Бензин қымбаттамайды

ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, қаңтардан бері елімізде бензиннің профициті байқалып отыр. Қазірдің өзінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының барлық резервуарының лық толған көрінеді. "Бүгінде бензин бағасы реттелмейді, литрі шамамен 150 теңге төңірегінде болады", – дейді Министр.

Іле Алатауы паркіне кіру ақысы екі есеге арзандады

Салық кодексіне сәйкес, экологиялық бекеттерге өту құны 0,1АЕК – 252 теңге деп белгіленген. Алматы қалалық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы паркке кіру ақысын негізсіз 452 теңгеге көтерілгенін анықтап, 10 қаңтардан бастап адам басына 252 теңгеге түсірді.

Грузияға қыдырып барғандарға ескерту жасалды

Қазір бұл елде тұмау вирусы өршіп тұр. Мектептері карантинге жабылып жатыр. Тбилиси мен Астана арасындағы тұрақты рейстерді ескере отырып, Астана қаласына тұмау вирусын енгізу қаупін жою мақсатында қазір әуежайда санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді.

Баспанасы барларға да "7-20-25" бағдарламасына қатысу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды

Үкіметке Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев осындай ұсыныс тастады. Бас банкир осылайша бағдарламаға қатысушылардың санын ұлғайтуға болатынын айтады. "Басында баспанасы болса да, оның көлемін үлкейткісі келетіндер болады. Ал, "7-20-25" бағдарламасының талабына сәйкес оған атында жылжымайтын мүлкі бар азаматтар қатыса алмайды. Халықтың сұранысына сәйкес, мұндай азаматтарға бағдарламаға қатысу мүмкіндігін беру керек", – дейді ол.

Зейнетақы активтерінің нақты табысы 6%

БЖЗҚ табысы өткен жылы 11,27%-ға жетті. Жинақтардың нақты табысы инфляциядан жоғары (5,3%) деңгейде қалыптасты. Осылайша БЖЗҚ клиенттерінің нақты табысы 5,97% құрап отыр. Зейнетақы қорындағы Ұлттық Банктің сенімді басқаруындағы активтер бағасы 9,38 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20,6% көп. Зейнетақы активтерінің үштен бірі немесе 32,8% шетел валютасында.

Челахтың үкімі өзгеріссіз қалды

ҚР Жоғарғы соты өкімнің күшін жою және 30 млн теңге өтемақы төлеу туралы Владислав Челахтың өтінішін қабылдамады. Өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталушыны бүгінгі сот процесіне де қатыстырмады. Жоғарғы соттың судьясы Л.Шепелеваның айтуынша, сотталған азаматтың кассациялық инстанция отырысына міндетті түрде қатысуы заңда қарастырылмаған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қандастарға қолдау көрсететін бірыңғай байланыс орталығы ашылады. "Отандастар" қоры қандастарды сауалдары бойынша қабылдайтын арнайы байланыс орталығын ашады. Онда қандастарымыз өздерін мазалаған барлық сұраққа жауап ала алады. Жобалық басқару тәсілі арқылы бұл орталықта елге оралған және оралуға ниетті отандастарымызға қажетті барлық ақпар жинақталатын болады. Аталмыш бастама алдымен Астана мен Алматыда, одан кейін еліміздің басқа да аймақтарында ұйымдастырылады.

24.kz: Қазақстанда міндетті екпелер тізімі тағы бір вакцинамен толығады. 2020 жылдан бастап екпе кестесіне жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алу екпесі 9 бен 14 жас аралығындағы қыздарға ата-анасының рұқсатымен салынады. Ал 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер үшін скринингтік тексерістер жалғасады.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter