Тоқаев Семей полигонынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсетуге ұсыныстар әзірлеуді тапсырды
Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары Семей қаласынан басталды. Өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Қ.Тоқаев полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдіктің лайықты деңгейде болуы қажеттігін айтты.
– Қазір "Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі" жөнінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зиянын нақтылап, әлеуметтік кепілдіктердің көлемін анықтаймыз, – деді Қ.Тоқаев. Президент сондай-ақ өңір басшысы мен денсаулық сақтау министріне Семейдегі ядролық медицина орталығының құрылысына қатысты мәселелерді шешуді тапсырды.
169 млн баланың екпеден бас тартуы салдарынан қызылша ауруы өршіп кетті
ЮНИСЕФ-тің хабарлауынша, 2010-2017 жылдарда әлемде 169 млн бала қызышаға қарсы салынатын екпенің бірінші кезеңінен өтпеген. Бұл жылына 21 млн балаға екпе салынбағанын көрсетеді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, әлем бойынша биылғы жылдың бірінші тоқсанында өткен жылға қарағанда ауру көрсеткішінің 300%-ға артуына осы жағдай себеп болып отыр.
Бауыржан Мырзакеров Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры болып тағайындалды
Бұған дейін ол Бас прокуратураның Күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің басшысы лауазымында болған. Елорданың бұрынғы прокуроры Болат Дембаев Бас прокурордың орынбасары болып кетті.
Тиындар да латын тілінде шығарыла бастады
Қазақстанның Ұлттық банкі дизайны өзгерген жаңа тиындарды шығарды. 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік тиындардың дизайнына бірқатар жаңашылдық енгізілген. Елтаңбадағы мемлекеттік тілдегі "Қазақстан" сөзі латынша "Qаzaqstan" болып өзгеруіне байланысты, тиындағы жазбалардың бәрі латынша жазылған. Тиынның бет жағында "Teńge" деген жазба мен банк-эмитенттің қысқаша "QUB" (Qazaqstan Ulttyq Banki) атауы жазылған.
Тиындардың артқы жағындағы жазба да "Qazaqstan Respýblikasy" болып өзгертілген. 100 теңгелік айналымдағы тиындардың қырында "júz teńge" деген жазу бар. Бұған қарамастан Ұлттық банк ескі үлгідегі айналымдағы тиындардың да заңды төлем құралы болып қалатынын және барлық төлем түрлері бойынша қабылдануға міндетті екенін мәлімдеді.
Қырғызстанда уран өндіруге қарсы 300-ге жуық адам Бішкекте наразылық акциясына шықты
Олардың арасында қоғамдық ұйым өкілдері, экологтар, әлеуметтік белсенділер бар. Акцияға қатысушылар бұған дейін уранды өндіру бойынша геологиялық жұмыстардың барлық түріне берілген 35 лицензияның күшін жоюды талап етіп отыр. Сонымен қатар белсенділер биосфералық аумақта қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеуді сұрайды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлауға қатыспаймыз деген шешім қабылдады
Партия съезінде 36 делегат партияның атынан ҚР Президенттігіне кандидат ұсынбауға дауыс берді. Партия төрағасы Жармахан Тұяқбай осы шешіммен байланысты сайлауға байкот жариялаймыз деп мәлімдеді.
22 сәуірде партия кеңесінде съезде президиум мүшесі, журналист Ермұрат Бәпиді кандидаттыққа ұсыну туралы айтылған еді. Алайда, съезде Ермұрат Бәпи сайлауға түсуден бас тартты. Съезде, сондай-ақ партияның атауын "Ақиқат" деп ауыстыруға қатысты шешім қабылданды. Ал, жиын соңында Жармахан Тұяқбай партия төрағалығынан кететінін мәлімдеді. Оның орнына төрағалыққа Ермұрат Бәпи сайланды.
Бүгін, сондай-ақ "Ұлт тағдыры" қозғалысы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде Әміржан Қосановты ұсынды. Әміржан Қосанов тәуелсіз саясаткер ретінде танымал. Ал, Қазақстанның халықтық коммунистер партиясы биыл тағы Жамбыл Ахметбековтың кандидатурасын ұсынды. Бұл кісі 2011 жылы да Президент сайлауына қатысып, үшінші орын алған болатын.
Үш жылдан кейін Шымкенттен ешкім кеткісі келмейді
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай дейді. Ол жақын арада қаланың түбегейлі өзгеретінін мәлім етті.
– Біз стадион саламыз, теміржол вокзалын қайта жөндейміз, жаңа ықшам аудандар, қаржы орталықтары пайда болады. Шымкенттен ешкімнің кеткісі келмейді. Халықтың игілігіне ғана жұмыс істеу керек, – деді әкім.
1-ші шілдеден бастап бастапқы тіркеу кезіндегі көлікті қарау процедуралары толықтай жойылады
Осы мерзімнен бастап тіркеу-емтихан қабылдау бөлінісін жойып, оның функцияларын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына беру туралы шешім қабылданды. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ә.Кеңесбаевтың айтуынша, автокөлікті тіркеуге қажетті құжаттардың бар-жоғын полиция қашықтан, салық, кеден және басқа да органдардың базаларынан онлайн режимде, яғни "қағаз" құжаттардың ұсынылуынсыз-ақ тексере алатын болады.
Ақпараттық жүйелер біріктірілгеннен кейін Қазақстан Республикасына жаңадан әкелінетін автокөліктерді бастапқы қарап-тексеру де жойылады. Себебі алдын ала қарап-тексеру және кедендік тазалауды кедендік органдар жүргізетін болады, сондықтан ІІМ аумақтық органдарында қайталап қарап-тексеру қажеттілігі болмайды.
Мамырда қазақстандықтар 11 күн демалады
1-ші мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 7-ші мамырда елімізде Отан қорғаушылар күні, ал 9-шы мамырда Жеңіс күні аталып өтеді.
Сенбі, 4-ші мамыр – жұмыс күні болып есептеледі. Ал демалыс жұмаға, яғни, 10 мамырға ауысады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Рамазан айында берілетін пітір-садақаның көлемі қандай? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, биылғы пітір-садақаның көлемі – 300 теңге. Бұл – пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Бұл мөлшерден асырып, көбірек беруге де болады.
Baq.kz: Сәуірдің соңғы демалыс күндері жауын-шашынды болады. Синоптиктердің хабарлауынша, көпжылдық мәліметтерге сәйкес Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында сәуір және мамыр айларында ең көп жауын-шашын мөлшері түседі. Демалыс күндері де Баренцева және Карск теңіздерінен жылжыйтын суық атмосфералық фронттармен, көптеген аймақта жаңбыр, солтүстік, орталық және шығыс облыстарында жылбысқы қарға ауысуы және ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Тек жексенбіде оңтүстік және оңтүстік-шығыста жауын-шашынсыз, бірақ салқын ауа райы күтіледі.
Qamshy.kz: Ғалымдар нан өнімдерін тұтыну зиян деп дабыл қақты. Халықаралық ғалымдар тобы нан өнімдерін әзірлеу барысында пайдаланылатын пропионатты тұтыну гормондардың қалыпты қызметін бұзады дейді. Тәжірибе жасау барысында пропионат жүйке талшықтарының белсенділігін күшейтіп, глюкагон, норадреналин және басқа гормондардың ерекше жұмыс жасай бастайтыны анықталды. Ал бұлар қант диабетіне алып келеді.