Талап қолдаушысы болған жағдайда ғана жүзеге аспақ. Қолдаушысы не жоқ, не осал болған жағдайда, таудай болса да талабыңның тасқа шағылары даусыз. Бақандай 27 жылдан бері өз елінде қазақ тілінің қадірсіз боп жатқанын айтудай-ақ айтып келеміз. Нәтиже болымсыз.

Ұлт мүддесі жүзеге асуы үшін, қазақтың шашағы терлеп, жанкештілік танытуы қажет-ақ. Әлбетте, "жаным құрбан" деушілер жоқ емес. Десе де, ұлт тілінің мәртебесі биік болуына бойкүйездік танытатын басым көпшілігі "өзіміз" екені де жасырын жайт емес.

Кейде айналма жол керек

Талабың тасқа шағылған соң, айналма жолмен жетелеп болса да мақсатыңа жеткеннің айыбы жоқ деп ойлаймын. Бір ғана мысал: мен тұратын Шымқаланың іргесіндегі шағын ауылдың алпыс пайыздайы өзге ұлт өкілдері. Әсіресе, орыстар көп. Сонау кеңес үкіметі кезінде алпауыт өндіріс орындары қожайындық еткен саяжайға тек өзге ұлт өкілдерінің қолы ғана жеткені шындық. Сондықтан болар, көшелерінің атауы – Фабричная, Бассейін, Металлург, Транспортная боп өзге тілде аталды.

Тәуелсіздікке қолымыз жеткенімен, көше атауын қазақшалаудың кемшін қап жатқаны менсіз де айтылып жатыр. Айтқым келгені – тіл мәселесі.

Өзге тілге өзіміз иілеміз

Көшіп келгеніме бірнеше ғана ай болса да, қалада көбіне көрмейтін орыстың аядай ауылда шоғырланғанына алғашында таңқалып та жүрдім. Орыстарға қазақша сөйлеуім медбикеден басталды. Ине ектіруге барғанмын. Әлбетте, орысша сөйледім. Ол да өз тілінде жауап қайтарды. Кереуетте ине шаныштырған егде кісі: – Мынауың таусылды білем? – дегеніне әлігі медбикенің, – Қазір, көке?! – деп, таза қазақша жауап бергені түрткі болды.

Таза қазақшасына риза болдым. Сол сәттен бастап қазақша сөйлегеніме – қазақша жауап аламын. Былайғы уақытта да мінген таксиде болсын, барған дүкенде болсын, қазақша сұрайтын болдым. Ешқайсысы "орысша сөйлемедің" деп қабақ шытпастан шүлдіреп болса да, жауап береді.

Көше бойынан жаңа дүкен ашылды. Қожайыны – орыс жігіт. "Не бар екен?" деген оймен дүкенге кірдім. Орыс жігіт "Проходите?" деп құрақ ұшты. Мен сұрағымды қазақша бере қойдым. Ол маған қиқы-жиқы болса да қазақша жауап берді. Онысына қуанбасам, ашуланбадым, Һәм ренжімедім. Сөйлеуге тырысқанына мәзбін. Енді ше?! Кәдімгідей қазақша жауап беруге жанын салып жатқанын көріп тұрмын ғой.

Міні бар деп менсінбеуге болмайды

Атының Миша екенін біліп алдым. Мінсіз қызмет көрсеткеніне риза болдым. Сүт сұрап едім, әлі сүт тасушы фирмалармен келісімге тұрып үлгермегенін айтты. Тіл білгеніне ризашылығымның өтеуіне "Сайрам сүттің" сапасы дұрыс екенін айттым. "Апа, рахмет. Фирма айтады. Сөйлеседі" деп қалды. Демек, мен қалаған фирмамен келісім жасайды деген сөз.

Ол дүкеннен сәл жоғарылау тағы бір дүкеннің қожайыны – қазақ. Оларда мен қалайтын сүт пен айран, қаймақ сатылады. Сүт ала қояйын деп жол-жөнекей кірдім. Әдетте инабатты әйел тұратын. Бұл жолы күйеуі тұр екен. Өте дөрекі қызмет көрсетті. "Алдыма алушы кеп тұр-ау?" деген ой қыртына кірмейтіндей. Жатқан міндет. Ашуым келді.

Қазақшаға ұмтылған орысым

Араға екі-үш күн салып таңмен жұмысқа асығып кетіп бара жатқанмын. Дала әлі қараңғы. Мишаның дүкенінің тұсынан өтіп бара жатсам, алдында жарығы жарқырап тұр екен. Іштен Мишам жүгіріп шығып: – Апа, Сайрам сүт келді. Айран, қаймақ бәрі бар. Сіз келіңіз. Сіз айтты. Мен алдым", – деп дауыстады.

Тоқтай қалдым. Сауданың кілтін тапқан түрін айтсаңшы?! Тұтынушының өтінішіне зер сап, тапсырысты орындағанына, онымен қоймай менің өткенімді жібермей тұрғанына риза болдым. Кешке қалдырып қоюын, жұмыстан қайтарда алатынымды айттым. Кешке соқсам, жап-жас орыс қыз тұр екен. Сатушы жалдаған болды. Қазақша Мишаны сұрап едім, сатушы қыз орысша оның қалаға кеткенін айтты.

Қажетімді қазақша сұраймын

Ол түсініп, жауабын орысша берді. Екеуара еш қақтығыс болған жоқ. Бастысы – түсіністік болды. Алғашында қазақша жауап бермегеніне қырсығыңқырап қалғанымды жасырмаймын. Бірақ, менің көңілімнен шыққысы келіп;"Әпше, Миша для вас оставил" деп, зыр жүгіргеніне қарап, райымнан қайттым.

Егер, қазақшама мұрын шүйіргенде, шап беруім әбден мүмкін еді. Қазақшамды дәл түсінгенін көріп: – Сұрағанымды дөп таптың. Жауабың орысша боп жатыр иә, қызым? – дегеніме, – Әпше, я все понимаю. Но, правильно ответит не могу. Поэтому стесняюсь. А, вы говорите на казахском. Постараюсь научиться, – деп әдемі күлімсіреді.

Ұмтылып тұрғанға ұмсын

Тіліңді тапқысы келген жанға қалай ренжисің?! Бастысы – түсінеді. Тырысады. Осы жағына мән беруіміз керек сияқты. Үкіметіміз орысша сөйлеп жатқанда, жалпымен текетіресе бос күреске жүйке тоздырғанша, өзімізі қазақша сөйлеп, жетелесек қалай болар екен?..

Әлбетте: "Өз жерімізде отырып біздің тілде сөйлеуін талап етеміз. Жетелеген таз – ауға жарамайды" дерсіз. Десе де, 27 жылдан бері тамақ жыртқан айғайымыз нәтижесіз боп жатқанын көре тұра, неге жәймен жетелемеске?! Екі жақты түсіністікке жол бергенді санасы бар ұғады деп ойлаймын. Бірте-бірте қалыпқа енер?.. Әлбетте, ол үшін өзіміз жанкүйер болуымыз керек.

Бір орыс көрсек, үш қазақ орысша шүлдірейді

Иә, осы тіркестің жауырынға айналған тақырып екені даусыз. "Америка ашпақ" ойым жоқ. Жауырынға жал біту үшін әлі де бірәз жыл керек сияқты. "Жылы сөйлесе – жылан іннен шығады" демекші, бәлкім өз тілімізде дікілсіз сөйлесек, жыланның басы аққа тіреліп, жолға түсер?

Бір мысалдың жүздеген мәселеге тетік болмасын білемін. Қолдаусыз жатқан бос әуреден гөрі, осылай да көрсек деген ниет қой?! Соңғы кездері: "Қытай еліндегі тест сұрағында: "Өз тілінде сөйлемейтін мемлекет дегенге – Қазақстан" дегенді оқып, ішімізден қынжылып жатқан жайымыз бар. Парламент пен сенат орысша шүлдіреп жатқанда, не дерсің?! Ұлт мүддесін өзімнен биік санайтындықтан ба екен, титімдей нәрседен тұщымды ой тудырудың жолын іздеп жүргенім.

Әсіресе, қазақ тілінің шұбарланып, көше тіліне айналып бара жатқаны қабырғамды қайыстырып-ақ жатыр. Жөнге салар тиімді жол бар ма?! Әдетте, талап мәселесіне келгенде асыра сілтеп жіберетініміз бар. Өте дұрыс талап болғанымен, 70 жыл бойы билігі үстем болған ұлттың оңайшылықпен жол бере қоюы екіталай екенін көріп те жүрміз. Тіптен, ана тілінде сөйлегені үшін жауапқа тартылған адвокаттың өз құқығын қорғауға мәжбүр боп жатқанын да естіп, біліп, жүрегіміз қан жылауда. Тығырықтан шығар жол бар ма?

Көршіге күлкіміз

Көрші мемлекеттерде өз тілінде сөйлемеу деген мәселе жоқтың қасы. Олар үшін күлкілі десем артық болмас. Өкінішке қарай, ол мәселеде ұяттымыз. Екім аздай, үш тілді болу одан бетер қазақшамды тұқыра түсуде. Жаһандану кезеңінде жеті тіл білген де артықтық етпес. Бірақ, өзге тілмен көмейі шыланған баладан – ұлтжандылықты талап ету, болашақта ұрпағымыздың күлкісін келтірмесіне кім кепіл?

Қарапайым жанкүйерліктің маңыздылығын әлі де қабылдай алмаудамыз. Бірде, таксидің алдыңғы орындығына орыс кемпір отырды. Арт жағында кіл қазақтар жайғастық. Магнитофоннан орыс тілінде жағымсыз рэп стиліндегі ән беріліп жатыр екен. "Қазақша қойыңызшы?!" деп шопырға өтінгенім сол екен, әлігі кемпірім; "Не трогай?! Почему требуешь? А, мне казацкий не понятно?!" деп салды. "Қ"-ның орнына – "Ц" һаріпін әдейі қолданғанын түсіндім.

Рэптің сөзі естір құлаққа жәйсіз екенін жәймен айтқаныма пысқырмады. Шопыр – қазақ жігіті. Жәймен қазақшаға ауыстыра қойды. Кемпірім тулап салды. Шопыр жігіт үндемей құтылды. Бірақ, ауыстырмады. Мен де кикілжіңді өрбітпестен тоқтай қойдым. Тап сол жерде өзімен бірге қартайған шовинистік көзқарастағы кейуананы орнына қоюдың фантастика екені бесенеден белгілі болған соң, несіне әуре болайын. Есесіне, шопыр жігіттің патриоттығы басым түсіп, күлкімен жеңе отырып қазақша музыкасын ауыстырмады.

Бағаласаң, бәрі бар

Бір қарағанға "Көрдің бе, орысты жеңу қиын?!" дерсіз. Есесіне, шопырдың өз тіліне деген құрметі үстем түсті. Бағалағанға бұл да аз емес. Тағы бірде көше бойында бірнеше оқушы бала кетіп бара жатқан. Тұсыма жақындағанда байқасам: Қазақ бала қазақша айтса, орыс баласы түсініп, өз орысшасында жауап беруде. Бәрі жапа-тармағай күледі. Әрқайсы өз тілінде мәз-мейрам. Әрқайсысы өз тілінде сөйлей тұра, екінші тараптың тілін түсініп отыр. "Осы да сөз боп па?!" дерсіз. Мән бере қарасақ, керісінше, ересектерден гөрі өз тілінде әңгімелесіп келе жатқан баланың бойында патриоттық басым секілді.

Саясатпен жұмысы жоқ қазақ бала "Қазақша жауап бер" демейді. "Біз – мықтымыз" деп қасарысу санасына қалыптаспаған орыс бала "Орысша сөйле" демейді. Әрқайсы өз тілінде өзара түсіністікпен сөйлеп, әңгіменің қызығына түскен. Бәлкім, мемлекеттік күллі құжатты тек қазақ тілінде жүргізіп, ауызекі сөйлескенде қазақшаға көше отырып, қарсы тараптың өз тілінде жауап беруіне мүмкіндік бере отырып, жәймен жетелесек, ендігі тіл мәселесі оңалып кетер ме еді деп те ойлаймын.

"Ойбай, жетелемек тұрмақ, желкемізде отыр ғой?!" дерсіз. Ал, сіз, жетелеп көрдіңіз ба? Меніңше болатын сияқты. Өз басымнан кешіп жүрген соң айтып отырмын. "Тамшы – тас жарады" демекші, тамшыдай тынбай жетелесек, ілестіріп кетерміз?..

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.