Тікелей эфир

Қарағандыда батут аударылғанда жарақат алған екі бала әлі жан сақтау бөлімінде жатыр. Жаңалықтарға шолу

Жыл басынан бері Елордада 11 батуттың жұмысы тоқтатылған. Алдағы үш тәулікте күн жылынады.

Үркер сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Өтінімдер 2019 жылдың 20 маусымына дейін urker-awards.kz сайтында қабылданады. Ұлттық премия баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы үздік жетістігі үшін беріледі.

Биыл "Үркер" сыйлығында "New media года" аталатын жаңа номинация пайда болды. Оған танымал ақпараттық Telegram каналдар, әлеуметтік желідегі топтар мен пабликтер қатыса алады. Марапат иелеріне 1 млн теңгеден қаржылай сыйлықтар мен арнайы мүсіншелер беріледі.

Газбен жабдықтау қызметін шақыру тегін болады

Бұған дейін 104 апаттық қызметін шақырғанда Астана қаласының тұрғындары 5 мың теңге төлеген болатын. Қаладағы қоршаған орта сапасы және бақылау басқармасы мен "АстанаГазҚызмет" ЖШС және "Бәйтерек" ПИК қауымдастығы арасында газ тарату жүйелерінің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысты өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Келісім аясында "АстанаГазҚызмет" ЖШС үйдегі газ желілерін компания балансына беру сәтінен бастап міндеттемелерді өзіне қабылдап, 104-шұғыл телефон желісі арқылы газ қызметіне қатысты қала тұрғындарының өтініштеріне тәулік бойы тегін қызмет көрсететін болды.

Ақтөбедегі құрғап кеткен Сазды өзені 2020 жылы сумен толтырылатын болды

"Қазсу шаруашылығы" РМК Ақтөбе филиалының атқарушы директоры Ә.Әлизақтың айтуынша, Сазды өзенінің аңғарында су жетіспеушілігіне байланысты Ақтөбе су қоймасынан бүгінде 3 млн текше метр су жіберілген.

Өткен жылдың мамырында Ақтөбе су қоймасын Сазды өзеніне жалғау арқылы облыс орталығындағы экологиялық жағдайды реттеуге бағытталған жаңа жоба басталған. Жоба құны – 1 млрд 360 млн теңге. Бүгінде оның 650 млн теңгесі игеріліпті. Жоба аясында "Ремстрой" ЖШС мердігер компаниясы су таратқыш құрылғысын салады. Құрылғыны толықтай іске қосу жұмыстарын қазан айына дейін бітіруі тиіс. Ал, өзенді суға толтыру 2020 жылдың көктеміне жоспарланған.

Қарағандыда саябақта аударылған батуттың иесі ұсталды

40 жастағы қала тұрғыны қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, батутты заңсыз орнатқаны үшін уақытша изоляторға қамалды. Қылмыстық кодекстің "Адам өліміне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсету" бабы (306 баптың 3 бөлімі) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

25 мамырда Қарағандыдағы орталық саябақта қатты желден батут аударылып, 11 жасар бала оқиға орнында көз жұмды. Екі бала түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайлары ауыр, екеуі де әлі жан сақтау бөлімінде жатыр.

Жыл басынан бері Елордада 11 батуттың жұмысы тоқтатылған

Бас қаланың әкімдігі ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлернің аумағында аттракциондар мен ойын нысандарын орнатуға рұқсат бермей отыр. Соған қарамастан кәсіпкерлер сауда үйлерінің иесімен келісім-шартқа отырып, батуттарын орната беретін көрінеді.

"Келісім-шарт талаптарына сәйкес егер желдің күші секундына 10 метрден асатын болса, кәсіпкерлер ауа райы жақсарғанша аттракциондарды пайдалануды уақытша тоқтатуы тиіс" деп хабарлады әкімдіктен. Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті аттракциондарды пайдаланудың қауіпсіздік ережесі туралы жоба әзірлепті. Онда ойын-сауық нысандарын пайдаланудың тетіктері қарастырылған.

"Аманат" азаматтық платформасы сайлауға 6 мың бақылаушысын дайындады

Әкімшісі Л.Диастың айтуынша, бақылаушылар саны сайлауға дейін әлі 1,5 есеге өсуі ғажап емес. "Аймақтарда қазақстандықтар сайлауға бақылаушы болуға аса қатты белсенділік танытып отыр" дейді ол.

Қоғамдық белсенділер сайлау күні барлық учаскені бақылаушымен қамтамасыз етуге үмітті.

Елордада туу көрсеткіші 2050 жылға қарай екі есеге төмендейді

Ресейлік Strategy Partners Group компаниясының сарапшылары осылай деп мәлімдеді. Айтуларынша, осы мерзімге таман әйелдер бала туудан гөрі, мансапқа ден қояды.

Компанияның кеңесшісі А.Грузенкиннің сөзіне сенсек, 2050 жылға қарай бас қалада ер азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 80 жасқа дейін, әйелдердікі 84 жасқа дейін өседі. Сарапшылар сондай-ақ 2052 жылға қарай Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының саны 2,5 млн, ал Қазақстан халқының саны 25,4 млн-ға дейін жетеді деген болжам жасады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Алдағы үш тәулікте күн жылынады. Мамырдың соңғы күндерінде Қазақстанның көптеген облысында ауа температурасы жоғарылайды. Күннің жылынуымен қоса, жаңбыр мен найзағай, екпінді жел күтіледі. 28-30 мамырда солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік облыстарында жауын-шашынсыз болғанымен, батыс облысы аймақтарында белсенді циклондық құйын қалыптасты. Соның салдарынан онда жаңбыр, ал оның шығысқа қарай ығысуымен республиканың қалған аймақтарында жаңбырмен бірге найзағай күтіледі.

24.kz: Көкшетаудан Мәскеуге қатынайтын әуе рейсі ашылды. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалидың айтуынша, "Суxой Суперджет 100" ұшағы Көкшетаудан әр жексенбі күні ұшады. Билет бағасы бір бағытқа 47 мың теңге. Ал, әуе кемесі Мәскеудің "Жуковский" әуежайына барып қонады. Алдағы уақытта аталған рейс аптасына екі рет ұшуы мүмкін.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары