Тікелей эфир

Астана мен Алматының халқы ойын-сауыққа жарты жылда 15 млрд теңге қаражатын жұмсаған. Жаңалықтарға шолу

Сурет іnformburo.kz
Сурет іnformburo.kz
Астанада полиция қызметкері жол апатын жасаған көлікке оқ жаудырды. Интернетте терроризмді насихаттағандар ұсталды. Алдағы үш күнде ауа райы қатты суытады.

Мемлекеттік мекемелердің көрсеткен қызметтеріне онлайн шағымдануға болады

Қазақстанда "Сандық агент" мобильді қосымшасы таныстырылды. Ол азаматтарға ХҚКО-да, мемлекеттік кіріс, емханаларда және басқа да мемлекеттік мекемелерде қызмет көрсету сапасы туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке хабарлауға мүмкіндік береді.

Қызмет көрсету сапасын қазақстандықтар бес балдық жүйемен бағалай алады. Бұдан бөлек, сыпайылық, кәсіби этика, әкімшілік кедергілерге қатысты бағалау да бар.

Илья Ильин Ашхабадта өтетін әлем чемпионатына қатыспайтын болды

Допинг дауынан кейін спортқа оралған Илья Ильин 1-10 қараша аралығында өтетін әлем чемпионатына қатысудан бас тартты. Басты себебі – омыртқасының зақымдануы. Ол әлем сайысында 102 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетуі тиіс еді.

Пәтеріне тіркелгендерді шығару үшін иесі ХҚКО бару керек

Қызметті жыл соңына дейін электронды үкімет порталынан онлайн алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. ҚР ІІМ хабарлағандай, сырттай немесе жеке куәлігінсіз адамды пәтердегі тіркеуден шығара беруге болады. Ал тіркеуге болатын адам санына шектеу жоқ. Алайда, үйінде тұрмайтындарды тіркегені үшін меншік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады деген ескертепесі де бар.

Әлеуметтік желіде терроризмді насихаттаған 10 қазақстандық ұсталды

Олар Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарының тұрғындары. Бәріне интернетте, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде терроризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген айып тағылды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мәліметке сәйкес, Қазақстанның 15 өңірінен 180 адам отырған чаттар мен қоғамдастықтарда діни материалдар жарияланатын болған. Қазір ұсталғандардың терроризмді қаржыландыруға, өзге де көмекке жеке қатыстарының бар-жоқтығы тексеріліп жатыр.

Әлеуметтік маңызды тауарларды өткізгені үшін супермаркеттерге бонус алуға тыйым салынады

Келісімшарт бекітілгеннен кейін, кәсіпкер сауда желісінде сатылған тауардың пайыздық сомасын дүкенге береді. Мұндай ретро-бонустарды төлеу тауардың құнын көтеруге, яғни тұтынушыға әсер етеді. ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов әлеуметтік маңызы бар 19 тауар бойынша ретро-бонустар қолданылмайтынын мәлімдеді. Тиісті заң жобасы жыл соңына дейін қабылданады деп сендірді Министр.

Астанада полиция қызметкері жол апатын жасаған көлікті дөңгелегіне атып тоқтатты

Жол көлік оқиғасы Жұбанов көшесінде болған. Оқиға орнынан қашып кетпек болған көліктің жүргізушісі жолда тағы бір көлікті қақса да, тоқтамайды. Оны тоқтату үшін полиция қызметкері атқан оқ дөңгелекке тисе де, қаша берген. Көше қиылысында тұрып, оны тоқтатпақ болған полиция қызметкерін сүйрете қашады. Ақыры Құдайбердіұлы көшесінде ұсталып, бөлімшеге жеткізілген. ІІМ Ресми өкілі А.Садубаев оқиғадан зардап шеккендер жоқ деп хабарлады.

Астана мен Алматыда ойын-сауыққа 15 млрд теңге қаражат жұмсаған

Бұл – биылғы жылдың бірінші жарты жылдығындағы көрсеткіш. Театр, кинотеатр, концерт, циркке баруға және басқа да мәдени шараларға ел азаматтары жарты жылдың ішінде 24 млрд теңге қаржы жұмсапты. Оның 9 млрд-ы астаналықтардың үлесінде. Екінші орында алматылықтар. Бұл мақсатта олар 6 млрд қаражат шығындаған. Көпшілік орындарда көңіл көтеруге ақша аямайтындардың қатарында атыраулықтар (үшінші орында) бар. Мұнайлы астана тұрғындары биыл театр, концерт кассаларына 1,4 млрд теңге қаражатын қалдырған.

Елімізде ойын-сауық саласында жұмыс істейтін компаниялар саны артқан. Қазан айындағы көрсеткіштерге сәйкес, олардың саны былтырғымен салыстырғанда 7,1%-ға артып, 6,4 мыңға жеткен.

БЖЗҚ БАҚ-та материал жариялауға бес жылдың ішінде 466 млн қаражат жұмсаған

Бірыңғай зейнетақы қоры туралы ақпараттарды 500-ге жуық қазақстандық БАҚ таратады. Биылғы жылдың 9 айында осы мақсатта қордан 63,3 млн теңге жұмсалған. Соған қарамастан БЖЗҚ қазақстандықтардың еліміздегі зейнетақы жүйесіне қатысты жаңалықтардан, сондай-ақ болашақта жүйе қалай жұмыс істейтіндігінен бейхабар екенін, яғни халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігін айтады.

Қор жыл сайын қызметкерлерінің жалақысына, сонымен қатар 16 облыс орталығындағы филиалдар ғимаратын жалдауға 2 млрд көлемінде қаржы жұмсайды.

Қазақстанның басқа БАҚ не жазды:

Іnform.kz: Алдағы үш күнде ауа-райы қандай болады? Республика аумағында шығыс бағытқа жылжыған салқын ағындар өзімен бірге қар, бұрқасын, көктайғақ әкеледі. Батыс және солтүстік-батыстан қатты жел соғады. Республиканың оңтүстік және оңтүстік-батысында жаңбыр жауып, арты қарға ұласады. 31 қазан мен 1 қараша аралығында тау етегіне жауын-шашын түсіп, Қазақстанның бүкіл аумағында күн қатты суытады.

Baq.kz: Астана аялдамаларында 182 ақпараттық табло орнатылады. Бүгінгі таңда 133 табло жұмыс істеп тұр. Бұл адамдардың уақытын үнемдеп, оңтайлы бағдар қозғалысын таңдауына мүмкіндік береді. Тағы 182 табло жыл соңына дейін орнатылады. Astra Bus мобильді қосымшасын 200 мыңнан астам адам пайдаланған.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары