Нью-Йорк халықаралық автошоуы 1900 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Солтүстік Америкада тұңғыш көлік көрмесі ретінде әйгілі. Автошоуға қатысатын алып көлік концерндерінің жаңа модель дебюті мен түрлі көліктің жаңа шығарылымын таныстыруы көрменің артықшылығы болып саналады.
Мысалы, биылғы шоуға қатысқан 24 көлік құрастырушы компания өкілдері осы жылдың соңына дейін сатылымға шығатын 10 жаңа көліктің дебютін жасап, 2020 жылы коммерциялық нұсқасы шығатын 25 көлікті алғаш рет көрмеге қойды. Одан бөлек, 5 көлік концепті таныстырылды.
Біз, өз кезегінде, қай авто құрастырушылардың өнімі тұтынушының қызығушылығын арттырғанын және қай көлік концептіне сұраныс артуы мүмкін екенін анықтауға тырысып көрдік. Ендеше көрмеге қойылған көліктерді таныстыруды бастаймыз.
Американдықтардың таңдауы – Мерседес Бенц
Көрмеге кірген адамға неміс авто концерні Мерседес Бенц көліктері бірден көзге түседі. Себебі аталмыш компанияның көліктері американдықтар арасында ең қолайлы әрі люкс бренді үздігі деп саналады.
Төмендегі көлік Мерседес Бенц компаниясының AMG моделінің жаңартылған A 35 нұсқасы болып саналады. Ол 2020 жылы сатылымға шығарылмақ. А-класына жататын көлікке қызыққан қауым аз болмады. Себебі, мамандардың айтуынша, ол бұрынғыдан кішірек, бірақ қуаттырақ.
AMG сериясымен шығатын C 63 S Cabriolet моделі де көрмеге келушілер назарынан тыс қалған жоқ. Мерседес Бенц компаниясының кабриолетіне әсіресе оңтүстіктері штаттардан келген американдықтар қызыға қарады. Алуды ниет еткендер, сол жерде бірден өтініштерін қалдырып жүре берді.
Maybach – Мерседестің басты көрік ашары
Мерседес Бенц өкілдері автошоуға S 560 Maybach Sedan моделін алып келген. Көрмеге келген азаматтардың аталмыш көлікті сатып алуға шамасы жетпесе де, мініп көруге мүмкіндіктері болды. Айта кетсек, бұл модельдің жаңартылған шығарылымы бүгінде халықаралық нарықта $170-180 мың тұрады.
Mersedes-Maybach S560 моделіне ұқсас S650 нұсқасы көрмеге қойылмаған. Оның нарықтағы бағасы – $200 мың.
Көрмеде спорттық көліктерді де кездестірдік. Әсіресе, Mersedes Benz концернінің AMG GT сериясының Roadster моделі жылдамдық сүйер қауымды қызықтырды. Олардың орайына, көлікке алдын ала тапсырыс беру мүмкіндігі де жасалған екен.
Мерседес Бенц компаниясының дебюті тізіміне кірген көліктердің арасында Mersedes GLC Class моделі де бар. Оның алдынғы көрінісі осыған дейінгі шыққан нұсқаларынан айтарлықтай айырмашылық танытпайды. Дегенмен оның техникалық мүмкіндігі артқаны анық.
Одан бөлек, аталмыш модель 2019 жылы әлемдегі SUV санатындағы компактты люкс категориясы бойынша ең үздік деп табылды.
Мерседес Бенц алыс болашаққа да бағдар алып қойған
Бүгінде кез келген алып автоконцерн нарықтағы үлесінің азаймай, керісінше артуы үшін нарықтағы сұранысты мұқият зерттеп, инновацияның мүмкіндіктерін оң пайдалануға тырысып келеді. Мысалы, соңғы жылдары электр энергиясы негізінде қозғалатын көліктерге сұраныс арта бастады. Ол қоршаған ортаны ластамайды әрі бензинге қарағанда қауіпсіз.
Неміс көлік құрастырушы компания да өзінің электромобилін құрастыра бастағанына біраз болды. Толық электр энергиясымен жүретін Мерседес 2020 жылы сатылымға шығарылмақ. Ол халыққа Нью-Йорк халықаралық көрмесінде таныстырылды.
EQC моделіне алдын ала төлемдер қабылдау басталған. Ал неміс компаниясы әзірге күніне 100 көлік құрастыруды көздеп отыр. Германиядағы тұтынушылар үкімет тарапынан жеңілдік алады. Ал өзге елдерде мұнда мүмкіндіктер әзірге қарастырылмапты.
Америкалықтардың сүйікті Форды
Ford Motors – Америка құрлығында көлік құрастыруды бастаған алғашқы компаниялардың бірі. Оның негізін салушы өнертапқыш Генри Форд қарапайым халыққа қолжетімді көлік жасап, оны қоғамның игілігіне ұсынады. Компания тәжірибесі бір ғасырды басып өтсе де, Америка нарығында біріншілікті бермей келеді.
Ford Motors компаниясының АҚШ-тағы GMC сынды алып бәсекелестері он жыл бұрынғы дағдарысқа төтеп бере алмады. Форд концерндерін жапқан емес. Сонымен, бұл алып көлік компаниясы авто көрмеде несімен көзге түсті? Анықтап көрдік.
Ford Motor компаниясы соңғы 35 жылдан бері АҚШ нарығында көш бастап келеді. Өткен жылы Ford шығарған 2,4 миллион көлік АҚШ нарығында сатылған. Одан кейінгі орында Chevrolet пен RAM өнімдері тұр. Автокөрмеге Фордтың ең көп сатылған Ford Explorer, F-150, Flex, Fusion, Mustang, Mustang Ecoboost модельдері қойылды.
Төмендегі суретте Ford GT Heritage моделі көрсетілген. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл модель осы жылдың соңында сатылымға шығарылады. Алты цилиндрлі спорттық көліктің нарықтағы бағасы әзірге белгісіз. Бірақ көлік нарығын зерттеушілердің пікіріне жүгінсек, көліктің стандартты түрі $450 мыңнан кемге сатылмасы анық. Ал тағы да қуаттандырылған үлгілерінің жарты миллион АҚШ долларынан жоғары тұрары болжалған.
Ford компаниясының Shelby сериясымен шығарылатын GT500 моделі 2020 жылы тұтынушылар қолданысына беріледі. Оның жаңартылған дизайны Нью-Йорк халықаралық авто көрмесіне қойылды.
Shelby жаңа моделінің техникалық мүмкіндіктері әзірге жарияланбады. Бірақ Ford компаниясы өкілдерінің айтуынша, жаңа көліктің 700 ат күші болады. Бағасы осы жылдың соңына қарай жарияланады.
Форд тұтынушыларын қызықтырған тағы бір модель – Ford Mustang EcoBoost – осы сериямен шығарылып жатқан көліктердің кейінгі ұрпағы. Mustang EcoBoost өзіне дейін шыққан 6 цилиндрлі Mustang V6 моделінен қуаттырақ емес. Бірақ қоршаған ортаға зияны аздау.
Айта кетсек, жаңа модельмен сағатына 100 шақырым жылдамдыққа жету үшін небәрі 4,5 секунд қана қажет.
Toyota көліктеріне сұраныс артқан
Toyota әлемдегі нөмірі бірінші бренд екеніне ешкім де шүбе келтіре қоймас. Күн шығыс елінде құрылған автоконцерн көліктері бүкіл әлемде қолданылады. Әсіресе, АҚШ нарығында олардың қолданушылары көп. Toyota Motor корпорациясы өкілдері Нью-Йорк халықаралық авто көрмесіне америкалық нарықта сатылымдағы барлық көліктерін қойған. Одан бөлек, болашақта сұраныс артатын электромобильдері де бар.
Toyota компаниясы көлік индустриясына 1938 жылы ауысып, Америка құрлығына алғашқы автомобилін 1958 жылы экспорттайды. Бүгінде жапондық компанияның АҚШ нарығындағы үлесі айтарлықтай үлкен. Мысалы, өткен жылы аталмыш компанияның дилерлері америкалықтарға 10,4 миллион дана көлік сата алған. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.
Жыл сайын тек АҚШ емес, бүкіл әлемде жапон көліктеріне қызығушылық артып келеді. Себебі олардың қолайлылығы мен жарамдылығы жоғары деңгейде. Айта кетсек, Toyota Motor корпорациясында соңғы 15 жылда шығарылған көліктердің 87 пайызы әлі күнге дейін қолданыста. Мұндай көрсеткіш әзірге ешбір өзге компанияда жоқ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің ең көп бөлігін Toyota компаниясы сұратқан. Сәйкесінше олардың көрме алаңы өзге автоконцерндердікінен үлкенірек.
Toyota Motor өкілдері халықаралық көрмеге арнайы дайындақпен келгенін байқадық. Жапондар әсіресе, бүгінгі көліктерді алмастыратын транспорт түрлерінің концептісін дайындап келген. Мысалы, төмендегі суретте Toyota FV2 атты жаңа футуристік модельді көре аласыз. Жапон компаниясы өкілдерінің айтуынша, олар автономды тәртіпте қозғалатын көліктердің дәуірі келе жатқанын ескеріп, сол заманның стандартты электромобилін құрастырып жатқанын айтады. Айта кетсек, бұл көлік алғаш рет 2013 жылы Tokyo Motor Show көрмесінде таныстырылды. Әзірге оның жаппай сатылымға шығарылатын уақыты белгісіз.
Жапондар көлік қозғалысы автоматтандырылғаннан кейін адамдардің автомобильге қызығушылығы төмендейтінін айтады. Сол кезде Toyota FV2 өзінің ерекшешілігімен көзге түседі екен. Себебі оның толық атауы – Fun Vehicle 2, яғни "Үірімпаз Kөлік 2". Бірақ жапондар әзірге футуристік көліктің ерекшеліктері туралы айтпауды жөн көрді.
Camry, бұл – Toyota
Бүгінде көлік индустриясына қызықпайтын кез келген адамнан сұрасаңыз да, Toyota компаниясының Camry моделі жайлы біледі. Ең болмаса, бір рет естігені анық. Сол сияқты Camry моделі көрме ажарын ашты. Себебі соңғы бірнеше жылдан бері аталмыш модель Америка құрлығында ең көп сатылған көліктердің тізімінде көш бастап тұр.
Нью-Йорк қаласының түрлі округтерінде бірнеше күн серуендесеңіз, такси сынды қызмет көрсету салаларынан бастап күнделікті қолданыста американдықтардың керегіне жарап жатқан көліктердің басым бөлігі Toyota Camry моделі екенін аңғарасыз.
Toyota Camry моделінің 2018 жылдан бастап сутегі негізінде қозғалатын нұсқасы шығарыла бастады. Бірақ әзірге шектеулі санмен жасалып жатыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Toyota Motor корпорациясы мамандары болашақта сұраныс артатын көлік концепциясына аса көп көңіл болып отыр. Сутек негізінде қозғалатын электромобиль Toyota Mirai де солардың жемісі. Mirai сөзі ағылшын тілінен аударғанда "Болашақ" деген ұғымды береді. Бұл әлемде коммерциялық негізде жасалған алғашқы сутекті электромобиль. Нақтырақ айтсақ, Toyota Motor мамандары бірінші болып сутекті энергияға айналдыратын мотор алгоритмін құрастырып, оны сатуға шығара алды.
Төмендегі суретте Toyota Mirai моделінің 2020 жылы шығарылатын нұсқасын көре аласыз. Ол бұрынғыдан да жылдам әрі қолайлылықпен қамтылып, Токиода өтетін Олимпиада ойындары қарсаңында жаппай сатылымға шығарылмақ.
Toyota Mirai 2014 жылдың қараша айынан сатылымға шығарылып, Бүгінге дейін 10 мыңға жуық данасы сатылды. Әзірге тек дамыған елдерде ғана сутекті жанармай толтыру бекеттері іске қосылғандықтан, мұндай көліктерге жаппай сұраныс болған емес. Бірақ жылдан-жылға олардың саны өсіп келеді.
Неміс өнімі, америка сенімі
Неміс авто концерні Audi халықаралық көрмеге Quattro сериясындағы көліктерін қойды. Автокөрмедегі барлық Audi модельдерінің төрт дөңгелегі де тартатын жүйемен қамтылған. Бұл жылдамдық пен қуатты таңдайтын америкалықтар үшін сенім береді. Сондықтан болса керек, Audi Quattro сериясымен шығатын жаңартылған модельдерге тапсырыс үздіксіз қабылданды.
Audi Quattro сериясының алғашқы моделі Америка нарығына 1983 жылы жеткізілді. Содан бері неміс компаниясы АҚШ территориясында өзінің 24 түрлі моделін саудалайды. Audi концернінің Allroad Quattro, V8, Q5, Q7, A6, Cabriolet сынды модельдері американдықтар талғамына сай табылып жүр.
Жоғарыда айтқанымыздай, халықаралық көрмеге қойылған барлық Audi автомобильдерінің төрт дөңгелегі тартатын Quattro сериясына жатады. Мысалы, Audi TT RS көлік моделі. Компания жоспары бойынша, 2020 жылдың орта шенінде сатылымға шығарылады. Бағасы – $67 895. Көрсетілген бағаға жеткізіп беру құны да кіріктірілген.
Audi концернінің кезекті спорттық көліктерінің бірі – Audi R8 V10. Төрт дөңгелегі бірдей тартатын бұл көлік те келесі жылы жаппай сатылымға шығарылады. Айта кетсек, бұл модель моторында 602 ат күші бар және сағатына 100 шақырым жылдамдыққа небәрі 3,2 секундта жетеді.
Көрмеге көзге түскен Audi компаниясы өнімдерінің тағы бірі – Audi Q3 Quattro болды. Бұл 2012 жылдан бері шығады. Ал оның биылғы нұсқасы ішкі интерьерінің толық өзгеруімен ерекшеленген. Әрине, қуаты да артқан. Тек, сыртқы пішіні еш өзгеріссіз.
Audi концерні де өзге бәсекелес компаниялар сынды болашаққа инвестиция салуды бастап жіберген. Компания зертханаларында да электр энергиясы негізінде қозғалатын көлік концепциясы жасалып жатыр. Солардың бірі – Audi RS 5. Бұл концерндегі E-Tron моделінен кейінгі екінші электромобиль болып отыр.
Мотор қызметі электр энергиясына бейімделгендіктен, оның қуаты біршама азайған. Нақтырақ айтсақ, оның қуаты 355 ат күшімен теңестірілген. Бағасы әзірге белгісіз.
Porsche, әдеттегідей, стилімен ерекше
Немістің Porsche автоконцерні Нью-Йорк халықаралық автокөрмесіне еш дебютсіз келген. Компания брендімен көрмеге қойылған көліктердің барлығы бүгінде сатылымда бар және олардың жуырда шығарылатын көліктері мен олардың концепциялары қойылмапты.
Десе де, Porsche көліктері өзінің ерекше стилімен ерекшеленді. Сол себепті де, көптеген американдықтардың бұл компанияның көрме алаңынан кеткілері келмеген болар.
Мына көлікті көргеннен кейін, тоқ қызыл түс Porsche спорттық көліктеріне арналғанына сене бастайсыз. Расында, Porsche 911 Speedster көлігі жылдамдығы немесе қуатымен емес, дизайнымен тұтынушыларды өзіне тартады.
Porsche концернінің өкілдері халықаралық автокөрмеге 7 түрлі моделін қойды. Олардың қатарында Porsche 911, 911 Speedster, Cayman, Cayenne және Panamera болды.
Төмендегі модель де Porsche 911 Speedster сериясының спорттық жарысқа арналған нұсқасы. Оның сыртқы дизайны өзге Speedster модельдеріне қарағанда біршама өзгеше. Сосын спорттық нұсқасының қуаты да көбірек.
Porsche 718 Boxster GTS моделінің қуаты 365 ат күшімен тең және сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 3,9 секундта жетеді. Ал ең жоғары жылдамдығы – сағатына 180 шақырым.
Acura – Америкадағы ең танымал люкс бренд
Acura жапонның Honda көлік корпорациясының құрамындағы бренд екені белгілі. Оның Америка құрлығында танымал болуының нақты себебі бар. Жапондық компания 1980 жылдары американдықтар мен канадалықтар үшін көліктің арнайы люкс моделін жасауды ойластырған. Нәтижесінде, Acura моделі құрастырылды. 1986 жылдан бері бұл бренд Солтүстік Америка елдерінде сатылымға шыға бастады.
Americar Auto Experts ұйымының зертеуіне сенсек, орта есеппен әрбір америкалық өз өмірі барысында 9 рет көлік сатып алады екен. Соның біреуі – Acura моделі..
Суреттегі қызыл түсті Aсura TLX PMC Edition алғаш рет Нью-Йорктегі халықаралық автокөрмеде әлемге таныстырылды. Бұл дебют 2020 жылы жаппай сатылымға шығарылмақ.
Acura модельдері өзге де люкс седан көліктеріне қарағанда арзан әрі қолайлы болып келген. Мысалы, Acura TLX PMC сериясының бағасы 41 442 АҚШ долларынан басталады.
Acura компаниясы өкілдері Нью-Йорк автокөрмесінде люкс модельдерімен қатар, спорттық көліктерінде көрсетті. Мысалы, төмендегі суреттегі Acura NSX GT3 моделі соның дәлелі. NSX моделі спорттық жарыстарға арнап құрастырылған. Ең жоғары жылдамдығы – сағатына 307 шақырым.
Acura өкілдері алып келген тағы бір спорттық көліктердің бірі – ARX-05. Бұл модель сериясы 2020 жылы сатылымға шығарылады, тек спорттық жарысқа арналған көлік болғасын, оның саны шектеулі. Бағасы әзірге белгісіз.
Неге премиум люкс көліктері АҚШ нарығында көп?
Lexus Toyota Motor корпорациясының премиум көліктері бренді екені белгілі. Toyota компаниясы өкілдері Honda концернінің Acura бренді сынды дамыған елдер нарығына премиум көлік шығару мақсатында Lexus брендін қалыптастырды. Бүгінде Lexus автомобильдері әлемнің 70 елінде сатылып, Жапониядан шыққан 10 әлемдік бренд қатарына енді.
Қалталы азаматтардың барынша ең ыңғайлы көлік мінуге ұмтылатыны айдан анық. Қаржысы жетіп тұрған соң, неге ыңғайлысын әрі таңдаулысын алмасқа?! Америкалық нарықта дәл сондай тұтынушылар көп болғандықан, кез келген концерн сол нарықтың сұранысын дайындауға тырысады. Бұл орайда, Toyota инженерлері мен дизайнерлері дөп түсіп, Lexus модельдерін ұсынған.
Lexus премиум класс көліктері қатарына жатқызылғандықтан, олардың бағасы салыстырмалы түрде жоғары. Мысалы, Lexus LC 500 көлігінің бағасы – $92 200. Десе де, орта деңгейдегі жағдайы бар азаматтарға бұл баға аса жоғары да емес.
Кейбір сарапшылар Lexus премиум көліктерін өз бағасына тұрарлық деп санаса, тағы біреулер оның тым қымбат екенін меңзейді. Мысалы, премиум санатындағы Audi, Acura және Porsche көліктері Lexus брендінен арзан. Бірақ қуаты салыстырмалы түрде тең, кейде жоғары болады.
Lexus мамандары халықаралық автокөрмеге қойған тағы бір премиум моделі – Lexus RC F Track Edition. 2020 жылы сатылымға шығарылды. Премиум көлік бола тұра, спорттық жарыстарға бейімделуі – басты ерекшелігі. Lexus мамандарының айтуынша, әрі таңдаулы, әрі жылдам көлікті аңсайтын тұтынушыларға таптырмайтын ұйқас болмақ.
8 цилиндрлі мотормен қамтылған Lexus RC F алғаш рет 2014 жылы таныстырылды. Ал оның 2020 жылғы нұсқасы осыған дейінгі модельдеріне қарағанда жылдам. Сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 4,2 секундта жетеді.
Alfa Romeo – француз өнері мен италия стилінің қосындысы
Кезекті неміс концерні Alfa Romeo өкілдері де халықаралық көрмеге айтарлықтай жаңалық әкелген жоқ. Олардың жаңа дебюті де болмады. Тек бүгінде сатылымда бар модельдері көрмеге шығарылыпты.
Өздеріңізге белгілі, Alfa Romeo концернінде көбіне спорттық көліктер шығады. 1911 жылдан бері әлемдегі барлық спорттық жарыстарға қатыстырылады. Төмендегі суреттен Alfa Romeo 4C спорттық көлігін көре аласыз.Нью-Йорк халықаралық автокөрмесіне қойылған спорттық автомобильдердің үздіктеріне еніп отыр.
Alfa Romeo концернінде шығатын көліктердің тағы бір артықшылығы оның салмағының жеңілдігінде. Сол себепті де, италиялықтар құрастырған көлік орнынан жылдам қозғалады. Жоғарыға тарту күші де айтарлықтай үлкен. Мысалы, оның ең жоғары жылдамдығы – сағатына 258 шақырым.
Жоғарыда айтап өткеніміздей, Alfa Romeo спорттық жарыстарға арнап көлік шығарады. Компанияның Formula One жарыстарына арнап шығарған моделін төмендегі суреттен көре аласыздар.
Maserati – экзотикалық бренд
Көрмеге қойылған көліктердің арасында жалпыға бірдейі мен премиум және люкс санатындағылары да болды. Ал италиялық Maserati концерні экзотикалық көлік модельдерін ұсынды. Компания жетекшілері "экзотика" деп көліктің талғамын жоғары деңгейге қоятын тұтынушыларға арналған көлікті шығаратынын білдіргісі келген. Расында, спорттық әрі люкс көліктеріне қызығатын адамдарға арналған өнім дизайнына жоғары баға бермеуге болмайды.
Мысалы, төмендегі Maserati Quatroportе моделі 104 400 АҚШ долларынан басталады. Оның алғашқы моделі 1962 жылы шыққан. Ал АҚШ құрлығына 1963 жылдан бері экспорталады. Айта кетсек, өткен жылы АҚШ нарығында 15 400 дана Maserati Quatroporte сатылған.
Maserati авто концерні инженерлері әр адамның талғамына қарай көлік құрастыруға тырысады. Сондықтан да, компанияның АҚШ нарығына арналған лозунгі "Personalizzazione Maserati" деп аталады.
Көрмеге Maserati Levante кроссовері де қойылды. Оның жаңартылған моделі.
Infiniti болашаққа бағдары
Жапонның Nissan авто концернінде шығатын Infiniti брендінің Нью-Йоркте өткен халықаралық автокөрмесінде сатылымда бар 9 моделі қойылды. Одан бөлек, Болашақта шығарылатын электромобилінің концепциясы таныстырылды. Төмендегі суретте аталмыш компанияның футуристік электромобилін көре аласыз. Атауы – Q Inspiration.
Infiniti Q Inspiration моделі өткен жылы ең үздік дизайн ретінде танылып, адамзаттың футуристік көзқарасын дамуына үлес қосты. Компанияның атқарушы дизайн директоры Карим Хабиб болашақ көліктерінің дизайнын 1960 жылдардағы спорттық көліктерден алғанын айтады. Ол концептінің басты артықшылығы оның дизайнымен қатар, электрлендірілуінде де болып отырғанын жеткізді
Infiniti Q Inspiration моделінің коммерциялық нұсқасы 2019 жылы шығарылуы тиіс болған. Бірақ оның шығу уақыты 2021 жылға кешіктірілді. Оған басты себеп электромобиль құрылымын жетілдіруге уақыт қажет болыпты.
Bugatti, Lamborghini және Koenigsegg
Халықаралық көрменің ортасында әлемдегі ең жылдам көліктер алаңы да болды. Ол жерде Bugatti, Lamborghini және Koenigsegg бар. Расында, әлемдегі жылдам көліктердің жаңартылған тізіміне назар аударсақ, алғашқы ондықта Bugatti Chiron мен Bugatti Veyron 16.4 модельдері тұр. Төмендегі суретте Оның осы жылғы жаңа сериясын тамашалай аласыздар.
Жасыл түсті Lamborghini де осал емес. Ол ең жылдам көліктердің ондығына ене қоймаса да, өзіндім дизайнымен ерекше. Ал оның нарықтағы бағасы $309 мыңнан басталады.
Lamborghini Huracan EVO Spyder моделі осы жылдың басында Женевада таныстырылды. Көліктің ең жоғарғы жылдамдығы – сағатына 325 шақырым. Ал сағатына 100 шақырым жылдамдыққа небәрі 3.1 секундта жетеді. Сатылымға мамыр айының соңына қарай шығарылды.
Ең жылдам көліктер ондығында Koenigsegg Agera RS спорттық көлігі екінші орында тұр. Оның жылдамдығы сағатына 447 шақырымға дейін жетеді. Көліктің бағасы – $2 500 000. Бұл көліктің әлемде небәрі 25 данасы бар.
Нью-Йорк халықаралы автокөрмесіне BMW, Volvo, Lotus, Mini, Suzuki және Tesla автоконцерндері қатыспады.