Тікелей эфир

40 күндік ас орнына – 6 300 отбасына әлеуметтік көмек

Суретті Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі ұсынды
Суретті Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі ұсынды
Карантиндік шектеу шаралары ерекше қайырымдылық акциясына негіз болды.

Алматы орталық мешітінде өмірге он бала әкелген Батыр ана, "Құрмет" орденінің иегері Бибі-Жамал Әбдімәлікқызының дүниеден қайтқанына 40 күн толуына орай қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Әдетте мұндай күні марқұмның 40 күндік садақасын дастархан жайып, ас беріп өткізетін болса, бүгін оның орнына Алматы қаласы бойынша 500 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді.

Осылайша, елімізде тұңғыш рет марқұмды еске алу шарасы республикалық қайырымдылық акциясына бастау болды. Шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Алматы қаласы мешіттерінің өкілдері де қатысты.

Оқи отырыңыз: Садақаны кімге, қалай берген дұрыс?

Алматының бас имамы Еркінбек Шоқайдың айтуынша, мұндай қайырымдылық шарасын өткізуге коронавирус пандемиясына байланысты елімізде енгізілген карантиндік шектеулер себеп болған.

Әлеуметтік көмек Орталық мешіт басшылығының ұйғаруымен бұрыннан мешіт тізімінде бар мұқтаж жандарға үлестірілді. Олардың негізін жетім-жесірлер, көп балалы аналар мен жалғыз тұратын қарттар құрайды. Мұқтаждарға көмекті имамдар мен еріктілер, "Ықылас-2050" қайырымдылық қорының қызметкерлері арнайы көліктермен жеткізіп табыстады.

Ескерту: Алматыдан бастау алып, республика өңірлерінде жалғасын тапқан акция аясында әлеуметтік көмек алған отбасылар саны 6 300-ге жеткен. Соған байланысты тақырыпқа өзгерту енгізілді.


Әлеуметтік көмекті мұқтаж жандарға үлестіру кезі

Әлеуметтік көмекті мұқтаж жандарға үлестіру кезі / Суретті Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі ұсынды


Серіктестер жаңалықтары