Тікелей эфир

Анықтама алуға кезекте тұрмау үшін Egov порталын пайдалануды үйреніңіз. Нұсқаулық

Арнайы informburo.kz үшін Дина Ли
Арнайы informburo.kz үшін Дина Ли
Электрон үкімет сайтынан мемлекеттік қызмет алу жолдарын осы материалда баяндаймыз.

Egov.kz порталын қалай пайдалану керек екенін білу – оңай шаруа емес. Егер бұған азғантай уақытыңызды бөліп, ұғып алсаңыз, өміріңізді жеңілдетуге болады. Informburo.kz "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен бірге электрон үкіметтің сайтына тіркелуге ғана көмектесіп қоймай, мемлекеттік қызметті үйде отырып-ақ алудың нұсқаулығын әзірледі.

Egov.kz сайтымен жұмыс істеуге кез келген компьютер жарай ма?

Egov.kz сайтына планшет немесе смартфоннан, компьютер не ноутбуктан да кіруге болады. Әзірше мобайл қосымша дамып жатыр, сондықтан гаджеттермен интернеттегі барлық мемлекеттік қызметке қосылу мүмкіндігі аз. Электрон үкіметтің барлық бөлімі компьютер қолданушыларына ашық.

Компьютерге де, ноутбукқа да мәліметтерді қорғауға арналған NCALayer деп аталатын арнайы программа орнатылуы керек. Оны компьютерге орнату оңай. Ол үшін ҚР Ұлттық куәландырушы орталығының PKI.gov.kz сайтына кіріп, "ЭЦҚ кілтін алу" бөлімін, Windows-қа арналған, Linux-ке арналған немесе MacOSX-ке арналған нұсқаларының бірін таңдап программаны жүктеу керек. Одан кейін жүктелген программа компьютерге орнатылып, іске қосылады.

Egov.kz сайтына тіркелу үшін не керек?

Электрон цифр қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу қажет. Ол халыққа қызмет көрсететін кез келген орталықтан алынады. Ол үшін сайтта да талап етілген барлық мәліметті көрсетіп (ЖСН, электрон пошта, өзіңіз баратын Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан елді мекен атауы) өтініш беруге болады. Содан соң өзіңіздің электрон өтінішіңізді жүктеп алып, жеке куәлігіңізбен Халыққа қызмет көрсету орталығына барасыз. Бұл сіздің атыңыздан басқа біреудің өтініш бермегенін дәлелдеу үшін керек.

Халыққа қызмет көрсету орталығында ЭЦҚ алуға кезекке тұру үшін талон алып, өтінішіңізге қызмет көрсету орталығындағы маманға қол қойдырасыз. Осыдан кейін бірден PKI.gov.kz сайтынан ЭЦҚ жүктеп алуға болады, бұл үшін компьютеріңізден кіріп, өтініш нөмірін енгізу жеткілікті. ЭЦҚ-да екі кілт бар: біреуі Egov.kz сайтында жеке кабинетіңізге кіру үшін, екіншісі қызметті алу кезінде қол қою үшін. Әрі қарай ЭЦҚ-ға құпия сөз ойлап табу керек, ол бір жылға дейін жарамды. Құпия сөз 8-ден аспайтын, кемінде 6 символдан тұруға тиіс. ЭЦҚ бір жылға жарамды.

Egov.kz сайтына тіркелу тәртібі

Egov.kz порталына төрт тәсілмен кіруге болады. ЭЦҚ-мен кіретін екінші тәсілді қарастырайық, өйткені онымен сайттағы барлық мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік бар. Әуелі басты беттегі "Жеке кабинет" батырмасын басамыз, төрт беттің ішінен ЭЦҚ таңдап, әрі қарай "Сертификатты таңдау" және сақталған жерден (флеш-картадан немесе компьютерден) AUTH-бірінші кілтінің үстінен басамыз. Соңында құпия сөзді енгіземіз. Кейде істемей тұруы мүмкін, сондықтан авторизация кілті мен құпия сөзді бірнеше мәрте енгізуге тура келеді.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как пользоваться Egov и не стоять в очередях за справками? Инструкция

Мемлекеттік қызметті қалай онлайн алуға болады?

Қазақстандықтар электрон үлгіде алғысы келетін, бірақ жұрттың бәрі бірдей ала білмейтін мемлекеттік қызметтердің біреуін қарастырайық. Әңгіме салық қарызы мен оны төлеу жөніндегі үзінді көшірме туралы болмақ. Қажетті қызметті "Салықтар" сөзін енгізу арқылы іздеу жүйесінен тауып алу ыңғайлырақ. Портал ондаған сілтемені көрсетеді, оның ішінен қажетін таңдау керек, мәселен жеке тұлғаларға. Егер қарызыңыз болса, "Толығырақ" батырмасын баса отырып, онымен таныса аласыз. Бұл ретте "Көлік салығы", "Мүлік салығы" немесе "Жер салығының" қайсына қарызыңыз бар екені, тіпті өсімпұлы бар-жоғына дейін нақтылап аласыз.

Қарызды бірден төлеп құтылуға мүмкіндік бар. Бұл үшін арнайы ашылған парақшадағы батырманы басып, банк картаңыздың мәліметін енгізу жеткілікті. Маңызды ескерту – банктен онлайн төлемдерге рұқсатты рәсімдеу керек. Бұл ретте төлейін деп отырған мүліктің қай салық органында тіркелгеніне назар аудару керек. Мәселен, Нұр-Сұлтанның Есіл ауданында болса, Алматы ауданының органына төлем жасау қате. Мұндай жағдайда Мемлекеттік кірістер комитетіне қаражатты қайтару туралы өтініш жазып, қарызды қайтадан төлеу керек болады.

Egov.kz арқылы төлем жасаудың артықшылығы не?

Салық пен айыппұлды төлеу керек болса, қаражатты аударғаныңыз туралы ақпарат сайттың базалар дерегінде сақталады, тіпті түбіртекті жоғалтып алсаңыз да, оны кез келген уақытта шығарып алуға болады. Egov.kz порталы арқылы жүргізілетін кез келген төлемнен 100 теңге комиссия алынады. Ұялы телефон байланысы мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қатысты аударымдарға комиссия алынбайды.

Egov.kz порталындағы жеке кабинет дегеніміз не?

Бұл - электрон үкімет сайтындағы қолданушының парақшасы. Ол жерден барлық негізгі мәліметті көруге болады: төлқұжаттан бастап неке қию туралы куәлікке дейін. Оның санатында әрдайым оңай әрі тез алына салмайтын пайдалы мәлімет көп. Egov.kz жеке кабинетінде, мәселен, "Борышкерлер тізілімі" тармағы бар, егер қолданушының қандай да бір қарызы болса, ол бұл туралы бірден біледі және сол жерден төлеп тастай алады. Қарыз бар-жоғын іздеп жатудың керегі болмайды.

Сонымен бірге мұнда айыппұлдарға арналған бөлек тармақтар бар: көлік және әкімшілік, жеке кәсіпкер статусына, баспана кезегі, емханаға тіркелу туралы ақпарат, жұмыс берушінің әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша аударымдары, яғни, бір сөзбен айтқанда, өзіңіздің жағдайыңызды бақылап отыру үшін білуіңіз керек мәліметтердің бәрі бар. Парақшаның ең төменгі шетінде тағы бір пайдалы бөлім бар – "Үкіметпен байланыс". Оның көмегімен тікелей сайттан салық төлеушінің кабинетіне өтіп, министрдің қабылдауына жазылып, азаматтардың өтінішін рәсімдеуге немесе "Азаматтарға арналған Үкіметтен" кезекті броньдауға болады.

Авторы Игорь Мосунов

Аударған Мәншүк Шапхатқызы

Серіктестер жаңалықтары