Тікелей эфир

Қазақстанда 4 мерейтойды тойлауға 4 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Жаңалықтарға шолу

Биыл қазақстандықтар автокөлік сатып алуға 1 млрд доллар жұмсапты. Демалыс күндері еліміздің бірнеше өңірінде үсік болады.

Балаларға зорлық көрсететіндердің 77%-ы – өз туыстары мен көршілері

Биылғы 8 айда елімізде балалар зорлығына қатысты 589 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев хабарлады. Оның айтуынша, кәмелет жасына жетпеген жеткіншектерге зорлық көрсететіндердің 77%-ы – өз жақындары: әкесі, өгей әкесі, анасымен бірге тұратын адам, көршілері не жақын туысы.

Ведомство өкілі мұндай қылмыстарды тергеудің қиын екенін айтты. Оны дәлелдеу өте қиын дейді. Себебі оқиғаның куәгер болмайды, ал түсінік беретін зардап шегуші кәмелет жасына толмаған.

"Қылмысты болдырмау мақсатында жыныстық сипаттағы қылмыстарға бейім тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде ішкі істер органдарының есебінде "педофилия" санаты бойынша 1350 адам тіркеуде тұр. 2331 адам зорлықшы санатымен тіркелген. Одан бөлек, балаларға зорлық көрсеткен 1575 адам тиісті мекемелерде өз жазасын өтеп жатыр", – дейді Марат Қожаев.

2019 жылы қазақстандықтар автокөлік сатып алуға 1 млрд доллар жұмсапты

Биыл қаңтар айынан тамызға дейін отандастарымыз 43,3 мың жеңіл, коммерциялық көлікті жаңалай сатып алған. Бұл көрсеткіш былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 19,5%-ға көп.

Сатып алынған автокөліктердің жартысынан көбі (56,7%) отандық өндірушілерге тиесілі. Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің арасында сұраныс бар брендтердің көш басында Lada тұр. Жыл басынан бері осы маркадағы 10 мыңнан астам көлік саудаланған. Екінші орында – Toyota көліктері (9320). Үшінші орында – Hyundai (8663).

"Қазтелерадио" қазанда спутник сигналы нашарлауы мүмкін екенін ескертті

Телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық оператордың сайты 8-15 қазан аралығында спутник арналарының таратылу сапасы нашарлауы мүмкін екенін хабарлады.

Республикалық ғарыш байланысы орталығының мәліметінше, бұл күннің күзгі интерференциясы кезінде, яғни күннің антенна-спутник байланысы осіне жақындауының салдарынан спутниктен жердегі антенналарға берілетін сигналдың нашарлауынан болады. Күн, спутник және сигнал қабылдағыш антенна бір сызыққа түйісетін күн интерференциясы жылына екі рет (күз бен көктемде) тіркеледі.

Алматыға 17 өрт сөндіру депосы жетіспейді

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Арман Байгелов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір қалада өртке қарсы қызметтің 17 бөлімшесі өрттен қорғау жұмысымен айналысады. Негізі норматив бойынша 1 млн-нан астам халқы бар қалада кем дегенде 34 өрт сөндіру депосы қызмет көрсетуі керек екен.

Арман Байгелов Наурызбай, Алатау, Бостандық аудандарында жаңа үш өрт сөндіру бөлімінің құрылысын салу үшін жоба-смета құжаты дайындалып қойғанын мәлім етті. "Осылар пайда болғаннан кейін төтенше жағдай болған жерге бару уақыты қысқарып қоймай, жұмыстың тиімділігі де арта түседі", - дейді ол.

Елордада "Сүлеймен" ТК құрылысы тоқтатылды

Қала әкімі Алтай Көлгінов нысан құрылысының бітуін күтіп жүрген үлескерлермен кездесті. Әкім рұқсат құжаттарын алғаннан кейін құрылыс салушы учаскедегі жұмыс қайта басталатынын айтты.

Әкімдіктің үлескерлердің мәселелерін шешуге көмек беретіні айтылды. Инвестор үшін нысан пайдалы деп есептеледі, себебі орналасқан жері қолайлы. Қалада барлығы 51 проблемалық нысан бар (76 үй). Жыл соңына дейін 10 тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланған.

Абай мен әл-Фарабидің мерейтойына, Конституцияның 25 жылдығын тойлауға 3,8 млрд теңге жұмсалады

Ел Үкіметі 2020-2022 жылдары республикалық бюджет жобасында әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Конституция мен Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына арналған шараларды өткізуге 3,8 млрд теңге қарастырыпты.

Жалпы мәдениет пен спортты дамыту үшін 2020-2022 жылдары 304,7 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Оның 120,1 млрд-ы 2020 жылға бөлінген. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, бұл қаражат театр, музей, кітапхана мен архивтер қызметін қамтамасыз етуге, спорт пен туризмді дамытуға, кадрлар дайындауға, фильмдер шығаруға жұмсалады.

Түркістандағы өрттен зардап шеккен ІІМ қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ұсынылады

10 қыркүйек күні Түркістанда орналасқан Royal Grand қонақүйінде өрт шықты. Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 5 қызметкері өрт сөндіремін деп жүріп, күйік шалып, басқа да түрлі деңгейдегі жарақаттарымен орталық ауруханаға түскен еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында "Түркістандағы қонақүйде болған өрттен зардап шеккен ІІМ қызметкерлерінің тез сауығып кетуін тілеймін. Олар ерен еңбектері үшін мемлекеттік наградалармен марапатталады", – деп жазды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: 2024 жылы Қазақстанда 100 млн тонна мұнай өндіріледі. ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 миллион тоннаға, 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі. Өндірудің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сонымен бірге теңіздегі кен орындарын пайдалануға беру есебінен болады. Оның мәліметінше, номинал жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 триллион теңге, ал 2024 жылы 106 триллион теңге көллемінде өндірілген.

Baq.kz: 2020 жылдан бастап елімізде бірыңғай әлеуметтік пакет беріледі. Оған мектепке дейінгі ұйымдардың балаларына тұрақты көмек беру, оқу жылы кезеңінде оқушыларды тамақтанумен және мектеп керек-жарақпен, формамен, тегін жол жүрумен, сонымен бірге медицина көмегімен қамтамасыз ету кіреді.

Тengrinews.kz: Демалыс күндері еліміздің бірнеше өңірінде үсік болады. 12-14 қыркүйек аралығында Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының кей жерінде тұман түседіі, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында күндіз жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Шығыс Қазақстан, күндіз Түркістан, Қызылорда облыстарының кей жерінде жел секундына 15-20 метр күшейеді, Қызылорда облысында шаңды дауыл тұрып, Шығыс Қазақстан облысында бұршақ жаууы мүмкін. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында топырақ беті 1-3 градус ызғар болады. Атырау, Қызылорда облыстарында, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының кей жерінде, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-батысында дала өрті қаупі күшейеді.

Серіктестер жаңалықтары