Жоғалып бара жатқан "Жеңгелер" институтын жандандырайық
Жаһандану заманы "Жеңеше" сөзін шынжыр табанында жаншып, жойып бара жатқандай. Сонау ғасырлардан жалғасқан "жеңгелер институтының" тізбегі небәрі 70 жылда қалайша үзіліп қалды? Тіптен, "жеңеше" сөзінің бүгінгі жастар арасында қолданыстан қалып бара жатқаны жасырын емес. Пәлен-пәстен деп келеңсіздікті әрнәрседен көрумен, құрайқаймен кеңірдек жыртумен әуреміз. Көне заманнан беріде қыз тәрбиесіндегі жеңгенің маңызды рөлін ескереміз бе? Жеңгесі парасатты үйдің қызы ибалы мінезімен даңқы әулеттен асып ауыл-елге жайылған.
"Әр кәлләда бір қиял..." демекші, жеңгелердің қоғамдағы орнын өзімше ой таразысына салып, саралауға тырыстым. Бала күнімізде ауылға түскен келін – күллі бала-шағаға "жеңеше" боп шыға келетін. Руы, туыстығы ешкімді қызықтырмайды. "Жеңеше" – бітті!.. "Ақбас көкенің үйіндегі жеңешем босаныпты!.." деп, тайлы-таяғымызға дейін қалмай, ауыл-үйді түгел шарлай сүйінші сұрайтынбыз. Шапқылауымызға дүмпу болып тұрған – жеңгелердің бөліп-жармастан бәрімізге бірдей қарауында жатыр. Осы кездері ойлап қарасам, сол – "жеңеше" деп жүрегіміз үзіле сыйлаған жеңгелеріміз үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ауылдас қана екен.
Келіндер иерархиясы
Балалығымның бал дәурені өткен ауылда "келіні кетіп қалыпты..." деген сөзді естімей өстік. Босағаға түскен келін, әулеттің ғана емес, күллі ауылдың келініне айналатын. Сенікі-менікі деп бөлісу атымен жоқ. Көршіге қонақ келе қалса, білек сыбана көмекке кірісіп кететін келіндер бүгінде ертегіге айналып барады.
Әсіресе, той-томалақ, өлім-жітім кезінде ошақ басында "келіндер иерархиясының" билік құратын сәтті айтсаңшы?! Қазан асуға, нән қазан толы еттің былқып піскеніне, шәй қоюға, дастарқан жасауға келіндерді ілкімділігіне қарай бөлетін "үлкен абысын" болатын. Үлкен абысынның айтқаны екі етілмей орындалып, күллі қаракет "автоматтандырылған түрде" өз-өзінен сартылдап атқарылып жататын. Тайлы-таяғына дейін ағылған ауылдастарын бір кісідей күтіп алып, қабақ шытпастан шығарып салатын ауылдағы жеңешелер институты қайда кетті, қалайша үзіліп қалды?..
Жеңгемен сырласудың жөні бөлек
Қайынсіңлі мен жеңге арасындағы сыйластық ең алдымен – Күлімкөз, Серікжан, Еркеқыз, Айнамкөз деп атаудан басталатын. Шын есімін атамастан, неше түрлі әдемі ат қойып алып шақырғанда, жүрегі елжіремейтін қайынсіңлі қалмайтын. Қайтарымына қайынсіңлі де ешқашан бедіреймей "Жеңеше" деп сызылады.
Жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластықтың қыз тәрбиесіне ықпалы ерекше болды. Тіптен, ес біліп етек жабу процесін жеңгелердің аялы алақанымен атқарған кезеңде бетімен кетіп, "шідер бұзған" қыз болмайтын.
Ана ақылшың болғанда, жеңге жақын тұтар сырласына айнала білді. Анасына айтуға қаймығатын ішкі сырын жеңгемен бөлісіп, ақыл-кеңесіне құлақ асқан қыз, қателіктен қашық болды. Жанашыр жеңге қайынсіңліге өз сіңлісіндей қамқор болып, бауырына басты. Арадағы сыйластықтан әулеттің абыройы асқақтады. Жеңгенің парасатымен оңды-солын айырған қайынсіңлі жат босағаны аттап барған жерінде тәрбиесімен таңдай қақтырды.
Атын атамаудың жылылығы
Иә, жаңаша өмір сүру салты бәрін өзгертті. Жеңге қайынсіңлінің, қайынсіңлі жеңгесінің атын бедірейтіп атап, қарым-қатынасты жаңаша құруды жөн көреді. Бір қарағанда "атын атағанда тұрған не бар. Бастысы сыйластық емес пе?!" деп акталуымыз дұрыс-ақ. Бірақ... "Жеңеше" мен "Айнамкөз" деудің сұлулығы мен жылуы қайда кетті?!
Бүгінгі жаңа түскен жас келін өзін "жеңеше" деп атауын қаламайды, қайынсіңліге "Айнамкөз" деуге арланады. Жеңге мен қайынсіңлі арасы алшақтап, ибалы сыйластықтан ажырап кеткендей. Естеріңізде болса, ертеректе аталарымыз қыз тәрбиесін анасынан гөрі жеңгесіне тапсырып, әдеп-ибасын келін арқылы қалыптастырып отырған.
Қазақ – дана халық
Жеңгемен көп сырласатынын ескеріп, қыз тәрбиесін келіннен талап еткен. Бойжеткен қызды көзінен таса етпей, жеңгесіз қыз баланы ойын-тойға жеке жібермеуінде неткен терең тәрбие жатыр десеңші?!
Бүгінде, үйден қырық қадам аттап шыққан қызды көше тәрбиелейді. Жағымсыз тәрбиені бойына сіңірген қыз ертеңгі аттайтын босағаға көшеден алған тәрбиесін апармақ. Көп байлығымыздан қолдан айрылып жатқанымыз өкінішті. Кінәлауға жақынбыз. Етек-жеңі ашық-шашық қыздарымыздан түңіліп, күңіреніп жатқан тұстарымыз да жеткілікті. Тәрбиені талбесіктен дегеннің маңыздылығын түсініп, оны ересектер дер кезінде қолға алса, өкінішке орын қалмас еді.
Дәрменсіздіктен құтқарар күш – дәстүр
ХХІ ғасыр адамзатына "өзге планетаның" адамындай көрініп жатқан жапондықтарды құлдыратпай ұстап тұрған мықты өзек – дәстүрлі тәрбиесі! "Ұлтты жою үшін, алдымен дәстүрін жой" дегенді Конфуций текке айтпаған. Демек, дәстүрлік тәрбие үзілген кезде бейбастық алға шыға келмек. Егер де техникалық жетістіктің кесірінен десек, техникалық жаңалығымен әлемге әмірін жүргізіп отырған жапон халқы өз дәстүрін қалайша жоғалтпай отыр? Демек, дәстүрді тірек етуді әр адамның жекелей міндеті екенін ескерсек, құба-құп болмақ.
Қақпақылға түскен ене тәрбиесі
Соңғы кездері желек астындағы келінді ата-ене босағасын аттатып әуре болмастан, өз алдына тігілген отауға бірден апара салатын үрдіс жолға қойылды. Құдайға шүкір, тұрмысы нықталғандардың бары қуаныш. "Ештеңеден қиындық көрмей, өз арбасын өзі сүйресін" деген ниетпен баламызға отауын алдын-ала сайлау – жас отбасына қажетті көмек.
Көңілді кілкіген майдай бұзары – ене тәрбиесінен келіннің шет қалуы. Бар байланыс алақандай телефонмен жасалынып, арақатынастың күннен-күнге суый бастайтына мән бермейміз. Бәріміз баламыздың шаңырағының шайқалмағанын қалаймыз. Әулет ішінде қалыптасқан тәрбиемен жас отауға кіріскеннен кірбің туатынын ойлап, "алыстан сыйласу" үрдісіне тоқымсыз міндік. Қайынжұрт пен келін арасындағы байланысты қолдан әлсірететін басты факторға мойын бұрмаймыз. Оңаша отауға тап болған жас келіннің "төркіншіл" боп шыға кететіне кім кінәлі?
Иә, ертеде келінді жеке отауға келін түсірген. Бірақ, жас келіннің түні оңаша болғанымен, қазан-ошағы, тіршілігі ененің сыпырасымен бірге боп, қайынжұртпен біте қайнасқан. Нәтижесінде ауылға сыйлы келін, ене, әжеге айналып отырды.
Әлбетте, ақылсынып алдыға түспек жайым жоқ. Келінмен бір дастарқан басында шәй ішіп, немере жетелеп жүрген ене болған соң, қоғамдағы келеңсіздікке бейтарап қарай алмайсың. Бетімен кеткен келінді көргенде арқаңа аяздай батады. Қоғамға теріс қарағанша, әр адам ең алдымен өз отбасында дәстүрлік тәрбиені қалыптастыра алса, бетімен кеткен бейбастықтың үні өшер еді. Баланың болашағын ойласақ, барлық келеңсіздікті қоғамға, көшеге жауып, дәрменсіз күйді бетперде етуден арылатын күн туды. Қоғамның тірегі – Қыз. Себебі, тіршілік көзі қыздан басталмақ.
Тіршілік – тізбектелген тірі шеңбер
Қыз – Келін – Жеңге – Ана – Ене. Ғажайып тізбектің әр нүктесінде қыз жолы өзгеріп, салмағы басым түсе статусы жоғарылай түспек. Үкідей үлпілдеген қыз дәурені "келін-ғұмырға" айналып, әулеттің, ұрпақтың жауапкершілігі талша мойнына артылған сәтте оң жақта алған тәрбиенің атқаратын рөлі айқындалып шыға келеді.
Босаға аттаған келін мен оң жақтағы қыз арасында алтын көпір болатын Ана-Ененің өзі жеңге мен қайынсіңлі арасын жалғастыруға қаншалық дайын? Жасыратыны жоқ, өзінің жат босағаны имене аттаған кезін ұмытып, келген келінге кірпідей жиырылатын енелер де жеткілікті. Қызын жас келіннен қызғыштай қорып, екі ортаға қытай қорғанын салатын енелердің қорқынышы түсініксіз.
Кісі – тілдескенше демекші, жас келін мен қайынсіңлі тез тіл табысып, сырлас болғаннан әулеттің ұтары мол. Жат әулетке қалай сіңісерін білмей жүрексінген жас келіннің сынаптай лыпып тұрған көңілі орнығуына қайынсіңлінің ыстық пейілінің пәрмені мықты болмақ.
Есесіне, қайынсіңлінің қабағына қарап, оның жанын егеген күмәнді сейілтуге жеңгенің жылы сөзі, жомарт жүрегінің қосар үлесі зор. Бір қараған көзге салмағы жоқтай көрінетін жеңге мен қайынсіңлі арасындағы байланыстан әулеттің нығаятынына мән берейік. Тіптен, кей ағайынға жұғымы жоқ ұлдың өзін парасатты жеңге–келін туыстық қораға қиындықсыз кіргізіп, етжақынға айналдыратынын уақыт дәлелдеген. Тек, сол уақытты уыстан шығарып алмасақ жарады.
Мінсіз пенде жоқ. Ендеше, көш түзелсін десек "Жеңге институтын" жандандыратын кез туды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.