"Аллергия бар болса, жарты сағат бақылау жеткіліксіз". Екпе алғандар есте ұстауы тиіс 10 мәлімет

Қазақстанда қазірге дейін 1,5 миллионға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін алған.

Вакцина егу – ауру қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін ағзаны аурудан қорғаудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді тәсілі. Десе де, халық арасында Covid-19 инфекциясына қарсы вакциналауға қатысты әртүрлі пікір бар.

Informburo.kz коронавирусқа қарсы вакциналау туралы жалған ақпарат, жансақ пікір болмас үшін оқырмандарға мамандардың пікіріне сүйене отырып сұрақтарға жауап беріп келеді. Олар туралы "Коронавирусқа қарсы вакцинация. Сіз білуіңіз керек 11 сұраққа жауап" материалынан оқыңыз. Кезекті материал Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы ұсынған мәліметтер негізінде әзірленді. 

№1. Коронавирусқа қарсы қандай вакциналар қолжетімді?

Бүгінгі таңда Қазақстанда QazVac (отандық өндіріс), Қарағанды фармацевтикалық кешені негізінде өндірілген "Спутник V" және ресейлік өндірістегі "Спутник V", БАӘ-де өндірілген қытайлық Sinopharm компаниясының Hayat-Vax және қытайлық Sinovac компаниясының CoronaVac вакциналары қолжетімді. 

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация Қазақстан аумағында тегін жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі басқа да вакциналарды сатып алуды жоспарлап отыр, олардың кейбірі ақылы болуы мүмкін.

2021 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстанға 6,2 миллион доза "Спутник V" вакцинасы, 100 мың доза QazVac вакцинасы, бір миллион доза Hayat Vax (Синофарм) вакицнасы және 500 мың доза "КоронаВак" (Синовак) вакцинасы жеткізілген. Соңғы деректерге сәйкес, 2,6 миллион адам – вакцинаның бір компонентін, 1,5 миллион адам екінші компонентін алған. 

№2. Вакцина алмас бұрын антидене бар-жоғын анықтау қажет пе?

Вакциналау алдында антидене деңгейін анықтау үшін тест жасаудың қажеті жоқ, өйткені инфекцияны бастан өткерген соң  вирус бейтараптандырғыш антиденелер саны уақыт өте азаяды. Антиденелердің жалпы титрі әжептәуір жоғары болғанына қарамастан 6 айдан соң ауырып жазылғандардың 20-30 пайызында олар толықтай жойылады. Желілік зертханалармен қолданылатын тест-жүйелер тек антиденелердің жалпы санын анықтайды, бірақ олардың вирусты бейтараптандыру қасиетін бағалай алмайды.⠀

Сондықтан коронавирус инфекциясын жұқтырып жазылғаннан кейін алты ай өткен соң антиденелер мен "жады жасушаларын" көп мөлшерде өндіру арқылы ағзаның қорғаушы иммундық механизмдерін анағұрлым белсенді қылып, күшейтуге мүмкіндік береді. "Жады жасушалары" ағзаға вирустың қайта енген кезінде иммундық механизмдердің оны жоюы үшін тез жұмылдыруына әсер етеді.

№3. Вакцина алған соң нешінші күні иммунитет қалыптасады?

Иммунитет орта есеппен 3 аптадан кейін қалыптасады. Коронавирусқа қарсы вакциналардың көпшілігі екі дозалы. Біріншісі иммунитетті "дайындап" жатқандай иммундық жүйенің алғашқы реакциясын шығарад. Ал 3 аптадан кейін салынған екінші доза иммундық жауапты "айдап" жатқандай күрт күшеюді тудырады. Дәл осы екінші дозадан кейін айқын, көптеген бейтарап антиденелер бар берік иммунитет қалыптаса бастайды. Антиденелер және жасушалық иммунитет өз максимумына вакцинаның екінші дозасынан соң 3 аптадан кейін жетеді.

Вакцинаның екінші дозасын 21-28 күннен кейін (3-4 апта) қабылдау ең қолайлы. Рұқсатты мерзім – 2 айға дейін (8 апта). Екінші вакцинаны кейінірек егу азырақ қорғау береді.

Екпеден кейін антиденелер мен қорғау механизмдері 3-6 аптада қалыптасатындықтан осы уақыт аралығында әлеуметтік арақашықтық сақтау, маска тағу, жиі қол жуу керек. Әйтпесе вакцинаға қарамастан Covid-19 жұқтырып алу қаупі бар.

№4. Қорғаушы иммунитет вакцина алғаннан кейін қанша уақыт бойы сақталады?

Бұл сұрақтарға ғалымдардың әлі күнге дейін нақты жауабы жоқ. Өйткені, Sars-Cov-2 вирусы бір жарым жыл бұрын ғана табылды. Алайда, вирус мутациясының динамикасына және онымен байланысты қоздырғыштарды зерттеу тәжірибесіне сүйене отырып, иммунитет өте ұзақ сақталмайды деп болжауға болады.

Коронавирусқа қарсы вакциналар, соның ішінде "Спутник V" 2020 жылдың желтоқсан айының соңынан бастап қолданыла бастады. Қорғаушы иммунитеттің сақталу ұзақтығын сенімділікпен айту үшін тым аз уақыт өтті.

"Спутник V" жасаушылар вакцина алғаннан кейін кейін иммунитет 1 жылдай сақталады деді. Бірақ бұл тек болжам және ондаған, жүздеген мың екпе еккен адамдар негізінде ғылыми растауды талап етеді. Қазақстандық QazVac вакцинасына келер, ол әлі барлық клиникалық сынақтан өтпеді. Сол себепті оның нәтижелілігі немесе әсерінің ұзақтылығы жайлы айту әлі ерте.


Оқи отырыңыз: Коронавирусқа қарсы вакцина салу. Не білу қажет?


№5. Вакцинаны антибиотиктермен қатар алу қауіпсіз бе?

"Спутник V" қолдану нұсқаулығында жіті жұқпалы және жұқпайтын аурулар, созылмалы аурулардың асқынуы вакцина алуға қарсы көрсетілім болып табылады деп жазылған. Осындай жағдайларда вакциналау жазылғаннан кейін не ауру беті қайтқан соң 2-4 аптадан кейін жүргізеді. Антибиотиктер қабылдап ем алып жатсаңыз, оларды қабылдауды аяқтағаннан соң 2-4 аптадан кейін және өзіңізді жақсы сезінсеңіз вакцина ексеңіз болады. Ауыр емес ЖРВИ, асқазан-ішек жолы күрделі жұқпалы аурулары кезінде вакцина температура қалыпқа түскеннен кейін егіледі. Вакциналау жайлы шешімдер әр жағдайда емдеуші дәрігер кеңесімен бөлек, пациенттің қалауы мен коронавирусты жұқтыру қаупін ескере қабылдануы керек.

№6. Тромбофилиясы барларға екпе егуге бола ма?

Тромбофилиямен зардап шегіп жүрген адамдарға және де семіздігі, қант диабеті, гипертониясы бар адамдар коронавирусты инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары топқа жатады. Коронавирусты инфекция тромбоздарға алып келіп, соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Сондықтан жоғарыда аталған ауралары бар адамдарға коронавирусқа қарсы вакцинация ұсынылады.

№7. Аллергия вакцинаға қарсы көрсеткіш санала ма?

Бұрын күрделі аллергиялық реакциялар болған жағдайда вакциналау мәселесі жекеше түрде шешілуі керек. Күрделі аллергияның неден болғанын білу маңызды. Вакциналауға қарсы көрсеткіштер – басқа вакцина, сарысу немесе дәрі еккен соң антифилактикалық шок түріндегі аллергикалық реакциялар.

Тамақ өнімдерінен, жәндіктердің шағуынан, косметикалық құралдардан болған аллергиялық реакциялар, маусымдық аллергия да вакциналауға қарсы көрсеткіш болып есептелмейді.

Вакцина қабылдағаннан кейін адам 30 минут дәрігер қарауында қалу керек. Бұрын аллергия болған болса, вакцина дозасын алған жерде 2 сағатқа қалыңыз.

№8. "Спутник V" вакцинасында бөтен геномдар бар ма?

Геном – ұрпақ өндіре алатын бір хромосомадағы гендердің жиынтығы. "Спутник V" вакцинасының құрамына адамның 26 серотиптегі (1 компонент) аденовирусы және адамның 5 серотиптегі (2 компонент) аденовирусы кіреді. Олардың көбеюін қамтамасыз ететін бөліктері алып тасталынып, оларға SARS-CoV-2 вирусының S-ақуыз гені енгізілген. Вакцинада көбейе алмайтын вектордың нұсқасы қолданылады. Вакцинадан аденовирус та, коронавирус гендерінің бір бөлігі де өз вирустарының көшірмелерін жасай алмайды. Яғни көбейіп, содан кейін ауруды қоздыра алмайды. Яғни "Спутник V" құрамында бөтен геномдар жоқ.

Қосымша заттар трис (гидроксилметил) аминометан қышқыл-негіз балансын сақтау үшін қажет. Нуклеин қышқылдары (аденовирус) тұрақты ортаны қажет етеді. Ол ортаға осы затты қосу арқылы қол жеткізуге болады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандық вакцинаға қатысты 10 сұраққа жауап


№9. Бала емізетін ана "Спутник V" еге ала ма?

"Спутник V" соңғы нұсқаулығында жүктілік және емізу кезеңі вакциналауға қарсы көрсеткіш екені жазылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зерттеулер жеткілікті болмағандықтан жүкті және бала емізетін әйелдерге коронавирусқа қарсы екпені екпеуді ұсынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бала емізетін әйел вакциналауға ұсынылған қауіп-қатер тобына кірсе (мысалы, ол медицина қызметкері болса) вакцина егуге болатынын мәлімдеді. Вакцина алғаннан кейін емізуді тоқтату ұсынылмайды.

№10. Неліктен созылмалы ауру бар адамдар вакцинаны сақтықпен алуы керек?

Қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, созылмалы өкпенің обструктивті ауруы (СӨОА), астма сияқты және басқа да созылмалы аурулар (немесе созылмалы жұқпайтын аурулар) аясында коронавирус инфекциясы күрделірек, асқынулармен өтеді және көбінесе өлімге әкеп соқтырады.

Сондықтан осындай аурулары бар адамдар бірінші кезекте вакцина егуі қажет. Бірақ қауіпсіз әрі нәтижелі вакциналау үшін вакцина алу сәтінде аурулардың тұрақты ағымда болуы, асқынуысыз және декомпенсациясыз болуы маңызды. Мысалы, күйзеліс жағдайындағы күретамырлы қысымның көтерілуі, глюкозаның секірмелі көтерілуі немесе оның деңгейінің қатты түсуі кезеңіндегі қант диабеті, күніне бірнеше рет тұншығу ұстамасы болатын асқыну кезеңіндегі астма болса вакцина алуды аданың жағдайы тұрақталғанға дейін қалдыра тұру керек.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары