Тікелей эфир

Астанада үйді газбен жылыту тарифі белгілі болды

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Көлемі 120 м2 үйді газбен жылыту үшін айына 48 мың теңге шығады. Бұл баға неден құралады? Неге қымбат? Бүгін Нұр-Сұлтан әкімдігінде осы туралы әңгіме болды.

"Ертең газ келгенде халық дайын болуы керек. Сондықтан, алдын ала газдың бағасы қандай болатын туралы ескертуге тиіспіз. Болжам бойынша газдың бағасы қандай болады деп отырсыздар?"

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңесінің мүшелері осы сауалды отын-энергетикалық кешені басқармасының басшысының міндетін атқарушы Ернат Бәзілге қойды.

"Алғашқы бірнеше жыл газ қымбаттау болады. 2020-да бастапқы бес жылға тариф бекітіледі. Осылайша, 2025 жылға дейін баға тұрақты болмақ. Кейін арзандауы мүмкін", деді жауап берген Ернат Бәзіл. Бірақ бұл жоба. Нақты баға әлі бекітілген жоқ.

"Жер үйде тұратын халық үшін бұл қымбат. Мәселен, Алматыда, газдың текше метрі басында 32 теңге болып, кейін 29 теңгеге дейін арзандаған. Нұр-Сұлтанда газды тасымалын бірге есептейтін болсақ, бір текшеметрі 46-48 теңге болатын шығар. Бір қабатты 120 шаршы метр үйді есептеп көрсек, айына шамамен 1000-1200 текшеметр тұтынады. Яғни, айына 46-48 мың теңге шығады".

Басқарма басшысының айтуынша, дүрлігуге әлі ерте. Өйткені тарифті монополияға қарсы комитет бекітуі керек. Өзгеруі де әбден мүмкін. Өйткені, халықтың тұрмысын есепке ала отырып, субсидия қарастырылуы да мүмкін.

"Бүгінгі таңда газды пайдалануға беру мәселесі де шешілген жоқ. Тәжірибе бойынша, газбен қамтылған тоғыз аймақта оны тұрғындарға жеткізу мәселесімен ҚазТрансГаз компаниясы айналысады.

"Бірақ біз Нұр-Сұлтан қаласында мемлекетті коммунальдық кәсіпорын негізінде өзіміздің газ ұйымын құрғымыз келеді. Осы ұйым арқылы газды тасымалдау бағасын қадағалай аламыз", – деді Ернат Бәзіл.

Айтуынша, желі құрылысы аяқталғаннан кейін пайдалануға ҚазТрансГазға беріледі.

"Ол кем дегенде 1-1,5 жыл уақытты алады. Оның үстіне біз өзіміз салған желі үшін 1,5 жыл қызмет көрсету деп тағы төлейміз. Айналып келіп, осы шығындардың бәрі тұтынушының қалтасын жұқартады. Осындай шығындарды азайту үшін, бәрін реттейтін өзіміздің ұйым керек", деді Ернат Бәзіл.

Серіктестер жаңалықтары