Демек, экономиканың қауіпсіздігі жайлы мәселенің туындауы заңды. Осындай жағдай қоғамның экономикалық, саяси, мәдени жақтарын қамтыған терең және өте маңызды трансформациялау кезеңінде қалыптасты.

Бұл экономикалық қауіпсіздікті мемлекет жағынан қамтамасыз ету мен оның тұжырымдамасын жасау жөнінде сөз қозғауды қажет етеді. Экономикалық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі болып саналады.

"Ұлттық қауіпсіздік" деген ұғым баршаға түсінікті. Ол ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы қоғамның постиндустриалық даму кезеңіне сәйкес келеді және әлемдегі көптеген елдердің қазіргі кезеңдегі өмірде берік орныққан, олардың ішкі және сыртқы саясатының ажырамас бөлігіне айналған. Бұдан басқа АҚШ пен басқа шетелдік мемлекеттер өздерінің ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясын жасап жатыр.

Саяси лексиконда ұлттық қауіпсіздік ұғымы бірінші рет 1904 жылы Президент Т.Рузвельттің Панама каналын ұлттық қауіпсіздік мүддесімен біріктіруді негізге алып АҚШ Конгресіне жасаған Жолдауында қолданылды.

Кейінгі жылдары бұл тақырып американдық саясаттанушылардың зерттеулерінде өзекті болып келді. Американдық авторлар ұлттық қауіпсіздік ұғымының қайнар көзі ұлттық мүдде жайлы теорияда деп біледі. Бұл пікірді саясаттанушы У.Липпман айтқан. Қазіргі кезде ұлттық қауіпсіздік мәселесі стратегиялық талдау жасау мектебіндегі ең басты зерттеу болып отыр. Біздің елімізде "Ұлттық қауіпсіздік" мәселесі туралы 1998 жылдан бері Заң аясында реттеліп, қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік бойынша қолға алынды.

Ұлттық қауіпсіздік әлеуметтік-саяси, экономикалық, мәдени және басқа да байланыстарға негізделген ұлттар қауіпсіздігімен, яғни белгілі бір аймақтық-мемлекеттік ортақтықпен байланысты көрсетеді. Ұлт өздерінің дәстүрлері, әдеттері, мәдениеті бар адамдардың этникалық жиынтығы ретінде қалыптасқан ұлыстардан тұрады.

Бұл тұрғыдан алғанда, ұлттық қауіпсіздік сол ұлттың жағдайын қоғамдық қатынастар мен қоғамдық санадан, қоғамдық институттар мен олардың әрекеттерінен тұратын тұтас жүйе ретінде сипаттайды. Ал бұл жүйе нақты тарихи жағдайда ұлттық мүддені жүзеге асырады немесе оған кедергі келтіреді. Ұлттық мүдде, ең бірінші, қоғам ішінде немесе одан сырт жерде қалыптасқан және мемлекеттің, жеке адамның және қоғамның талап-тілегіне кесірін тигізетін кез келген деструктивті ашу-ызаға қарсы әрекет пен оның өтемін жасаудан тұрады.

Ұлттық қауіпсіздіктің үш деңгейі анықталған: жеке адам, қоғам және мемлекет. Олардың орындары мен рөлдері динамикалық және оның сипаты қоғамдық қатынастарға, экономикалық-саяси құрылымға, ішкі және сыртқы қатердің деңгейіне тікелей байланысты. Ол ұлттар үшін дағдарыстағы және қауіпті кезеңдерде қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігінен де жоғары тұруы да мүмкін. Ереже бойынша, үнемі қиындық туғызып отыратын авторитарлық және тоталитарлық тәртіп (бұрынғы КСРО) мемлекеттік қауіпсіздікті жеке адамның қауіпсіздігі есебінен бірінші етіп қойып отырды. Ал демократиялық қоғам үшін жеке адамның бостандығы мен қауіпсіздігі анағұрлым құнды болып табылады. Мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігі жалаң өзіндік мақсат қана емес, жеке адамның бостандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету функциясы да.

Енді қауіпсіздіктің деңгейін анықтайық:

Мемлекеттің қауіпсіздігі басқарудың тиімді механизмінің болуынан, саяси және өндірістік күштерден және қоғамдық топтардан, сондай-ақ қорғаушылар институттарының әрекеттерінен тұрады;

Қоғамның қауіпсіздігі тұрғындардың барлық топтарының құқықтары мен еркіндігін іске асыратын және қоғамның күйреуіне әкеліп соқтыратын әрекеттерге қарсы тұратын қоғамдық институттардан, нормалардан, қоғамдық сананың дамыған түрлерінен тұрады.

Жеке адамның қауіпсіздігі оның дамуын және әлеуметтік маңызы бар қабілеттері мен талап-тілектерін мемлекет пен қоғамның қарсылығынан тыс жүзеге асырып отыратын құқықтық және адамгершілік нормалар кешенінен, қоғамдық институттар мен ұйымдардан тұрады.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету контексінде оның құрылымдық ерекшеліктеріне мән береміз. Ұлттық қауіпсіздіктің маңыздылығына мән берсек, бірінші кезекте саяси, экономикалық, әскери, экологиялық, ақпараттық қауіпсіздік және ұлттың мәдени даму қауіпсіздігі тұратын түрлі аймақтар, құрылымдық элементтер айқын көрінеді. Мысалы, саяси қауіпсіздіктің негізі ұлттың қабілеті мен мүмкіндігінен және мемлекеттік мәселелерді, өз бетінше, ішкі, сыртқы саясаттан тыс шеше алатын мемлекеттік институттардан тұрады.

Қазақстан егемендік алғалы, БҰҰ-ға және бірнеше халықаралық ұйымға мүше болғалы сыртқы саясатта, қорғаныста және ұлттық қауіпсіздікте, дүниежүзілік саясат пен дүниежүзілік қауымдастыққа өз бетінше енуде көптеген мәселелермен кезікті. Қазақстан халықаралық аренада сыртқы экономикалық және сыртқы саяси курсы, барлық мемлекеттер сияқты, ұлттық-мемлекеттік мүддеге сай өз логикасымен дамитын сапасы жағынан мүлдем жаңа ортаға енді. Бұндай жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты болашақта өз халқына әлемдік қауымдастық ішінен лайықты орын алып бере алатын жалпы адами қуатты сипатта болуға тиіс.

Қазақстанның геосаяси жағдайы мен этнодемографиялық құрамы, экономикасы мен әскери құрылысының деңгейі оның қауіпсіздігін әскери емес, саяси құралдары жағынан алдыңғы қатарға алып шығады. Бұл тұрғыда Қазақстан өз күшіне және қазіргі, мемлекеттіліктің құрылуының шиеленсіп тұрған кезеңіндегі ақылға сыйымды, парасатты дипломатиясына сүйенеді.

Ашық теңізге шығудың мүмкін болмауы, байланыс құралдарынан шалғайда болу Қазақстанның халықаралық байланыстарға қатысуын қиындатады. Сондықтан қайсыбір мемлекеттермен, әсіресе Ресей және Қытаймен, толық сенім ұстанымына негізделген өзара пайдалы және достық қатынаста болудың маңызы зор.

ХХ ғасырдың 90 жылдардың ортасынан бастап Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасын қалыптастыру аса маңызды болды. Бұл әсіресе Республика Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында құрылымдық сипат алды: 1996 жылы – "Елдегі жағдай және 1997 жылғы ішкі және сыртқы саясат туралы", 1997 жылы – "Қазақстан – 2030". Барлық Қазақстандықтардың жағдайының гүлденуі, қауіпсіздігі және жақсаруы", 1999 жылы – "Жаңа ғасырдағы елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі".

Бұл Жолдауларда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасы басты бағыт алып тұр. Осы кезеңнен бастап ұлттық қауіпсіздік бұдан арғы елдің маңызды құжаттарында нөмірі бірінші басымдық ретінде көрсетіліп отырды.

Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде басты мәселенің бірі ретінде Президенттің Жолдауында айтылған аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру мәселесі қаралып отырды.

Соңғы он жыл ішіндегі мемлекеттік саясаттың бағыттарының бірі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін заңнамалық жағынан қамтамасыз ету, осы салада нормативті құқықтық база жасау болды.

1998 жылы "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Заңы қабылданды, онда алдыңғы жылдардағы ұлттық қауіпсіздік саласында, оның ішінде Қазақстан Республикасы экономикалық қауіпсіздігі саласында жинақталған тәжірибелер жүйеленді.

Заңда Қазақстан Республикасының тәуелсіз егемен мемлекет ретінде дамуының басты шарты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып саналатыны жайлы ереже нақты көрсетілген. Заң Қазақстанның ұлттық мүддесін анықтады, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қауіп пен ұстанымдарды көрсетті. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, соттардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілеттігін белгіледі. Заңда алғаш рет сыртқы, әскери, экологиялық, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты бағыттары анықталды. Негізгі орында елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тұрғандығы жасырын емес.

ХХ ғасырдың 90-жылдар ортасында Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігі жүйесі мына ұстанымдарға негізделді:

  • Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін, оның мемлекеттік және аймақтық тұтастығын, ең алдымен, саяси шаралар мен экономикалық ықпалды тереңдету арқылы кепілдікпен қамтамасыз ету;
  • Ұлттық қауіпсіздікке жауап беретін мекемелердің жариялылық және мейлінше ашықтық жағдайында жоғары үкімет органдарының және жалпы қоғамның бақылауында болуы;
  • Қарулы күштер ұйымдары мен техникамен және нақты әскери қауіптілік қаруларымен қорғаныс жетімділігі ұстанымдары негізінде жабдықталу деңгейінің барабар болуы;
  • Ұлттық қауіпсіздік жүйесін құқықтық мемлекеттің және халықаралық құқық нормаларының ұстанымдарына, ұлттық-тарихи дәстүрлер мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, сәйкестендіре құру.

Осылайша, "ұлттық қауіпсіздіктің" айқындамасы экономикалық қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас құрамдас бөлігі деп түсіндіреді. Сондықтан Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін мемлекеттік-құқықтық қамтамасыз ету диссертациялық зерттеудің пәні болып отыр.

Экономикалық қауіпсіздіктің негізін ұғу үшін, алдымен, қауіпсіздіктің мәнін біліп алған жөн. Қазіргі кезде ғылыми әдебиеттер мен кейбір құжаттарда қауіпсіздік туралы түсініктер біркелкі емес. Қауіпсіздік деп, субъектінің, оған тән, сыртқы ортаға қатысты заттардың параметрлерінің кейбір сапасын орынсыз өзгеру мүмкіндігінің жағдайын айтады. Қауіпсіздік социумның өміршең мүдделері мен оның құрылымының ішкі және сыртқы қатерлерден қорғалуының даму жайы мен тенденциясы.

Аталған анықтамаларда қауіпсіздік объектілері, сондай-ақ олардың ішкі және сыртқы қатерлерден қорғалу қажеттігі көрсетілген. Алайда сонымен қатар, біздің ойымызша, қауіпсіздіктің анықтамасы да, қорғалудың жайы сияқты, нақты емес. Бұдан оның жайы анықталмайды және қорғалу дәрежесі де көрінбейді. Демек, бұндай анықтама нақтылауды қажет етеді.

Экономикалық қауіпсіздік мәселелері, негізінен, батыстың мамандарының қарайтын мәселесі болған. Тіпті қазақстандық және ресейлік зерттеушілер бұл жайды таяуда ғана қарастыра бастаған.

"Экономикалық қауіпсіздік" ұғымын анықтауда оның мазмұнының ел билігінің қатерлі сыртқы экономикалық әсерлерге қарсы тұру қабілетін қамтамасыз ету жайы деп түсіндіргендер көп болды.

Мысалы, Жапонияның сыртқы Сауда және өнеркәсіп министрлігі дайындаған құжатта экономикалық қауіпсіздік жөнінде былай түсінік беріледі: "...экономикалық жағдай халықаралық факторлардың ықпалымен өзінің қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерлерден, ең алдымен, экономикалық құралдар арқылы қорғалуы". XXI ғасырдың басында Жапонияның ұлттық индустриясына төнген қауіптің төрт басты факторлары көрсетілген:

  1. Энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етілу;
  2. Минералды ресурстармен қамтамасыз етілу;
  3. Азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілу;
  4. Теңіз транспортының қауіпсіздігі.

Құжатта, сонымен қатар, Жапонияның сыртқы саяси органдары әрекеттерінің осы факторлардың теріс ықпалын жою жөнінде басты бағыттары көрсетілген.

Осылайша, әңгіме елдің экономикалық қауіпсіздігіне ішкі факторлардың ғана емес, сыртқы факторлардың да ықпалы жайлы.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.