арқылы алуға болады. Қызмет түрін онлайн алу үшін келесідей қадамдар жасау қажет: 1. www.egov.kz порталынан авторизациядан өтіп, "Қызметті онлайн тапсырыс беру" батырмасына көшу қажет. 2. Өтініш толтырып, өтінішке ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы қол қою қажет. 3. Жеке кабинетте ("Қызмет алу тарихы" бөлімінде) өтініш қызметін көрсету нәтижесімен танысу қажет.

Тengrinews.kz:"Қызылорда – Нұр-Сұлтан" бағытындағы пойызда сәби дүниеге келді. 23 қыркүйекте №91 "Қызылорда – Нұр-Сұлтан-Нұрлы-жол" бағыты бойынша жүретін жолаушылар пойызының Тараз – Шу жол телімінде нәресте дүниеге келді. "6 вагонда келе жатқан Гүлнұр Жолдас жол үстінде толғатып, пойыз бригадасы ішкі радиожелі арқылы жолаушылар арасынан дәрігер іздеді. Абырой болғанда сол құрамда білікті акушер мамандар, атап айтқанда Шолпан Ембаева, Дәркен Байқошқарова, Ботагөз Көшербаеваның сапар шегіп бара жатқаны анықталды. Бірден 6 вагонға келген олар жолсеріктердің көмегімен жүкті әйелді босандырып алды. Шу стансасына жеткенде оларды жедел жәрдем көлігі тосып алып, жақын маңайдағы ауруханаға жеткізді", – делінген хабарламада.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары