"Нұрлы жер бағдарламасымен"екі жылдың ішінде екі мың отбасы баспаналы болған
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік бағдарлама басталған 2 жыл ішінде (2017 және 2018 жылдың 11 айында) 22 161 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілген. Тұрғын үй көлемі бойынша Астана (4,7 млн м²) мен Алматы қаласы (2,6 млн м²), сондай-ақ Маңғыстау (1,8 млн м²), Ақтөбе (1,5 млн м²), Атырау (1,3 млн м²) облыстары алдыңғы қатарда тұр.
Доллар алты теңгеге арзандады
Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сессиясында АҚШ валютасы орташа бағаммен 372,51 теңгеге сатылды. Жыл басынан бері доллар 12 теңгеге төмендеді.
Елбасы Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын реттейтін заң жобасын бекітті
Н.Назарбаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Құжат елімізде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталған. Заң бойынша биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, шекті, яғни ең жоғары бағаларды бекіту арқылы Қазақстанда барлық дәрілік заттардың бағасына мемлекеттік реттеу енгізілді.
Qazaq Banki салымшыларының 71 пайызы қаражаттарын қайтарып алды
2018 жылғы 24 желтоқсаннан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры "Банк ВТБ" АҚ банкі арқылы "Qazaq Banki" АҚ салымшыларының өтемақысын төлеп жатыр. Бүгінге дейін 2 886 салымшы 14,4 миллиард теңгені құрайтын өтемақыларын қайтарып алды. "Qazaq Banki" АҚ тарату комиссиясы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін 2019 жылдың 21 ақпанына дейін қабылдайды.
Қазақстанда 1200 полицияны жаңа форматқа сай үш ай оқытады
Оқытылатын полицейлердің бәрі қаңтар айының аяғында іріктеледі. Жаңа форматтағы полиция қызметкері лауазымына енді тек жоғары заңгер мамандығы барлар ғана алынады. ҚР ІІМ бірінші вице министрі Ж.Сүлейменовтың айтуынша, бірінші жартыжылдықта саладағы қызметкерлер кезектен тыс аттестациядан өткізіледі. Олардың арасында министрліктің, сондай-ақ облыстардағы департамент басшылары бар.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Еуропадағы ең қымбат 100 футболшының тізімі жарияланды. Бірінші орында "Пари Сен-Жермен" клубының 20 жастағы шабуылшысы – Килиан Мбаппе. Оны сарапшылар 218,5 млн еуроға бағалаған. "Тоттенхэм" ойыншысы, Англия құрамасының капитаны Гарри Кейн 200,3 млн еуро көрсеткішімен екінші орынды иеленді. Үздіктер үштігін бразилиялық Неймар (197,1 млн еуро) түйіндеп тұр.
Bnews.kz: Түркия қазақстандық студенттер үшін жыл сайын 200-ге жуық грант бөледі. Үміткерлерге қойылатын жалпы талаптар таңдаған университеттегі бағдарлама талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сондай-ақ тапсыратын бағдарламаға байланысты жасы сәйкес болуы қажет. Бакалавриатқа 01.01.1999 кейін туылғандар, Магистратураға 01.01.1990 кейін туылғандар, Докторантураға 01.01.1985 кейін туылған, ғылыми зерттеулерге 01.01.1975 кейін туылған үміткерлер тапсыруы қажет.