Almaty Tech Garden автономды инновациялық кластері қазақстандық стартаптарға қолдау білдіру мақсатында құрылған. Бүгінге дейін Tech Garden жанында құрылған Инновациялық технологиялар паркінде (ИТП) 155 компания бар. Олардың ішіндегі 66 компанияның қызметі IT-өндірісі саласына бағытталған.
Almaty Tech Garden идеядан стартаптық кезеңге өтіп жатқан инновациялық жобаны дербес компания деңгейіне көтерілгенге дейін қолдау білдіреді. Инвесторлармен кездесу ұйымдастырып, даму үдерісі үшін тегін платформалар ұсынады.
"ИПТ" бас директорының орынбасары Асқар Сембиннің айтуынша, стартаптарға қолдау білдіру басталғаннан бері парктің қорына үкімет пен жеке сектордан 24 миллиард теңгедей тартылған. Бұл мемлекеттің инфрақұрылымға, ал кәсіпкерлердің активтерге инвестиция жасаған орта балансын көрсетеді.
Ендеше Алатау баурайындағы "Силиконды алқапта" сұранысқа ие стартаптарға тоқталып өтсек.
BAK IoT
Екі қазақ бағдарламашысы оңтүстік корейлік әріптесімен бірігіп, ELIOT (Electronics IOT) мобильді қосымшалар экожүйесін жасаған. Бұл стартап сауда орталықтарында, ресторандар мен қонақ үйлерде кезекке тұрмай, онлайн сауда жасау немесе тапсырыс беру мүмкіндігін, сондай-ақ, оның төлемін де онлайн режимінде жылдам әрі қауіпсіз жасау технологиясын ұсынады.
Мобильді қосымша бизнес иесіне де тиімді. Ол ресторанда жасалған әрбір төлем транзакцияны шынайы өмір тәртібінде онлайн көре алады. Сонымен қатар, төлемдер туралы ақпараттар легі мемлекеттік салық департаментіне де автоматты түрде жіберіліп отырады.
"Біздің компания ашық экономика саясатын ұстанады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер түсіп отырған табысы арқылы жақын болашаққа стратегиялық болжам жасай алады", – дейді стартап авторларының бірі Жасұлан.
Жасұланның айтуынша, Ресей Федерациясында кәсіпкерлердің онлайн касса тәртібіне ауысуын талап ететін заң қабылдануы ELIOT мобильді қосымшасына тиімді болып отыр. Сондықтан стартапшылар өз жобасын Мәскеу қаласындағы ресторандарға бейімдеуді ұйғарыпты.
Азық-түлік калькуляторы
Мобильді қосымшаның рестораторларға арналған нұсқасы бар. Ол дәмхананың ішкі құрылымындағы есептерді автоматты түрде онлайн жүргізеді. Мысалы, ресторанға алып келінген азық-түлік өнімдерінің жарамдылық мерзімін санап, күні жақын қалғанда ескерту мен ұсыныстарын беріп отырады.
Мониторингтік жұмыстардың көмегімен ресторатор қай тағамға сұраныстың көбірек екенін, оны дайындауға кететін азық-түлікті біліп, жақын уақытта қажет болатын тауар тізімі мен көлемін есептейді. Бұл автоматтандырылған бағдарламалар негізіндегі жасалады.
Қаржы технологиясы
Ресторан иесіне арналған бухгалтерлік қызметтер де мобильді қосымшада бар екен. Қосымшадағы есептеу алгортимдері компаниядағы кіріс пен шығынды, қызметкерлердің жалақылары мен өзге де қаржыларды есептеуге бағытталған.
"Жақын болашақта клиенттердің төлем транзакцияларын банк арқылы жасамаудың амалын табамыз. Яғни, компанияның сыртқы қаржы операциялары да мобильді қосымшаның көмегімен жасалады. Болашақта қаржы технологиясы (Финтех) саласындағы компанияға айналамыз деген ойдамын", – дейді Жасұлан.
BAK POS
Қазақ стартапшылар BAK POS бағдарламасын арнайы тапсырыс қабылдау терминалдарына арнап жасаған. Бұл ресторан қызметкерлері үшін тиімді. Терминалға мобильді қосымшадан жасалған барлық тапсырыстар келіп түседі.
Одан бөлек, тапсырыс бірден асханада тұратын мониторға шығарылады. Демек тапсырыс жасалған уақыттан бастап, ресторан қызметкерлері оны дайындау процесіне кірісіп кете алады.
Бұл клиенттің уақытын үнемдейді. Мысалы, ресторанға келіп, тапсырыс берген соң, сізге тағамның дайын болуын кем дегенде 5-10 минут күтуге тура келеді. Ал ELIOT арқылы сіз ресторанға келмей жатып, тапсырыс жасай аласыз. Өзіңізге орын таңдап, келетін уақытыңызда белгілейсіз. Сосын ресторанға келген кезіңізде, тапсырыс бірден ұсынылады.
Ал төлем алдын ала жасалады. Демек есепті алдырып, оның төлемін жүргізуге де уақыт жұмсамайсыз.
Қазақстан нарығы
Жасұланның айтуынша, ELIOT мобильді қосымшасын Қазақстан нарығына бейімдеу келесі жылы басталады. Бірақ бұл да Қазақстанда онлайн касса тәртібіне қатысты заң қабылданса ғана іске асуы мүмкін. Одан бөлек, қаланың ауқымдығы да басты рөл ойнап отыр. Мысалы, бір Мәскеудің 15 миллион тұрғыны бар. Олардың сатып алу мүмкіндігі де салыстырмалы түрде Алматы немесе Астана қаласының тұрғындарына қарағанда әлдеқайда жоғары.
"Десе де, жақын болашақта Алматы мен Астана, сосын Шымкент қалаларының нарығына енуді бастаймыз", – дейді Жасұлан.
Almaty Tech Garden инновациялық кластерінің бас директоры Санжар Кеттебеков АҚШ-тың Силиконды алқабындағы стартаптармен біріге жұмыс істеудің маңызы орасан зор екенін айтады. Осы мақсатпен ағымдағы жыл соңына дейін Алатаудағы кластердің АҚШ-тың IT-өндірісінің орталығында бөлімшесін ашу жоспарланған.
Айта кетсек, Санжар Кеттебеков жоғары білімін АҚШ-та алып, Силиконды алқапта 20 жылдай тәжірибе жинаған. Ол көбіне жасанды интеллект пен адам психологиясының ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы зерттеулер жүргізген.
Novus Capital
Бұл стартап авторы – 20 жасар қазақ студенті. Ол 15 жасында Билл Гейтстің биографиясын оқып, сол кезде бағдарламашы болуды мақсат еткен екен. Ал 18 жасында жасанды интеллект пен бағдарламалық қамтуды машина оқыту әдісімен қолданып, қор нарығына анализ жасайтын алгоритм құрастыра бастаған.
"Novus Capital компаниясын бірде-бір трейдері жоқ хедж-қор деуге болады. Novus сөзін америкалық доллардағы Джордж Вашингтон банкнотынан (Novus ordo seclorum) алдым. Ал Capital сөзі соңғы жылдары қор биржасында инвестиция жасаумен айналысатын компаниялардың атауында көп кездеседі. Осылай менің стартапымның атауы шықты", – дейді Алматы Энергетика және Байланыс Университетінің 4 курс студенті Мұхаммед Рахметуллаев.
KASE биржасы тым кішкене
Пифагор айтқандай, ғаламды сандар билейді. Сәйкесінше, Мұхаммед қор биржасын да сандар билейтінін айтады. Novus Capital стартапының алгоритмдері қор биржасына техникалық талдау жасап, акция немесе облигациялар бағасының өзгеру бағытын анықтайды.
Алгоритм не трейдер?
Осыдан бір жыл бұрын АҚШ-тағы ең бай қаржы инстуттарының бірі Goldman Sachs өз штатындағы 600 трейдерді жұмыстан шығарып, орнына 200 бағдарламашыны жұмысқа алды. Бұл да компьютерлік алгоритм негізінде жұмыс істейтін автоматтандырылған бағдарламаларға сұраныстың артуынан болып отыр.
"Біз техникалық анализге басымдылық береміз. Ал саяси тұлғалардың жасаған мәлімдемесінен кейін қор нарығында акциялар құлдырайтын болса, біз алгоритмдерді өшіреміз. Нарықтағы өзгерісті адамның эмоциясы басқарған кезде біздің бағдарламалардың қателік жіберу коэффициенті жоғарылай түседі. Сондықтан ондай сәттерде, сауда жасамауды жөн көреміз", – дейді Мұхаммед.
Классика әлде модернизация?
Novus Capital классикалық хедж-қорлары сынды трейдерлердің көмегімен нарықта сауда жасамайды. Рахметуллаев мырза өзі жазған компьютерлік алгоритмдердің көмегімен нарықты автоматты түрде зерттеп отырады. Сонымен қатар, техникалық талдау нәтижесінде ұзақ уақытқа болжам жасау мүмкін емес. Себебі адам логикасына сену қиын.
Тамыз айының басында ғана Солтүстік Кореяның көкке ұшырған баллистикалық зымырандарына қатысты Трамптың жауабы қор нарығында негативті тренд алып, көптеген америкалық компаниялардың акциялары арзандап кетті. Осы сынды нарыққа антропогендік әсер болған кезде алгоритмдерді нарыққа жегу қисынсыз. Себебі мұндай кездерде олардың қателік жіберу мүмкіндігі жоғары болады.
Мемлекеттік есептер мен саяси тұлғалар жасаған мәлімдемелер қор нарығына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Бірақ бұл –эмоция деңгейінде жасалатын операциялар болып саналады. Әдетте мәлімдеме жасалғаннан кейін бір сағат өтіп, барлығы өз орнына қайта келеді. Novus Capital алгоритмдері осы уақыт аралығында өшіріледі.
Wall Street
Қазіргі таңда, қаржы нарығында еңбек ететін трейдерлерді екіге бөлуге болады. Олардың бірі компьютерлік алгоритм мүмкіндігін мойындаса, тағы бірі қор биржасында тек адам ғана рационалды деңгейде сауда жасай алатынына сенеді.
"Сол себепті болса керек, әзірге Нью-Йорк қор биржасындағы қаржы операцияларының 50 пайызы жасанды интеллектің көмегімен жүзеге асырылады", – дейді Мұхаммед.
Адамның сараңдығы мен эмоциясын түсіне алмағандықтан ғана жасанды интеллект қателік жібереді. Бірақ жақын болашақта бұл да қиындық тудырмайтыны анық. Сондықтан бүгіннен бастап жасанды интеллектің мүмкіндіктерін нарыққа бейімдей бергеніміз абзал.
Almaty Tech Garden осы сынды жобаларға қолдау білдіру арқылы қарапайым халыққа қызмет көрсету және шетелдік инвесторларды елімізге тарту үдерісі дамытылып жатыр. Олардың басым бөлігі Almaty Tech Garden ұйымдастыратын инвесторлармен кездесу форумдары арқылы өз стартапына капитал тартып, ары қарай даму үдерісін жалғастырады.
Инновациялық парктің акселерациялық кластері аясында IT-стартаптар жеті апта Алматы қаласында, ал екі апта АҚШ-тағы Силиконды алқапта жылдам даму стратегиясымен қамданады. Акселерация барысында стартапшылар потенциалды инвесторлармен кездесу мүмкіндігіне ие болады.