Қазақстан авиация әкімшілігі: Bek Air ұшақтарының бөлшектерін бекітуге скотч қолданылған
ҚР Авиация әкімшілігі Bek Air әуе компаниясына қатысты ұшу талаптарын бұзудың жаңа деректерін анықтады. Компания бұл туралы ешқандай жазба тіркемеген.Қазақстанның авиация әкімшілігінің ұшу қауіпсіздігінің бастығы Линда Орледидің айтуынша, Bek Air ұшақтарын тексеру кезінде инспекторлар қозғалтқыштардан май ағып тұрғанын анықтаған. Әуе компаниясы бұл ақау туралы жасырып қалуға тырысқан.
"Bek Air ұшақтарының 50 пайызының екі қозғалтқышында да ақпараттық тақтайшалары жоқ болып шықты. Техникалық бөлім инженерлерінің міндетіне ұшақтан кез-келген сұйықтықтың ағуын не өзге ақауларды тексеріп, хабарлау кіреді. Бірақ, бұл жұмыс атқарылмаған. Барлық қозғалтқыштардың астынан фюзеляж арқылы май ағып кетпеуі үшін ыдыстар қойғаны белгілі болды. Бұл туралы ешбір құжатта тіркелмеген", – деді Линда Орледи.
Бұған қоса, Bek Air ұшақтарының дөңгелектерінің әбден тозғаны да анықталған. Кей ұшақ шассиінде дөңгелек резеңкелерінің бөліктері жоқ болса, кейбірінде фюзеляждың орталық төменгі бөлігінде жанармайдың аққаны тіркелген. Өзге ақаулар қатарында борттардың жолаушылар отыратын тұсында белгісіз сұйықтықтың ағуы, сондай-ақ, барлық ұшақтағы жүк қоятын орынның еден панелінде тесіктер анықталған. Талап бойынша, тесігі бар әуе кемесінің ұшуы – өрескел қателік.
"Алдыңғы жүк бөлігінің алдындағы оң жақ фюзеляжда қатты зақымдалған тұстары бар ұшақтар да кездесті. Бұл ұшақтың маңызды бөліктерінің бірі болғандықтан, мұндай ақаумен әуеге көтерілуге тыйым салынады. Барлық ақаулар туралы Bek Air компаниясы еш құжатта тіркеу жүргізбеген", – деді Линда Орледи.
Тексеріс кезінде, ұшақтың зақымданған бөлшектері скотчпен жапсырылғаны да белгілі болды. Линда Орледидің айтуынша, мұндайда тек арнайы авиациялық скотчты пайдалануға болады.
Авиация әкімшілігінің басшысы Питер Гриффитстің айтуынша, Bek Air компаниясын тексеру әлі аяқталған жоқ. Әкімшілік тексеру жұмыстарын 26 қаңтарға дейін, ал Көлік прокуратурасы 10 ақпанға дейін жүргізеді.
Bek Air ұшағы апаты туралы барлық материалдарды осы жерден оқуға болады.