Тікелей эфир

"7-20-25": Астана мен Алматыда ай сайынғы төлем 37 мыңнан басталады. Жаңалықтарға шолу

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі таратылды. Село әкімі оқушыға қозы сыйлады. Доллар бағамы төмендеді.

Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды

Президент Н.Назарбаев бүгін осындай жарлыққа қол қойды. А.Мамин Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі, ҚР Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, ҚР Көлік және коммуникациялар министрі, Астана қаласының әкімі, "Қазақстан темір жолы" АҚ Президенті болған. Осы тағайындауға дейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарып келді.

Село әкімі оқушыға қозы сыйлады

Павлодар облысының Тереңкөл селолық округінің әкімі А.Жүсіпов кітапхананың белсенді оқырмандары арасында өткізілген байқаудың бас жүлдегеріне осындай сыйлық табыстады. Бесінші сынып оқушысы Олег Айтпаев кітапханадан бір жылда 125 кітап алып оқыған екен. Қалған жүлдегерлерге демеушілер азық-түлік себеттерін сыйға тартты.

А.Жүсіпов бұған дейін басшылық еткен ауылда да осындай тың идеялармен түрлі науқандар ұйымдастырып, жеңімпаздарға жүлдеге кәдімгі әтеш пен қозыны жүлдеге берген.

"7-20-25": Астана мен Алматыда ай сайынғы төлем 37 мыңнан басталады

"Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйлердің сатылатындығы туралы әкімдіктер өз сайттары арқылы хабарлайтын болады. Биыл елімізде 11 797 пәтер тапсырылады. "Нұрлы жермен" берілетін үйлердің жалпы ауданы 80 шаршы метрден аспауы тиіс.

Бағдарламамен сатылатын 1 бөлмелі пәтер (37 шаршы метрден жоғары) Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында – 37 317 теңге, 2 бөлмелі (50 шаршы метрден жоғары) – 50 888 теңге, 3 бөлмелі (65 шаршы метрден жоғары) – 66 157 теңге болады. Қалған өңірлерде 1 бөлмелі – 29 400 теңге, 2 бөлмелі – 39 579 теңге, 3 бөлмелі – 51 453 теңге тұрады.

Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы ұсталды

Қуат Белгібаевқа пара алды деген күдік келтіріліп отыр. Ал, қарамағындағы бөлім басшысы Мұрат Жанғазин үй қамаққа алынды. Қ.Белгібаев басшының міндетін атқарушы болып былтырғы жылдың қыркүйек айында тағайындалған еді. Оның алдындағы департамент басшысы Ернұр Байқұрманов 100 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен қыркүйекте қамауға алынған еді.

"Жасыл кітап" Оскар жүлдесін ұтып алды

Жылдың ең үздік фильмі деп танылған бұл комедиялық драманың режиссері Питер Фарелли. Биыл Лос-Анджелес қаласында ұйымдастырылған кинопремия 30 жылдық тарихында жүргізушісіз өткізілді. Ең үздік актриса ретінде Оливия Колман ("Фаворитка") танылса, ең үздік актер - Рами Малек ("Богемская рапсодия") болды.

Назарбаев Премьер-Министрге А.Мәминді тағайындағанына қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы А.Мәминнің өзімен бірге ширек ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқанын тілге тиек етті. Н.Назарбаев А.Мәминнің тәжірибесі жеткілікті екенін, бұған дейін интеграциялық бірлестіктердің жұмысына, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын айтты.

Ерболат Досаев Ұлттық Банк төрағасы болды

Данияр Ақышев Ұлттық банк төрағасы қызметінен кетті. Орнына Премьер-Министрдің бұрынғы орынбасары Е.Досаев келді.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі таратылды

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бүгін осындай қаулыға қол қойды. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында қол қойылған қаулының аясында Қоғамдық даму министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ақпарат саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі болып қайта құрылды.

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің байланыс, ақпараттандыру, "электрондық үкімет", мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріліп, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі болып қайта құрылды.

Үкіметтің жаңа құрамы бекітілді

Президент ҚР Үкіметінің жаңа құрамы туралы жарлыққа қол қойды. Ол төмендегідей (жаңадан тағайындалған шенеуніктер қою қара түспен жазылған):
  • Асқар Мәмин – ҚР Премьер-Министрі;
  • Әлихан Смайылов – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қаржы министрі;
  • Жеңіс Қасымбек – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары;
  • Гүлшара Әбдіқалықова – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары;
  • Бейбіт Атамқұлов – ҚР Сыртқы істер министрі;
  • Нұрлан Ермекбаев – ҚР Қорғаныс министрі;
  • Ерлан Тұрғымбаев – ҚР Ішкі істер министрі;
  • Дәурен Абаев - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі;
  • Марат Бекетаев – ҚР Әділет министрі;
  • Елжан Біртанов – ҚР Денсаулық сақтау министрі;
  • Арыстанбек Мұхамедиұлы – ҚР Мәдениет және спорт министрі;
  • Асқар Жұмағалиев – ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
  • Қанат Бозымбаев – ҚР Энергетика министрі;
  • Сапархан Омаров – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі;
  • Бердібек Сапарбаев – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
  • Руслан Дәленов – ҚР Ұлттық экономика министрі;
  • Роман Скляр – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;
  • Күләш Шәмшидинова – ҚР Білім және ғылым министрі болып тағайындалды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Доллар бағамы төмендеді. Қазақстан қор биржасында (KASE) дүйсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің бір АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы – 376,23 теңге болды.

Baq.kz: 26-28 ақпанға арналған ауа райы болжамы. Солтүстік өңірлердің кей жерлерінде қар жауады, бұрқасындатады, жел қатты екпіндетіп соғады. Оңтүстікте жауын-шашын болуы мүмкін, ылғалды қар түсіп, тұман және көктайғақ болады. Синоптиктердің болжауынша, ауа температурасы орташа көпжылдық мәнге жақын күтіледі, ал кей жерлерде одан жоғары болуы ықтимал.

24.kz: Қостанайда мектеп асханасының мәзірімен интернеттен танысуға болады. Облыста мектеп асханалары цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Бұдан былай "Электронды ас мәзірінің" көмегімен оқушылар не жеп, не ішетіндерін өздері таңдайды. Арнайы бағдарламаға смартфон, компьютер арқылы кіріп, асхананың бір аптаға дейінгі ас мәзірімен танысуға болады.

Серіктестер жаңалықтары