Тікелей эфир

Алматылық ару бақыттың сыры – зағип балаларға көмектесуде деп біледі

Гүлсім Айтқазинаның жеке мұрағатынан
Гүлсім Айтқазинаның жеке мұрағатынан
Алматы қаласының 25 жастағы тұрғыны Гүлсім Айтқазина зағип балаларға көмектесу арқылы өзін бақытты сезінеді. Себебі, бұл жұмыстың сауабы мен қоғамға пайдасы мол

Университетті бітірген соң, тәжірибесіз түлекке жұмыс табу қиынға соқты. Ол дипломы бар психолог ретінде мамандығы бойынша жұмыс істеуді армандайтын. Алайда ондай белес бірден бағынбады.

Ұзақ уақыт қол қусырып қарап отырсын ба, Гүлсім Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығына жүгінді. Оның үстіне, бұл мекеме кезінде әкесіне жұмыс табуға жәрдемдескен болатын. Өтініш бергеннен бірнеше аптадан кейін Гүлсімге Жұмыспен қамту орталығынан қоңырау шалып, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктің 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық жұмысқа орналасуды ұсынды. Аталмыш іс уақытша болғанына қарамастан, Гүлсім кешіктірмей келісімін берді.

Осылайша ол зағип балаларға көмектесетін "Алматы ан-Ниса мүгедектері" қоғамдық бірлестігіне қарасты "Үміт аймағы" қорына жұмысқа тұрды. Кейіпкерімізге мұндағы жұмыс еш қиындық әрі ерекше болып көрінбеді. Өйткені, Гүлсімнің әкесінің де көзі көрмейтін.

"Әкем мен туғалы, яғни, 25 жылдан бері бұл дүние мен оның жарық нұрын көрмей келеді. Сондықтан болар, жаңа ортаны жатсынбадым. Бала кезімізден зағип жанға қамқорлықтың не екенін біліп өстік. Денсаулығындағы кінәратқа байланысты әкем еңсесін түсірген емес, емен-жарқын күйде массажист болып еңбек етеді. Айтпақшы, "Еңбек" бағдарламасы туралы дәл осы асқар тау әкем айтқан еді. Қордағы жұмысымда өзімнің пайдалы бола алатынымды аңғарамын. Себебі, көзі көрмейтін замандастарымызға тіршілік етудің оңай соқпайтыны анық", – дейді Гүлсім Айтқазина.

Гүлсімнің міндетіне балаларды қордағы дәрісханалар мен үйірмелерге ертіп апару кіреді. Бұл жерде олар дойбы, шахмат және менталды арифметикамен айналысады. Олармен психологтар жұмыс істейді.

"Балалар біздің қорға келгенді қатты ұнатады, себебі мұнда олар қатарластарымен сырласып, бос уақытын қызықты өткізеді. Карантиннің алғашқы айларында бәріміз үйде отыруға мәжбүр болғанымызда біздің кішкентай қонақтарымыз қапаланып, сабақтарын сағынды", – дейді Гүлсім.

Алматылық ару қордағы жұмысы өзіне де аса маңызды екенін айтты.

"Жастар көбіне оқу бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай жатады. Әрине, олар көбіне жалақыны азсынады. Дегенмен өз басым уақытты босқа жоғалтпау қажет деп санаймын. Айлар бойы жұмыс іздеумен үйде сарыла бергенше, қоғамдық жұмыстарда уақытша болса да, игілікті іс атқаруға болады. Ал егер сіз өзіңізді жақсы жағынан көрсетсеңіз, жұмыс орнында әрі қарай да қала аласыз", – дейді ізгілікке құштар алматылық ару.

Кейіпкеріміз үшін қорда жұмыс істеудің артықшылықтары – тұрақтылық, уақытылы жалақы, тәжірибе жинау мүмкіндігі. Оның үстіне, ол өзіне сеніп тапсырылған істі қастерлі және өте сауапты деп есептейді. Ол мұны балалардың бақыттан бал-бұл жайнаған жүздерінен түйсінеді.

"Әрине, зағиптармен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Мұнда сізге адамның жан-дүниесін танып, психологиясына бойлай білген абзал. Мен оны бастан кешірдім, сондықтан бұл мәселе жаныма жақын. Осы орайда жұмыс орны тұрғысында таңдаудан қателеспедім деп ойлаймын", – деп тұжырымдайды "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушы.

Алматы қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы мамандары атап өткендей, 2020 жылдың басынан бері оңтүстік астаналық 15 863 тұрғын қоғамдық жұмыстарға орналасты. Бағдарламаға қатысу үшін Жұмыспен қамту орталығына барлығы 69 547 адам жүгінген. Мұнда 25 673 адамға тұрақты жұмыс табуға қол ұшы созылса, 18 499 адам уақытша "екі қолға бір күрек" тапты. Қаланың 1 183 тұрғыны әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 453 жас маман жастар практикасына жолданды. 1 705 адам бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алса, 1 005 адам қысқа мерзімді кәсіптік курстарда оқыды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары