Шындығында, полиглот болу – табиғаттан даритын ерекше сый емес. Көбіміз ойлағандай жылдар бойы салмақ салатын ауыр жұмыс та емес. Мұны тұлғалық даму зерттеулерін жүргізуші нейролингвистер мен физиолингвист мамандар адамның ерік-жігерінің жемісі деп біледі.

Полиглот пен гиперглот – ағайындылар

Полиглот – бірнеше тілді еркін меңгерген "қарапайым" адам.

Гиперглот (шартты және салыстырмалы түрде жаңа термин) – 6, кейбір деректер бойынша 10 және одан да көп тілдерді жетік меңгерген адам.

Әлемдегі ең танымал полиглоттар қатары:
  1. Әмбебап ғұлама әл-Фараби 70 тіл;
  2. Кардинал Джузеппе Меццофанти әртүрлі мәліметтер бойынша 45-60 тіл;
  3. Философ, марксизм авторы Фридрих Энгельс 24 тіл;
  4. Аудармашы, физик-химик Като Ломб 16 тіл;
  5. Археолог Генрих Шлиман 15 тіл;
  6. Жазушы Лев Толстой 15 тіл;
  7. Орыс ағартушысы Михаил Ломоносов 11 тіл;
  8. Көне Мысыр падишасы Клеопатра 10 тіл;
  9. Жазушы Александр Грибоедов 9 тіл;
  10. Өнертапқыш ғалым Никола Тесла 8 тіл;
  11. Жазушы Энтони Берджесс 12 тілді меңгерген.

Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби гиперглот болған деседі / Фото test.collect.kz сайтынан алынды

Шет тіліне ынтық қазақстандықтар статистикасы

Соңғы онжылдықта үдей түскен жаһандану қарқынына ілесе бастаған қазақстандықтардың мультилингвистік қажеттілігі артқанын байқауға болады.

Бір Алматының өзінде мектеп-колледж, жоғарғы оқу орындарынан бөлек 1200-ге тарта тіл оқыту орталықтары жұмыс істейді. Астанамызда – 584, Шымкентте – 307, Қарағандыда – 283 ақылы тілдік курстар бизнестің табысты саласына айналып үлгерді.

Көрсетілген сандар қалалық құрылым картасына енгендері ғана. Бейресми үйірме-клуб, репетиторлық оқыту, өз бетінше үйрену т.б. әр алуан жағдайда шет тілін меңгеріп жатқандар бұдан да көп.

Лингвосоциологтар бізде Кеңес кезеңінде қалыптасқан билингвизм дәстүрі соңғы 15 жылда өз функциясын түрлендіріп, жаңаша мән үстеді деп отыр. Орыс тіліне қарағанда ағылшын тілі басымдық ала бастады. Бұл тұста қазақ жастарының заманауи білім мен шет тілін меңгеруге талпынысы ерекше көзге түсетінін айтқан жөн.

Полиглоттар стереотиптерге сенбейді

Олар тіл үйрену үшін ата-анадан берілген ерекше ген-қасиет қажет, сонымен қатар олар "сыни кезең" гипотезасын – яғни бала кезінде меңгермесе, орта жастан асқанда қиындық тудырады дегенді жоққа шығарады.

Олар біреудің оқытқанын күтпейді. Қажет кезінде өз деңгейлерінен сәл жоғары тапсырмаларды алады. Нәтижеден тыс, процестің өзінен рақаттанады. Жаны қиналған кезде туатын ішкі наразылығын басып, көздеген мақсаты жолында табандылық танытады. Қамшы салдырмайды.

Лингвистер бөліскен деректерге қарағанда, олар 2-4 тілді жетік меңгереді, қалған тілдердегі сауаттылығы әр түрлі деңгейлерде.

Шет тілін үйрену – қартайғанда алжасудан сақтайды

Лингвист, психолог пен нейробиологтар гиперглоттардың ми құрылымына қатысты қызықты ізденістер жүргізген. Олар жеке қызығушылық пен қажырлы еңбектің сәтті үйлескен нәтижесі деп тұжырымдайды. Массачусетс Технологиялық институтының (АҚШ) профессор-филологы Сюзанна Флинн адам миының жаңа тілдерді үйрену мүмкіндігі шексіздігін, мәселе тек уақыт тапшылығында екенін айтады.

Гарвард университетінің (АҚШ) қызметкері, нейролингвист ғалым Стивен Пинкер де ұқсас тілдер бір-біріне кедергі жасамаса, теориялық тұрғыда бәрі мүмкін екенін меңзейді. Ұмытшақтықтың емі, жадты жетілдіру әдісі – тіл үйрену.

Жер бетін тербеген "ағылшын жыры"

Шет тілін меңгеруді әркім түрлі мүмкіндік ретінде таниды. Еңбек нарығындағы бағаң өсіп, табысың еселейді. Және қосымша табыс көзі, шетелдік таныс-достар табу, заманауи білім көзі, ақпаратқа ашық әрі еркін қолжетімділік, саяхат пен сапардың барынша сәтті өтуіне сеп, кез келген өнер туындыларымен (әдебиет, ән, театр, фильм) түпнұсқада танысу, жадыны шынықтыру, жалықтырмайтын хобби...

Жер шарында ең кең тарағаны қытай тілі. Испан тілі екінші орында. Шамамен 1,7 млрд адам ағылшын тілінде сөйлейді. Ал 400 миллионының – ана тілі. Оның үстіне тағы бір жарым миллиардқа жуық адам осы тілді үйрену үстінде.

2017 жылғы дерек бойынша ағылшын тілі 59 елде ресми тіл статусын иеленген. Ғаламторда 51,3% веб-сайт тілі болуы арқылы көшбасшылықта. БҰҰ алтылығындағы бірінші тіл. Әлемдегі әр үшінші кітап ағылшын тілінде шығады. Ғылыми-техникалық басылымдардың жартысы ағылшын тілінде жарық көреді. Дүниежүзілік ғаламторда ағылшын тіліндегі материалдар көлемі рунеттің көлемінен 9-10 есе көп.

Өзіңнен полиглот дайындаудың "рецептілері"

Біз сөзге тартқан төрт кейіпкер де полиглот болудың сыры нақты мақсатта екенін айтады. Қазіргі жас ата-ана ұл-қызын ана тілінің уызына жарымай жатып шет тіліне күштеп оқытуға тырысады. Туған тілін жақсы меңгермейінше кез келген адам өзге тілде жоғары нәтижеге қол жеткізуі неғайбыл. Ана тілінде жетілмеген баланы зорлықпен өзге тілге жегу этноколориттен ада, мәдени танымы дүбәра, фундаменталды құндылықтары босаң тұлға болып өсуіне әкелуі ықтимал.

22 жастағы тараздық полиглот, ағылшын тілінің тренері Қуаныш Телғараев алдына ата-аналардың жетектеуімен төрт жасар бүлдіршіндердің келетінін айтады. Бастауышты бітірмей жатып басқа тілде оқытуға әлі ерте екенін түсіндіргенмен ата-ана "заман талабына ілессін" деген уәжбен райынан қайтқысы келмейді.

24 жастағы талдықорғандық полиглот, ағылшын-түрік тілдерінің тренері Қасым Махмет 7 сынып оқушысы кезінде полилингвистерді көріп, 4 тілді меңгеруді мақсат тұтқан. Жан қалауы мен нәпақа нанына айналған ағылшын тілін академиялық деңгейде меңгеруінің сыры "мақсатының айқындығы" деп біледі.

– Көп нәрсе өзімізге байланысты. Мен әрқашан өзіме оқу үшін, дайындалу үшін ыңғайлы атмосфера жасап алатынмын. Ең бастысы, ағылшын тілі болашағым үшін, мақсатыма жету үшін ең маңызды құрал екенін түсіндім, – дейді ол.

Қасым негізгі формула "қатаң тәртіп пен табандылық" екенін, белгілі бір тілді меңгеру үшін тұрақты түрде жарты жыл немесе одан көп дайындалған дұрыс деп санайды. Жай білу деңгейін ғана емес, қолдану деңгейін де жетілдірген дұрыс.

Ағылшын тілінде кәсіби тұрғыда білім беріп жүргеніне 4 жыл болған жас мұғалім НЗМ, Сингапур, Малайзия елдерінде тәжірибесін шыңдағаннан соң онлайн-оффлайн форматта "JetEd" жобасын құрған.


Қасым Махмет

– Жоғарыда атап өткендей мен мақсатымды анық көретінмін. Процестен ләззат алуды ұмытпаған жөн. Әр деңгейдің дедлайнын белгілеп, соған сәйкес сөздер қорын жадыға сіңіру үшін кем дегенде үш оқулықпен жоспарлы түрде жұмыс істеу қажет. Мәтінді оқу барысында жаңа сөздерді түртіп отыру маңызды.

Мақсат + табандылық = жетістік

Witty Online ағылшын мектебінің негізін қалаушы Балжан Рысқызының шет тіліне әуестігі бала күнінен ағылшын киноларына қызығушылығынан оянған.


Балжан Рысқызы

Мектеп қабырғасында кадр тапшылығынан тек неміс тілінде білім алған Балжан: "Жоғарғы оқу орынына түскенде қатты қиналғаным есімде. Сол кезде ағылшын тілін жетік меңгеріп, өзім сияқты ауыл балаларына сапалы білім беруді мақсат еттім", – дейді. Оның ойынша таңдауың түскен тілді меңгеруді жарты жолда тастап кетпес үшін "мақсат анық болуы шарт". Модаға айналған мотивация туралы ол:

"Адам өзінің миссиясын шынайы түсінген кезде мотивация өзімен-өзі келеді. Менің миссиям – қазақ тілді ортаға әлемдік тілді сапалы үйрету. Мұндай кезде таңғы алтыда тұрып қалай ағылшынша оқып отырғаныңызды білмей де қаласыз", – дейді. Қазір ол 15-55 жас аралығындағы әр саланың мамандарын оқытып жүр.

Тілді асап меңгеру мүмкін емес...

Полиглот студент Қуаныш Телғараев "бір тілді, жай ғана туған тілін болса да жетік меңгерген адамға екінші тілді үйрену оңайға соғады. Бұл дәлелденген теория" дейді. Ол өзіне қазақ тілінің грамматикасын жақсы білгендіктен, басқа тілдерді оқу жеңіл болғанын айтады.


Қуаныш Телғараев / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Оның пікірінше, ағылшын тілін үйренудің "методикалық пакетін" – жүйелі оқулық (тек біреуі), youtube арналары, Alltopics.com, lelang.ru, lingualeo.com сықылды оқу сайттары мен Дмитрий Петровтың дәрістері, бейімделген классикалық шығармалар, заманауи әндер субтитрлерімен т.б. материалдары құрайды.

"Бірден күрделі материалдармен жұмыс істеу, түпнұсқадағы әдебиеттерді қолға алу оқушының меселін қайтарып, сағын сындырады. Бәрі жайдан күрделіге, бірліктен ондыққа қарай қозғалу қажет. Тілді асап меңгеру мүмкін емес, аз-аздап, алайда тұрақты түрде. Сонда ауыртпалық сезілмейді, ең бастысы тәжірибе мен табандылық", – дейді Қуаныш.

Тіл үйрену – мақсат емес, құрал болуы тиіс!

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, итальян-неміс тілдерін де еркін меңгерген Ермұрат Төлебаевтың шет тілдерін оқуға ықыласы студент кезінде туған. Бір қызығы, ол: "Негізгі мақсатым – тіл үйрену емес, еуропалық халықтың мәдениеті, танымымен түпнұсқада танысқым келді. Мұнда тіл жай ғана құрал, көпір болды", – дейді.

Шындығында, көпшілік тіл үйренушілер мақсатын дұрыс айқындамағандықтан жігері мұқалып, жарты жолдан аяқсыз тастап кетеді. "Әр тілдің өзіндік ерекшелігі барын ұмытпаған дұрыс. Тілдерді салыстырмалы әдіспен толық игеру мүмкін емес" деген полиглот мұғалімнің тәжірибесі бойынша бастапқы деңгейлерден соң ағылшын тілін ағылшынша, неміс тілін немісше үйренген абзал.


Ермұрат Төлебаев

– Үздіксіз еңбек. Аз-аздан үнемі үзбей білім алу – ең өнімді әдіс. Асықпа, бірақ тоқтама! Тәулігіне кемінде жарты сағатыңды арнап отыру арқылы өзіңді тұрақтылыққа тәрбиелейсің. Тұрақтылыққа үйреніскен адам кез келген күрделі тілдің өзін шетінен кеміріп, аз уақытта меңгере алады.

Қай іс шұғыл әрі маңызды болса, соған назар аударыңыз. Көңіліңіз нені қаласа, соған еріп кете бермеңіз. Кейде өз қалауларыңыздан да бас тартуыңызға тура келеді, – дейді әлем елдерін өз тілдерінде шарлаған полиглот жігіт.

Әліпбидің соңғы әріпі

Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілін құрметтейтін жас қазақта көп. Заман талабымен полиглоттар қатары да артып келеді. Жоғарыда өз білік-тәжірибесімен бөліскен полиглоттардың дені шет тілін бастауыштан кейін-ақ, тіпті жоғарғы оқу орнында меңгерген. Демек, бұғанасы қатпаған баланың алты жастан үш тілмен санасын шимайламай мемлекеттік тілде білім беру керек. Ендігі меже – ұлттық құндылықтармен нәрленген жеткіншектерге орта сыныптан бастап әлем тілдеріне жол ашу.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.