"Қазақстанның 100 жаңа есімі" байқауын ұйымдастырушылар порталда дауыс беруге мониторинг жасап, бірқатар үміткерлердің дауыстарды бұрмалау әрекеттерін анықтады.
Жобада дауыс беру 25 наурыз бен 12 сәуір аралығында жүргізілді. Мониторинг барысында белгілі бір үміткерлерге қысқа уақыт ішінде көп дауыс берілгені белгілі болды.
"Мәселен, дауыстарды бұрмалау тәсілдерінің бірі profitcentr.com, socpublic.com, qcomment.ru, golospobed.ru және т.б. мамандандырылған порталдар арқылы ақылы негізде дауыс беру. Сайттың лог-файлында дербес поштаға жатпайтын түрлі электронды мекенжайлардан дауыс берілгені көрсетілген", – делінген хабарламада.
Құқық бұзушылықтар немесе өзге бұрмалаушылықтар, оның ішінде онлайн дауыс беру кезінде дауыстарды бұрмалау анықталған жағдайда, ұйымдастырушылар қатысушыны жобадан шығарады.
"Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл төртінші маусым аяқталады. 2021 жылы 2 790 қазақстандық өтінім берген. Дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинаған және көрнекті қоғам қайраткерлерінен, мәдениет, спорт өкілдерінен және кәсіпкерлерден тұратын беделді қазылар алқасы іріктеген қатысушылар жоба жеңімпазы атанады.