Тікелей эфир

5G жылдам интернет желісі астанада қашан қосылады? Тариф құны қалай есептеледі?

Үкімет 5G жылдам интернет желісін жалпыластыру мәселесін талқылады. Қалай және қашан жүзеге асады? Денсаулыққа әсері бар ма? Ол туралы шешім қашан шығады?

5G – кең жолақты интернет желісі 5-ші ұрпақ сымсыз байланысы қызметі. Қазақстандық интернет қолданушылар оны асыға күтіп отыр. Тіптен, Назарбаев университеті мен ST.Regis қонақ үйінде алғашқы тексерістен де өтіп жатыр.

"Қазақтелеком" акционерлік қоғамының мәліметіне жүгінсек, биыл 19 маусымда Алматыда 5G байланысын сынақтан өткізген. Онда, Ericsson-мен бірлесіп 28 ГГц миллиметрлік (Гига герц миллиметр – жиліктің бірлігі) жиілік диапазонында құрылғыға 15 Гбит/с (Гига бит – сиымдылық бірлігі) дейін деректерді жүктеудің ең жоғары қуатына қол жеткізіліпті.

"Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев:

– 5G байланысы 3G не 4G желісіне қарағанда 300 есе жылдам. Осы арқылы әлеуметтік желілерде бұрынғыдан да сапалы, еркін видео конференциялар ұйымдастыруға болады. Автокөлікті қашықтан басқару, online басқарып емдеу жүргізу секілді электронды сауда, өнеркәсіп дамып жатқан заманда бұл бізге өте қажет. Біздің қоғамға үлкен өзгеріс әкеледі, – деді.

Қазақстан интернет жылдамдығы тез елдер қатарында

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Министрі Асқар Жұмағалиев:

– Қазір елімізде 117 қала мен 3324 ауылда кең жолақты интернет қол жетімді. Ол әртүрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері бар, – деді Үкімет отырысында.

Қазақстан былтырғы әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21 орынға шықты. Интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3%-ды құрады және бұл көрсеткіш бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 45 орында.

Ауыл кең жолақты интернетпен қашан толық қамтылады?

Бірінші кезең – талшықты-оптикалық желілерді салу. Жобаны іске асыру 1250 ауылдық елді мекенде жоғары жылдамдықты интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. 2019 жылғы бірінші жарты жылдықтағы жағдайы бойынша талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елді мекенде (оның ішінде 85 денсаулық сақтау, 76 білім нысандары бар) іске қосылды.

2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарланған.

Екінші кезең – LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді дамыту арқылы 3143 ауылды:

  • 2019 жылы – 574;
  • 2020 жылы – 1046;
  • 2021 жылы – 1523 ауылды интернетпен қамту жоспарланған.

2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауыл, ары қарай тұрғындардың саны 50-ден жоғары 885 ауыл интернет желісіне қоcылады.

2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекенде Интернет болады.

Ал қалған ауылдарға спутниктік байланыс арқылы интернет желісін ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Интернет желісінің сапасы нашар жерлер зерттеліп жатыр

– Ондай аймақтарда қосымша базалық стансалар орнатылады. Мысалы, Бурабай курорттық аймағы мен Нұр-Сұлтан қаласы аумағында станса орнататын мачтаны әкімдіктермен бірлесе салу мәселесі оң шешімін тапты. Оларды жеке кәсіпкерлер салады, ал байланыс операторлары ұялы байланыс базалық стансаларын орнатады.

Осындай жұмыс Алматы және Павлодар әкімдіктерімен де жүргізіле басталды. Бұл бастамаға басқа да облыстардың атсалысуын сұраймыз, – деді Асқар Жұмағалиев.

5G желісін Қазақстанда қалай енгізіледі?

– Жол картасы бекітілді. 5G мобильді байланысының тестік сынағы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өткізілді. Қазан айында Шымкент қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Сынақ нәтижесінде технологияның сауданы, телемедицинаны, өнеркәсіпті, тау-кен өндірісін цифрландыру және "ақылды" қалаларды дамытуға мүмкіндіктер беретіні анықталды, – деді министр Асқар Жұмағалиев.

Тартылатын инвестиция көлемі үлкен болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны республикалық маңыздағы қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) енгізу жоспарланған.

  • 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО-да;
  • 2022 жылы Нұр-Сұлтандағы аэропорт пен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда;
  • 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтарында;
  • 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 97%-ы кең жолақты Интернет желісімен қамтылатын болады. Қалған 3%-ына спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

5G байланысы тариф құнын өзгерте ме?

– Біріншіден, Үкіметтен ешқандай қаржы бөлінбейді. Бұл жеке операторлардың жұмысы. Екіншіден 5G технологиясы қымбат болғандықтан алдымен қалаларда енгіземіз. Болашақта ауылды қарастырамыз.

– Біз 3G-ден 4G- өткенде тариф құнын өзгерткен жоқпыз. 5G-ге өткенде де тарифты өзгертпейміз, – деп сендірді Асқар Жұмағалиев.

5G байланысының денсаулыққа әсері бар ма?

– Биыл қазанда Египетте осыған қатысты конференция өтеді. Сонда нақты халықаралық өлшемдер бекітіледі. Сол кезде денсаулыққа әсері қатарлы барлық сынақтардың нәтижесі қаралады. Соңғы шешім 2021 жылы шығады. Адам денсаулығына әсерінің жаңа технологияның қолданысқа енуіне кері әсер етпейтініне сенімдімін, – деді Асқар Жұмағалиев.

Қазақстанда 5G-ді кім енгізеді?

Қуанышбек Есекеев:

– Ericsson, Nokia, Hua Wei технологияларының өздеріне тән стандарттары, жылдамдық жағдайы және мүмкіндіктері бар. Сондықтан біз тәуелсіз түрде әрқайсының технологиялық мүмкіндіктерін тексереміз. Бір ғана технологияға тәуелді болмаймыз, – дейді.

5G-ге қандай SIM card қолданылады?

Қуанышбек Есекеевтің айтуынша 5G үшін қазіргі SIM card қолданылмайды. Оның орнына арнайы бағдарлама орнатылған "eSIM" атты арнайы чип қойылады.

Серіктестер жаңалықтары