Тікелей эфир

Астанаға кіру ақылы болады. Жаңалықтарға шолу

Қайрат Нұртас елші атанды. Алдағы үш күнде Қазақстанда күн жылынады, кей жерлерде 25 градусқа дейін.

Egov.kz порталы арқылы пәтеріңізде қанша адам тіркелгенін біле аласыз

Ол үшін үй иесі порталдың "Жылжымайтын мүлік" – "Тұрғын үй қатынастары" бөліміне өтуі тиіс. Мекен-жай бойынша тіркелген адамдар туралы анықтама 15 минут ішінде тегін беріледі. Қызметті пайдаланушының электронды цифрлық қолтаңбасы болуы керек.

Дәрігерлер жүрегі ауыратын адамдардың өмірін ұзартатын әдісті ойлап тапты

Канада университетінің кардиологтарының 23 жыл жүргізген зерттеуіне 122 мыңнан астам пациент қатысқан. Зерттеушілер әр 20 минут сайын жеңіл физикалық қозғалыс жасап тұрса, инфаркт болған, ишемияға шалдыққан, инсульт алған адамдардың барынша өмір жасын ұзаратынын айтады. Оларға тіпті бөлме ішінде қимылдап жүрудің өзі жеткілікті дейді дәрігерлер. Аэробикалық тұрақты жаттығулар ағзаның кардиореспираторлық төзімділігін арттырып, өлім қаупін төмендетеді екен.

Елімізде әлеуметтік 100 фитнес-залы салынады

Бұл туралы мәжіліс депутаты О.Өксікбаев айтты. Мемлекет басшысы жолдауында дене шынықтырумен айналысу үшін адамдарға барынша жағдай жасау керек деп тапсырды. Осыған орай алдағы екі жылда аймақтарда 100 фитнес-залдары бой көтереді деді ол.

Талдықорғанда бір полиция қызметкері 664 бейнебақылау камерасын бақылайды

Бұл жедел бақылау орталығының бір қызметкеріне жүктелген нормадан 16 есеге артық. Облыстық прокуратура мұнша жұмысты атқаруға бір адамның әлі келмейтінін айтады. Бюджеттің қыруар қаржысына сатып алынған құрылғылардың пайдасы жоқ деуге болады дейді олар. Алматы облысында бір жылда пәтер ұрлығы 9% (3551-ге дейін), мобильді телефондар ұрлығы бірден 20% (2810-ға дейін) өскен.

Астанаға ақы төлеп кіресіз

Әкімдіктегілер дайындап жатқан жобасын 2019 жылдан бастап жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, жұмысқа баратын таңғы және қайтатын кешкі уақытта Қорғалжың тас жолы мен Қосшы селосы, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Көкшетау бағыттары бойынша қалаға кіретін автокөлік жүргізушілері ақы төлейтін болады. Кіру ақысының қанша болатыны белгісіз, жобаны жетілдіріп жатқан шенеуніктер әлі есептемеген.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро директорының орынбасары Д.Дживаго бұны барып тұрған адам құқын бұзуға жасалған жоба деп есептейді. Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ә.Уатбеков ақылы кіруді енгізгеннен азаматтардың құқықтары мен еркіндіктері бұзылмайды деп жауап берді. Шенеунік жобаны әзірлегенде негізіне Лондон, Стокгольм, Сингапур, Болонья, Милан секілді әлемдегі ірі қалалардың іс – тәжірибесінің алынғанын айтты.

Елші атанған әртістер

Белгілі жұлдыздар Қарақат Әбілдина, Нұрлан Әлімжанов, Қайрат Нұртас, Ибрагим Ескендір еліміздің ең алғашқы денсаулық елшілері атанды. Денсаулық сақтау министрлігі әншілердің көмегімен халыққа салауатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану, аурудың алдын алу мәселелерін насихаттамақшы.

ШҚО дәрігерлерге жаңа жылға дейін пәтер береді

Өңірде 58 дәрігер маман жетіспейді. Ауруханалардың көбінде анестезиолог-реаниматологтар жоқтың қасы. Облыс басшысы Д.Ахметов дәрігер тапшылығын жою үшін басқа аймақтардан мамандар шақыруды, оларды жыл аяғына дейін баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.

Алматыда желілік бизнеске 1 қарашаға дейін салықтық тіркеуге уақыт берді

Алматы қаласының Медеу ауданындағы Мемлекеттік кірістер басқармасы желілік бизнес арқылы тауар сататындарды анықтап жатыр. Он күн ішінде оларға салықтық тіркеуден өту міндеттелді. Басқарма өкілдері салық органында тіркелместен кәсіпкерлік немесе өзге де қызметті жүзеге асырғаны үшін жеке тұлғаларға – 15 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК көлемінде айыппұл, мүлікті тәркілеу түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Қазақстанның басқа БАҚ не жазды:

baq.kz: Алдағы үш күнде елімізде 25 градусқа дейін күн жылынады. Ресейдің Еуропа бөлігінде ұзақ уақыт жылы ауа ағынын ұстап тұрған антициклон шығысқа жылжи бастады, алдағы үш тәулікте Қазақстанда ауа райы жылы болады. Батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда күндіз ауа плюс 15...20, кей жерде 23..25°С дейін жылынады, тіпті солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда температура плюс 5…15°С күтіледі, ол климаттық нормадан 3…8°С жоғары.

inform.kz: 1 қаңтардан тіркелмеген телефонға байланыс қызметі көрсетілмейді - ІІМ. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап IMEI-код + SIM-карта + тұлға ЖСН-і сызбасы бойынша абоненттік құрылғыларды міндетті тіркеу ережесі күшіне енеді. ІІМ ресми өкілі А.Садубаев ұялы байланыс операторларының филиалдарында үлкен кезек болып, қоғамда дүрбелең тумауы үшін азаматтарға құрылғыларын дер уақытында тіркеуге кеңес береді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары