Тікелей эфир

Астанада жеке көлігімен жолаушы тасығандарға айыппұл салынады

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Бір миллион тұрғыны бар Елордада 3000 такси қызмет етуі керек. Бүгінде 500 автотакси ғана ресми тіркелген. Енді заңсыз жолаушы тасығандарға айыппұл салынады.

Ал жеке көлігімен тіркеліп, такси қызметімен заңды жолмен айналысу үшін не істеу керек?

Ол туралы сәл кейінірек әңгімелекпіз, алдымен бұл мәселенің мән жайын баяндайық.

Жеке такси бағасы қолжетімді. Бірақ қауіпті

Басым көпшілікке көшеге шыға салып, жол-жөнекей жеке көлікті тоқтатқан ыңғайлы.

Алдын ала тапсырыспен шақыратын таксидің жолақысы қымбат. Оның үстіне діттеген жеріңе жетуге уақыт тығыз кезде "көліктер бос емес" деуі мүмкін.

Ал жол-жөнекей тоқтатқан жүргізушінің бағытына баратын болсаңыз, жолыңыз тіпті арзанға шығады. Мысалы, Астанадағы ескі темір жол вокзалы маңындағы ресми таксиден жолдың арғы бетіне шықсаңыз – арзан.

Алайда сіздің жеке басыңыздың қауіпсіздігіне ешкім жауап бермейді. Өйткені жеке такси жүргізушісі көп жағдайда жол ережесін сақтамағаны үшін жауапқа көп тартылмайды. Оның үстіне төте жолды жетік білмесең, бүкіл қаланы аралатып апарып, көбірек ақша сұрауы мүмкін.


Жеке таксилер ережені бұзып жолжөнекей көпірдің үстіне де, автобус жолына да тоқтай салады

Жеке таксилер ережені бұзып, жол-жөнекей көпірдің үстіне де, автобусқа арналған жолаққа да тоқтай салады / Фото informburo.kz


Енді жолаушы тасымалдауға рұқсат куәлігіңіз болмаса, айыппұл төлейсіз

– Жалпы, саны миллионнан асқан Елорда тұрғындарын толыққанды қамту үшін, есеп бойынша үш мың такси көлігі қызмет көрсетуі қажет, – дейді "Астана қаласы жүргізушілер ассоциациясының" төрағасы Медет Құрманов. Ал қазір ассоциацияға тек 500 такси көлігі тіркелген.

Мәселені шешу жолдарын қарастыру үшін қыркүйектің 12-сінен бастап, бір ай бойы еш жерде тіркелмей, такси қызметін атқаратындарды тексеру басталады.

Жолаушы тасуға тиесілі құжатыңыз жоқ болып шықса, айыппұл төлейсіз. Саныңызды соғып қалмаңыз.

Айыппұл құны 11 мыңнан 45 мың теңгеге дейін

Айыппұл 20 айлық есептік көрсеткішке (2017 жылға белгіленген АЕК – 2269 теңге) дейін салынады. Айырмашылықты саралап көрсету үшін ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық" кодексіне жүгінелік.

Бұл кодекстің 449-бабының бірінші тармағы бойынша, қоғамдық орындарда ретсіз жағаласып, халықтың мазасын алғаны, яғни такси қызметін көлденең кісіге қоймай тықпалап, ұсынғаны үшін кәсіпкер емес тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл жөнінде жол патрульдік полициясы заңды бұзған жүргізушіні ұстаған жерде бірден үкім шығара алады.

Екінші тармағы бойынша, әкімшілік жаза бір жылдан соң қайталанса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.

Үшінші тармағы бойынша, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, шетелдік не азаматтығы жоқ адам жасаса, ҚР шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібереді, иә бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.

Екінші мен үшінші тармақ жөнінде үкімді сот шығарады.

Сондай-ақ, осы Кодекстің 463-бабы бойынша, тіркелмеген кәсіпкерлік ретінде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасаушының көлік құралы тәркiленеді. Жеке тұлғаларға – 15, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. Ал лицензиясыз кәсiпкерлiкпен немесе өзге де қызметпен айналысып тапқан кірісі, ақшасы, бағалы қағаздары тәркіленеді. Мұндай жағдайда тек қана сот үкім шығарады.

Ал бұл айыппұл жеке көлігімен нан тауып отырған астаналықтарды жолаушы тасымалы нарығынан ығыстыра ала ма?

Мысалы 2015 жылдан бастап Алматыда заңсыз жүргізушілерге 29 730 теңге айыппұл салынып келеді. Одан бұл қалада жол-жөнекей жолаушы таситындар легі азайған жоқ.

Заңсыз такси жүргізушілері наразы

Ушығып тұрған мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін ескі вокзалдың маңына бардық. Жеке көлігімен жолаушы торыған жүргізушілердің біреуін "такси, такси" деп тұрған жерінен әңгімеге тарттық.

"Жолаушыны өзіміз табуға тырысамыз. Онсыз болмайды. Арада бәсеке бар. Балаларымның нәпақасын көлігімнің арқасында тауып отырмын. Жасым қырықты еңсеріп қалған соң, еш жерге жұмысқа алмайды.

Ал артық адамның тұрақты таксист болу құқы жоқ.

Жеке таксист болып жүргендердің кейбірінің жоғары білімі бар болса да, тұрақты жұмысқа орналаса алмағаннан, амалсыздан жүр. Керісінше, екі аяғынан айырылса да, такси жүргізушісі болып, отбасын асырап отырғандар туралы да естіп жүрміз.

Бәрімізге ортақ жолақыны белгілеп алғанбыз. Жолаушының келісімімен бағаны оп-оңай өзгерте аламыз. Қарапайым халықтың қалтасы көтереді", – деді де, уақытын ұстап қалғанымызды айтып, жолаушыларды шақыра бастады.


Ескі вокзалдың маңындағы заңсыз такси жүргізушілер қарбалас сәтті ұтымды пайдаланып қалуға тырысады

Ескі вокзалдың маңындағы заңсыз такси жүргізушілері қарбалас сәтті ұтымды пайдаланып қалуға тырысады / Фото informburo.kz


Жолаушы тасуға рұқсаты жоқ жүргізушілер айыппұлдың мән-жайын әлі түсінбепті

Арнайы құжаты жоқ жеке такси жүргізушілері топтасып, қара қазандай өкпесін ақтарып салды.

"Айыппұл туралы естігенімізбен, толыққанды түсініп отырғанымыз жоқ. Шулап-шулап басылар. Бұрыннан қазбалап жүрген тақырып қой. Айыппұл арқылы бізді қорқытып, тоқтата алмайды.

Тұрақты айналысып жүргендіктен, лицензия алып алсақ па деген ойымыз да бар. Бірақ, біздің жұмыс тұрақты емес қой. Бүгін тапқаның ертең көлігің бұзылып қалса, жаратылып кетеді. Бір күн шығып, бес күн көлік жөндеумен өтетін кездерде жүйкең сыр береді.

Былтыр тіркелу үшін барып едім, "он шақты адам болып, бірігіп қана лицензия ала аласыңдар. Көліктерің жаңа болуы керек" деп қайтарып жіберген еді.

Қызметтес болып жүргендердің басым көпшілігінің көлігі ескі. Жаңаны қайдан аламыз?

Оның үстіне ЖШС құрамында болсақ, күн сайын ақша төлеп отыруымыз керек. Басың дауға ілінді дей бер. Такси парктерінің басшыларымен келісілген шешім бұл. Бір сағат сайын автотұраққа 100 теңгеден төлегенде, бір күнде 1000 теңгеміз кетеді. Оған жанармайдың бағасын қосыңыз.

Бәріміз жалдамалы пәтерде күн кешіп жатқан жайымыз бар. Күнделікті табысымыз – 5000-6000 теңге ғана. Егер лицензия алмай-ақ, салық төлеу керек болса, келісер едік. Айыппұлды қолға алса, такси бағасы қымбаттайды.

Полиция қызметкерлерінен бізге күн жоқ. Осыған дейін хаттама толтыртып, айыппұл төлеткен кездер де болған", – деп жанайқайын жеткізді.

Ресми такси қымбат па?

'Astana taxi" диспетчерлік орталығына қоңырау шалдық. Жолаушыға алғашқы үш шақырым үшін 500 теңгені сұрайды екен. "Километражды телефон, планшет арқылы белгілеп отырады, оны өзгертіп, азайтып не көбейтуге мүмкіндік жоқ", – дейді мұнда. Оның үстіне, такси жүргізушісі қатты жылдамдықпен жүрсе, не тәртіп бұзса, 8-700- 555-76-07 нөмеріне "WhatsАpp" арқылы хабарлама жіберуге болады. Ол үшін көлік нөмері мен такси қызметінің атауын жазу керек екен. Ең маңыздысы – өміріңіздің қауіпсіздігі.

Астана әуежайынан қалаға такси бағасы арзандайды

Астана қаласы жүргізушілер ассоциациясының" төрағасы Медет Құрмановтың айтуынша: "Қазір әуежайдан жету үшін белгіленген тариф бар. Сол жағалауға – 2500 теңге, оң жағалауға – 3000 теңге.

Бұл – ЭКСПО көрмесіне келіп жатқан тұрғындар үшін арнайы белгіленген баға еді. Сонымен қатар, әлде біреудің 40 мыңға, басқалардың 28 мыңға жеткендерін болдырмау үшін белгіленген еді.

Енді алдағы апталар ішінде астаналық таксистер өздерінің тарифтерін өзгертеді. Әуежайдан отыру кезінде алғашқы үш шақырым үшін 1000 теңге белгіленеді.

Көптеген шағымдардан кейін "Нұрлы жол" теміржол вокзалынан да отырғызу үшін тарифтер өзгертілді. Енді оның көлемі 700 теңгені құрайды да, әрбір шақырым сайын 100 теңгеге өсіп отырады. Астана қаласы ішінде ресми таксимен алғашқы үш шақырымды жүру 500 теңгені құрайды.

Ал жүргізушілердің жалақысы 150 мың төңірегінде. Жоспарды толыққанды орындағанына байланысты".

Такси жүргізушілеріне 150-300 мың теңге көлемінде жалақы ұсынады

Бұл ақпарды такси парктерінің жүргізушіні іздестірген хабарландыруларынан ғаламтор бетінен таптық.


Жеке көлігімен таксист боламын дегендерге сұраныс көп

Жеке көлігімен таксист боламын дегендерге сұраныс көп / olx.kz сайтынан алынды


Түнде тыншымай жүріп, талғажау табатындардың әңгімесі бір төбе. Ата-ананың уақыты тапшы болғандықтан, балаларын мектептен, балабақшадан, арнайы үйірмелерден алып кету үшін арнайы көлік – бала күтушісімен жалдайтындардың да саны басым екен. Жалақысы – 100-150 мың теңгенің арасы. Отбасын асырау үшін нәпақасын осылай айырып жүргендер де бар.

Таксидің басым көпшілігі бір күнде 2500-3000 теңгеге газбен жүреді

Такси паркі арқылы тапсырысты қабылдайтын жүргізушімен де тілдесіп көрдік. Барлығы дерлік толық аты-жөнін айтуға именеді.

"Ай сайын 14 мың теңгені "Эконом такси" орталығына беріп отырамын. Олар маған жолаушыларды тауып береді. Жеке көлігім бар. Бірақ, көлігімде арнайы белгілер жоқ. Шаршаған, ауырған уақыттарда шықпаймын. Табысым – әр кезде әр түрлі. Жұмысты құлшынып істегенге байланысты. Тұрақты баға жоқ.

Кейбірі диспетчерлік орталықтан көлікті жалға алып, қызмет етеді. Біраз айналысса, көлікті өзіне қалдыру мүмкіндігі бар. Көбісі ескі болғандықтан, үміттеніп жүргендер шамалы. Көліктің басым көпшілігі газбен жүреді. Әрине, бензинге қарағанда арзан ғой.

Қазір бір литр газдың бағасы 65 теңге. Күніне 35-40 литр кетеді. Жалпы алғанда 2500-3000 теңге. Басқа жүргізушілердің көліктерінің көлеміне байланысты. Бір күнде 300 шақырымға дейін жүретін кездер болады. Ал көлігіміздің бір жері сынса, әрбір қосалқы бөлшегі қымбат", – дейді Асхат.

Сонымен жеке көлігіңмен ресми таксиде жасағың келсе, қандай шарттарды орындау керек?

Біріншіден, такси көліктерінің жаңа эскизінің нұсқасын www.astana.gov.kz сайтынан жүктеп, жасатады. Жүргізушілердің формасы 2017 жылдың 12 сәуірінде бекітіліп қойған.

Медет Құрмановтың айтуынша, көлік қауымдастығының жанында келіскен компанияларда көліктің сыртқы түрінің эскизін жасатуға болады. Сонда 20-25 мың теңгеге шығындалады. Бір ескеретін жайт – көлік ақ түсті, біркелкі гаммада болуы керек. Егер көлігі өзге түсте болса, боятқаны жөн. Боятқан соң, құжатты ауыстыру қажет. Ал оған көп қаражат керек. Сондықтан заңсыз жүргізушілердің басым бөлігінің көлігі ақ түсті емес...

Екіншіден, такси тасымалдаушы ретінде қызмет көрсетудің алдында Астана әкімшілігіне, нақтырақ айтқанда Жолаушылар көлігі басқармасына қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберуі тиіс.

Үшіншіден, жүргізуші куәлігі бар, автокөліктің санитарлық және техникалық жағдайы т.б. талаптары сай болса, Елордада жолаушылар мен багажды тасымалдау жөнінде шарт жасасуы қажет. Содан кейін басқармамен әр көлік құралына куәлік беріледі.

Төртіншіден, такси ақпараттық-диспетчерлік қызметке, яғни Call орталыққа тіркеледі. Мұнда кірген соң, сапар алдында жүргізушілер арнайы медициналық, техникалық тексерістен өткізіледі.

Бесіншіден, әрбір көлікті планшет, телефон арқылы тапсырыстардың уақтылы орындалуы бақыланады. Жолаушылардан түскен тапсырыстар тіркеу журналына жазылады. Шықпайтын күндері алдын-ала ескертіледі.

Ресейде жеке көлігімен жолаушы таситындар салық төлейді, ал Испанияда ресми таксистер оларға наразы

Бұл мәселені Ресей 2011 жылы жөнге келтіріп, заң жүзінде салық төлеуге міндеттеген.
Ал, Испания астанасы Мадридте биыл сәуірдің 28-і күні алты мыңға жуық таксистер ереуілге шыққан еді. Олар арнайы лицензиялары жоқ, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын онлайн-қызметке тыйым салуды талап етті.
Наразылық шеру Испанияның Барселона, Севилия, Валенсия және өзге де қалаларында болған еді.

Нью-Йорк бұл мәселені әлдеқашан шешіп қойған

Еш жерде тіркелмей жолаушы тасуға шектеу қою бізде енді қолға алынып жатса, көптеген шет елде бұл мәселені ертеде-ақ шешіп тастаған. Десе де жоғары мөлшердегі салыққа да қарамай, жолаушыларды заңсыз тасып жүргендер жетерлік екен. Әрине, біздің елмен салыстыруға мүлдем келмейді.

Мысалы, Манхеттеннің такси көліктерін табу оп-оңай. Сары түсті. Бұл жүйе 1969 жылы енгізілген. Жүргізуші қауіпсіздігі де ойластырылған. Бір оқыс жағдайда жүргізуші көлігіндегі қызыл тетікті басып, диспетчерге хабар бере алады.

Мұнда 2012 жылдан бастап жасыл түсті таксилер қолданысқа енген. Тек Манхеттенде емес. Квинс, Бронкс, Бруклинде... Барлығында кредит картасын қабылдайтын терминалдар бар. Көліктердің 2 пайызы мүгедектердің арнайы арбасына лайықталған.

Бір қызығы, Америкада жалпы өз көлігіңмен жүргеннен гөрі, таксимен жүрген ыңғайлырақ. Кептелістен шығу жолын такси жүргізушілері анық білгендіктен, халықтың басым көпшілігі солардың қызметіне жүгінеді.

Тағы бір жаңалық...

Қалтарысы мен бұлтарысы көп заңсыз такси бизнесі тамырына балта шабу үшін Астана қаласының әкімшілігі келесі жылы такси тоқтайтын 500 арнайы орын салуды жоспарлап отыр.

Ал рұқсатсыз жолаушы тасымалымен шиеленіскен мәселені реттеу мақсатында 12 қыркүйектен жедел алдын алу іс-шаралары өтіп жатыр. Ол 11 қазанға дейін жалғасады.

Бұл тексеріс Астана әкімшілігі Көлік басқармасымен, Жергілікті полиция қызметімен, әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерімен бірлесе жүзеге асырады. ҚР заңнамасында қарастырылған талаптарды сақталуын қадағалайды.

Назарға ілініп қалсаңыз, жалтарып кете алмайсыз. Айыппұл төлейсіз.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары