Алматыда 2 сәуірде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияның бірінші күні 7060 адам екпе алды. Сенбі күні де мегаполис тұрғындарын иммундау жалғасады. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, 1 сәуірде қала 22 мың доза вакцина алған. Екпенің келесі патриясы жуықта жеткізілмек. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев айтып өткендей, сәуір мен маусым аралығында ай сайын қалаға 250 мың доза вакцина әкелінеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда коронавирусқа қарсы вакцинаны қалай алуға болады? Дәрігерлер вакцинация туралы сұрақтарға жауап берді
Вакцинаны емханалардың егу кабинеттерінде, сауда орталықтарының, базарлардың аумағында ұйымдастырылған жылжымалы егу пункттерінде, арнайы контингенттің медициналық пункттерінде – тиісті ведомствоның қызмет орны бойынша алуға болады.
Сонымен қатар, "Mega Alma-Ata" СОО-да егу пункттерін ашу жоспарлануда. Мұнда айына 70 мың адамға дейін вакцина салу жоспарлануда.
Екпеден кейін дене қызуы көтеріліп, қандай да бір жағымсыз әсерлерін байқаған тұрғындар ең алдымен тіркеудегі емханаларына жүгіне алады. Сондай-ақ, 3000-505 байланыс орталығына, 1312 қысқа нөмірі бойынша телемедицина орталығына хабарласып кеңес алса болады.