Бала – біздің болашағымыз

Ықылым заманнан қалыптасқан ұғым соңғы жылдары күрт өзгеріске ұшырады. Үміт артқан жастар легі жат елге ағылып жатыр. Шетінен білімді, озық ойлы, жаңалыққа жаны құмар жастардың неліктен жатқа құмар болғанына бір топ жастардың әңгімесі жауап бергендей.

Алдымда жасөспірім екі қыз бен бір жігіт дабырласа сөйлесіп келе жатты. Биік үй салуға жоспарланып, айнала қоршалған жарнамадағы "Бұл терезенің арғы жағында жарқын өмір " деген сөзді қыз бала естірте оқыды. Қасындағылар "Ха-ха, жарқын өмір басталады?! Арғы жағында жиырма жылға ұзаратын ипотека деген құлдық күтіп тұр?!" деп сарказммен сықылықтай күлісті.

Тұстас келе жатқан соң, дауыс көтере айтқан сөздерін естисің. Естігенімнен шошындым. Сөз саптауларынан үшеуінің қалалық кітапханадан шыққанын түсіндім. Бір-біріне жазғандарын талқылаған тартыс нобайынан дипломдық жұмысын жазып жүргенін ұқтым.

Қақпақыл сөздің аяғында әдеміше аққұба қыз: "Диплом қолыма тиісімен Англияда тұратын бөлеме кетемін" деді. Аққұба қыздың айтуынша, ағылшын еліндегі бөлесі үш жерде жұмыс істеп, айына жеті мың доллар табады екен.

Айналдырған үш жылда Шымкенттен жер үй сатып алып, әке-шешесін қоныстандырған. Алматыда оқып жатқан інісінің оқу төлемақысын толығымен төлеп қойған. Арасында жұмыстан қолы қалт етсе, бала-шағасынан жеке тұратын қарияларға қарасқаны үшін ақша табады екен. Англияның азаматтығын алуға тырысып жатқан көрінеді.

Жапон еліне кету керек

Аққұба қыздың ағылшын еліндегі бөлесінің жанкештілігіне қасындағы екі жас таңдай қаға риза болысты. Аққұба қыздың сөзін жігіт іліп кетті. Жігіттің айтқанынан жапон еліне құжат өткізіп қойғанын, сол елдің тілін жеті айдан бері үйреніп жатқанын түсіндім.

Онысымен қоймай қасындағы құрбыларына: "ХХІ-ші ғасыр – жапон ғасыры. Ол елде адамның лайықты өмір сүруіне жағдай жан-жақты жасалғанын айтып, қызықтырып қойды. Екеуін тамсана тыңдап келе жатқан сары қыз "жапон еліне ерте кетші" деп өтінді.

"Сенің түрің жапондардан гөрі ағылшындарға келеді. Сен одан да Айнұрмен бірге Англияға бар. Менің түрім жапондардан аумайды. Бәрі жапон деп қалады. Қиналмай сіңісіп кетемін..." деген сөзі және оны аққұба қыздың қостай кеткені жүрегіме оқтай қадалды.

Ықылым заманнан тіршілік ету қиындаған кездері жергілікті халық жер ауып отырған. Тарихтан шумерліктердің қаншалық жер ауғаны, қай жерде тамыры қалып отырғанын қызыға оқып өстік. Тәуелсіздікпен бірге көне түрік тарихын білдік. Сонау 500-600-ші жылдары түрік жазбасы болғанына қуандық. Ілгері ел болғанымызға шаттандық.

Алыстан сермемей-ақ, өз көнетүрік ұрпағының қарт Алтайдан бастау алған тамыры әлемге жайылғанын, арасында Қазақ барын мақтаныш ететін мына біздердің – ересектердің көзқарасында, жастардың арасында түпсіз құздың пайда болғанын байқамауымыздың салдары. Бұл түбі жақсылыққа жеткізе қояр ма екен?!.

Қазақстан жастарының жат елге тұрмыс деңгейін жоғарылату үшін кетуді армандайтыны, біздер үшін үлкен мін. Өйткені, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ересектерден ешкім алып тастаған жоқ. Әлбетте, мемлекеттік деңгейдегі мәселені көтеру ересектердің қолында екеніне әлі де болса үміт артайық.

Болашағымыз деп сенген ұл-қыздарымыздың арманы жат елге кету екен. Оған не себеп болғанын білгім келіп, тоқтаттым. Естігенім: "Бізде ештеңе өзгермейді. Болашақ бағдарламасымен оқып, елге оралғандар дамыған елде алған білімін жұмсарға жол таппай, тығырыққа тіреледі. Оның себебі – бар жерге таныс қажет. Таныссыз алған жердің жалақысы мардымсыз".

Арқалап келген үмітін, елдегі тамырлап кеткен жемқорлық жерге ұрады. Әрі-бері екі жыл жанталасқанынан нәтиже шықпаған соң, шет елге қайта кетуіне тура келеді.

Бізде білім алу емес – алған білімді жұмсайтын жер жоқ

"Бұдан асқан өрескелдікті іздесең, таппассың?!" Бұл –жастардың сөзі. Жапонияға кеткелі жатқан жігіт жеті жылдан бері, мектеп қабырғасынан жұмыс істей жүріп, қажетті ақшаны жинаған.

Кішкентайынан елінің болашағына, өркениетіне сенбеудің қайдан басталғанын сұрадым.

– Апа, 120 балл жинап, өз біліміммен оқуға түстім. Түскеніммен, универдегі білім көңілімнен шықпады. Қазір, ғаламтор арқылы жапон еліндегі оқу орнында сырттай оқып жатырмын.

Ендігі жылы бітіремін. Биыл оқуымды жапон елінде жалғастырамын. Сол жақта оқысам, нәтижем дұрыс болмақ. Жұмыс табуым да жеңіл. Қазақстанда мен қызығатын түк жоқ.

Өзіңіз айтыңызшы, бітпейтін сайлаудан басқа не бар? Біздерді ылғи қораға мал қамағандай сайлаудың жұмысына қуып тығады. Біздер үшін жасалған жаңалықты көргенім жоқ. Сондықтан, жат елге кеткенім жақсы. Ата-анама сол жақтан көмектесемін.

Бойында намысы жоқ деп ойламаңыз. Қазақ үшін бәріне дайынмын. Тек, ол патриоттығым мемлекетке қажет емес. Мемлекет, менің талабыммен санаспайды?! – деді ол. Дәл қасыңда көздері жәудірей, ішкі күйінішін ашық айтты. Қалай күрсінбейсің...

Аққұба қыз да ағылшын еліндегі жоғары оқу орнына ғаламтор арқылы екі жыл бұрын оқуға түсіп қойған. Қалған екі жылын тұманды елде аяқтамақ. Оның да уәжі сол. Біздегі жоғарғы оқу орнынан алған біліммен шет елде күн көре алмайтынына көздері жеткен.

Сары қыз "достарындай ертерек қам жасамағанына" өкініп, талабы жеңілдеу қытай оқу орнына емтихан тапсырып қойғанын, оң нәтиже алғанын айтты. Кеш те болса, еш емес деді. Ішім у-дай ашыды.

Біздің кезімізде

Аялдамада автобус күтіп тұрып, құлақ түрген елуді алқымдаған әйел осы кезде әңгімеге араласты. Үшеуінің пікірін тыңдап, өз бала-шағасының есейіп кеткеніне өкінді. Жастарды тежеудің орнына қолдады. "Отаның үшін – отқа түс"-пен тәрбиеленген ұрпақпын, кінәлай қарадым.

Біздер саясаттан аулақ болдық. Біздер жарқын болашаққа сендік. Біздер алған білімімізді халыққа қайтаруға тырыстық. Біздер... Иә, баяғыдан қалған "біздің кезімізде" деген сөздің қасиеті жоғала бастағанын көрудің өзі қиынның қиыны екен.

Көрші мемлекеттердің кейінен артта болсақ, кейінен алда келе жатқан әлеуметтік жайымыз бар. Білетінім – ұмтылған жанның аш қалмайтыны. Әйтсе де, жастардың ертеңгі күнге деген сенімді жоғалтуы жақсылықтың белгісі емес. Дәлелдемейді. Даурықпайды. Жат елге кететіні жайлы ойын ашық, нақты айтады.

Жастарды тоқтату мақсатында бастаған сөзіме: "Жастардыкі дұрыс. Өскің келсе, шетелге кету керек. Қайран осылардай жас болғанымда, мен де шет елге кетер едім?! Бізде табан тірер не қалды?!" деп, ұшуға дайын жастарды қолдай кеткен замандасыма қынжылдым.

Жапон елінде білім саласын зерттегісі келетін жігіт кейін, бәлкім араға ондаған жылдар салып, елге жапон үлгісін енгізуге оралармын дейді. Осы кезде Ә.Бөкейхановтың да жапон білім үлгісін үрдіске айналдыру туралы ұсынысын есіме түсті.

Араға ғасыр салып, жап-жас қазақ жігіті сонау, жиырмасыншы ғасыр басында айтылған ұсынысты жандандырып, қолданғысы келеді. Жігіттің байлық көздеп, бизнес жолын қумай, білім саласын зерттегісі келетіне іштей қуандым. Демек, санасында сәуле бар.

Жастардың сөзін егде әйел қолдап: "Адам боп қалғың келсе, тезірек шетелге кет, елде жақсылықтың нышаны қалмады" деп айтқанда, тегеурін берер жауап таппай қысылдым. Әлбетте, айтасың ғой, бірақ, оныңды жастар күле тыңдайды. Құқылы. Аз күнде алдағы тағдырына өзі жауапты жастарды бір ауыз сөзбен тоқтату еш мүмкін еместігі айдан анық жайт.

Сенімі жоқ білім

Егделіктің үзеңгісіне аяқ салған әйелге жастар көздері жайнай, алғыс айтты. "Түсінгеніңізге рақмет! Әдетте үлкендер үлкендер бізді кінәлайды..." Кінәлағандай маған қарап қойды. Киімдері жарасымды. Түрлерінен аштық пен жоқтық сезілмейді. Тек... Туған жерінде армандарын жүзеге асыра алатына сенбейді.

Тоқырау мен түлеу деген сан ғасырлар бойы мемлекеттер тарихында болған. Бола бермек. "Мемлекет" ұғымының өзі халқының табанды тұрақтылығының арқасында жүзеге асып отырған. Соғыс жоқ. Аштық жоқ. Ендеше, білімді жастар не себепті жат ел асып жатыр?..

Биыл – Жастар жылы, жастарға қолдау көрсетілмек. Сонда деймін-ау, қаншама жастардың жат ел асып жатқандарын тіркеп, себеп-салдарын зерттеп отырған құзырлы орын бар ма екен өзі?

Аялдамаға тоқтаған автобусқа жүгіре мінген үш бірдей жас, ұзап барады. Жәй ұзап бара жатқан жоқ... Біздер "Жарқын болашағымыз" деп сенген жастық ғұмырын, қажыр-жігерін жат елдің өркениетіне арнауға кетіп барады.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.