Тікелей эфир

Арыста тағы жарылыс болды. Қорғаныс министрлігі аймақтағы халыққа ескерту жариялады. Жаңалықтарға шолу

Мереке күндері Оңтүстікте аптап ыстық, Солтүстікте жауын болады. 2019 жылы қазақстандықтар визасыз қай елдерге бара алады?

Тоқаев мемлекеттік туды көтерді

Салтанатты шара Нұр-Сұлтан қаласының 21 жылығын атап өтудің бастамасы болып отыр. Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Астана күнімен құттықтады.

Қазақстанның басты мемлекеттік туының көлемі 15х30 метр, салмағы 100 кг. Биіктігі 111 метрлік көк ту қаланың кез келген нүстесінен көрінеді.

Шара барысында Президент сонымен қатар еліміздегі әскери жоғарғы оқу орындарын бітірген 27 курсантқа әскери шендер мен атақтарды тапсырды.

Халық банкі Арысты қалпына келтіруге 1,1 млрд теңге бөледі

Арыстағы апатты жағдайға байланысты қайырымдылыққа қаражат жинау мақсатында банк онлайн шот ашқан. Шотқа клиенттер мен банк қызметкерлерінен 50 млн теңге жиналған. "Банк арнайы шотқа түскен қаражатты өз есебінен 100 млн теңгеге дейін екі еселеу туралы шешім шығарды. Тағы да 1 млрд теңгені Halyk қайырымдылық қоры жинап берді", делінген банктің таратқан хабарламасында.

Банктің қызметкерлері оқыс оқиға болған күні Арыстан көшірілген халыққа алғашқылардың бірі болып қажетті көмектерін жіберген.

Жер шетелдіктерге сатылмайды

Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров осылай деп мәлімдеді.

– Болашақта да жер шетелдіктерге сатылмайды және оларға уақытша пайдалануға берілмейді, – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз конференциясында.

Сала басшысы сонымен қатар егіс алқабын аса қауіпті жәндіктерден қалай қорғап отырғанын атап өтті. Айтуынша, осы мақсатта республикалық бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінген.

Қазцинк ұжымдағы көпбалалы қызметкерлерді қолдау бағдарламасын бастады

Компания Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен тиісті меморандумға қол қойды. Құжат бойынша кәсіпорын 4 баладан көп баласы бар жұмысшыларына қосымша әлеуметтік жеңілдіктер беруді мойнына алды.

Бірінші кезекте, компания мемлекеттік бағдарламамен үй алу үшін кейбір қызметкерлеріне банкке бастапқы жарнаны құю үшін атаулы көмек ұсынады. Жаңа оқу жылында көпбалалылардың әр баласын мектепке жинауы үшін қаржылай көмек көрсетеді. Жеңілдігі бар қызметкерлерге сондай-ақ каникул кезінде қосымша демалыс беріп, Жаңа жыл, Наурыз мерекелеріне сыйақы беруді қолға алмақшы. Кәсіподағы мұндай отбасыларға демалыс орындарына және балалар лагеріне жолдама беруді міндетіне алды.

Заңсыз митингке қатысуға шақырғаны үшін екі алматылық азамат жазаланды

Кеше полицейлер әлеуметтік желі арқылы заңсыз митингке қатысуға шақырып, заңнаманы елемегені үшін 1967 жылы туған Әбдірахманов деген азаматты ұстаған. Полиция департаментінің хабарлауынша, ол әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасында көзделген талаптарды бұзған болып есептеліп, сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынған.

Жергілікті тәртіп сақшылары сонымен қатар кеше түнде Өтебаева деген әйелді Алматының орталық көшелерінде митингке шығуға үгіттеу қағаздарын таратып тұрған жерінде ұстаған. Алматының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салыпты.

Мереке күндерді қандай ауа-райы болады?

Қазгидрометтің хабарлауынша, еліміздің оңтүстік өңірлерінде аптап ыстық, солтүстікте нөсер жауын жауады.

Синоптиктердің болжамынша, солтүстіктегі жауынға Ресейдің Еуропалық бөлігі мен Батыс Сібірдің солтүстік аймағы арқылы ығысқан циклонға байланысты атмосфералық фронт ықпал етеді. Ал, оңтүстікте ыстық ауа райы Азорлық антициклон болып жатқан Атлантиканың орталық аймақтарынан жылжып келеді.

Парламент депутаттары каникулға кетті

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин сессия жұмысын қорытындылады. Айтуынша, төртінші сессия басталған кезден Парламент 83 заң жобасын қабылдаған. Оның 82-не Президент қол қойып, заң күшіне енген.

Қазір Парламенттің қоржынында 34 заң жобасы жатыр. Оның ішінде "2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы", "Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс, жаңа экологиялық кодекс пен мұғалім мәртебесі туралы заң жобасы бар.

Астана туралы әндер байқауында "Азия" тобы үздік атанды

Байқауға қатысуға 36 өтінім келіп түскен. Бақ сынасқандардың арасынан "Нұр-Сұлтанға" кел әнімен "Азия" тобы жеңімпаз атанып, 3 млн теңге жүлде қорын иеленді.

Бас қаланың әнұранын жазушылар арасында өткен байқауға 50 адамнан өтінім түскен. Қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтай алмағаны үшін байқау 10 тамызға дейін ұзартылған. Байқауға кез келген азамат қатыса алады. Оған қатысуға ниеттілер әнұран мәтінін baikau.kz@mail.ru электронды поштасына жолдауы қажет.

Арыста оқ-дәрілерді жинау барысында, тағы жарылыс болды

Оқиға орнында өрт шыққан. Төтенше жағдайдың тұрғындарға төндіретін қаупі жоқ деп хабарлады Қорғаныс министрлігі. Ведомтсвоның таратқан ақпаратына сүйенсек, өрт инженерлік-саперлік бөлімшелердің оқ-дәрілердің фрагменттерін жинау жұмыстары барысында Арсеналға (тыйым салынған аймақ) іргелес аумақта жеке оқ-дәрінің жарылуы салдарынан шыққан. Одан зардап шеккендер мен құрбандар жоқ.

Қорғаныс министрлігі инженерлік-саперлік жұмыстар аяқталғанға дейін Арсенал аумағына жақындауға тыйым салынғанын қатаң ескертті.

Астанада бір топ белсенді ұсталды

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ДВК) экстремистік ұйымына қатысы бар бірнеше азаматқа қатысты іс қозғады. Оларға ҚР ҚК 405-бабы бойынша айып тағылған.

"Қылмыстық іс аясында 9 адамға қатысты тінту жүргізіліп, ол жерден компьютерлер, флешкалар, смартфондар, микрофондар және аэрозольды бояулар алынды. Соттың санкциясымен үш азамат қамауға алынды, қалғандарына қатысты тергеу жүріп жатыр" делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында қоғамдық орындарға парақшалар жапсырып, әлеуметтік желілерде ақпарат тарату арқылы рұқсат етілмеген митингіге шақырған бас қаланың 7 тұрғыны ұсталып, қамауға алынған. Сараптама қорытындысы бойынша оларға процессуалдық шешім қабылданады. Полиция департаменті ҚДТ тіркелмеген экстремистік ұйымының қызметіне тыйым салынғанын, ұйым белсенділері ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан жағдайда ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп отыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Sputniknews.kz: 2019 жылы қазақстандықтар визасыз қай елдерге бара алады? Қытайлық Гонконгта Қазақстан азаматтары 14 күнге дейін виза рәсімдемей-ақ жүре алады. 28 күнге дейін Барбадос билігі қазақстандықтарға өз шекарасын ашты. Қазақстан азаматтары Аргентина, Бразилия, Индонезия, Ливан, Малайзия, БАӘ, Сейшель аралдары, Сербия, Тәжікстан, Өзбекстан, Филиппин, Черногория, Оңтүстік Корея, Эквадорда визасыз 30 күнге дейін бола алады. 90 күнге дейін Қазақстандықтар үш айға дейін визасыз келесі елдерге бара алады:Ресей, Әзербайжан, Албания, Беларусь, Колумбия, Коста-Рика, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Намибия, Түркия, Украина. 180 күнге дейін Арменияда қазақстандықтар жарты жыл визасыз емін-еркін жүре алады. 365 күнге дейін Грузия Қазақстан азаматтарына визасыз режимді бір жылға ұсынады.

Baq.kz: Жыл басынан бері әлемде 38 журналист қаза тапқан. Женевада орналасқан Press Emblem Campaign (PEC) үкіметтік емес ұйымының мәліметінше, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 42 пайызға төмендеген. PEC-тің бағалау бойынша бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен екі елдегі жағдай бұрынғыдай алаңдаушылық тудырып отыр. Жыл басынан бері Мексикада 9, ал Ауғанстанда 6 журналист қаза тапқан. Ауғанстандағы журналистердің өліміне негізінен лаңкестер, ал Мексикада қылмыстық топтар жауапты болып отыр. Аймақ бойынша статистикаға көз жүгіртсек Латын Америкасында 15 журналист қаза тапқан. Ал Сирия мен Ирактағы шиеленістің төмендеуіне байланысты Орта Шығыстағы жағдай жақсарған.

Серіктестер жаңалықтары